Алматы облысында 219 жас шағын несиеге өтінім берді


Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова жастарға арналған шағын несие беру және өзгертілген жаңа әлеуметтік кодекс туралы
өңірлік коммуникация қызметінің баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Әлеуметтік кодекс аясында 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мына түрлері орта есеппен 14,5%-ке артады:
мүгедектік бойынша;
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша;
арнайы әлеуметтік жәрдемақылар және т.б
Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша 37 млрд теңге бөлініп отыр.
Сондай-ақ. «Алтын алқа», «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған, яғни 7 және одан да көп баланы өмірге әкеліп тәрбиелеген аналардың жәрдемақысы 7,4 АЕК-ке дейін немесе 2023 жылы 25 530 теңгеге дейін көтеріледі.
Бұдан бөлек, 1 шілдеден бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдер 14,5%-ке өседі. Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.
“Әлеуметтік желілерде, мемлекеттік органдардың сайттарында, газеттерде тиісті мақалалар орналастыра отырып, БАҚ-та ақпараттық жұмыс жүргізілді. Халық жаңа Әлеуметтік кодекстің нормаларын оң қабылдағанын атап өткім келеді”,-дейді Айгүл Ахметова
Қазіргі таңда жыл сайын 300 мыңнан астам жас еңбекжасына жетеді. Бүгінгі күні жастар жұмыспен қамтылғандардың 60 %-н құраса, ал 2030 жылға қарай олар барлық жұмыс күшінің 80 %-нан асады.
Алматы облысында биыл жастар үшін 375 микрокредит беру жоспарланған. Аталған шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз ісін ашу немесе кеңейту мақсатында беріледі . Биыл бұл шараға 29 млрд теңге бөлінді.
5 жылдан аспайтын мерзімге берілетін несиені жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жандарға беріледі. Мұндағы шағын несиенің ең жоғарғы сомасы 5 млн теңге болмақ. Айта кету керек, қалыпты жағдайда шағын несие 5 жылға беріледі, егер мал шарушылығымен айналысатын болса, онда несиені өтеу мерзімі 7 жылды құрамақ.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылына 2,5 пайыздан аспайтын болады.
«Жобаға қатысушылар «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға өтінім береді. Кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт болып табылады. Кепілге жылжымалы және жылжымайтын мүлік қабылданады. Несие алушыға ата-анасы, туыстары кепілгер бола алады. Қатысушылар толық ақпаратты 5353 колл-орталығына хабарласып білуіне болады.
Жалпы, жастардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына мүмкіндік беруге арналған шағын несие арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі, Комиссия кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен, мәслихат депутаттарынан, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан, бизнес өкілдерінен, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарынан және т.б. тұрады.
Спикердің айтуынша, Алматы облысы бойынша Агрокредиттік корпорацияға 219 өтініш келіп түскен. Бизнес-жобаларды қарау жөніндегі комиссия отырыстарында 104 жоба мақұлданды. Қалған жобалар Агрокредиттік корпорацияда қарау және бағалау сатысында, сондай-ақ конкурстық комиссияны күтуде.
Естеріңізге саламыз, Мемлекет басшысының жастарды қаржыландырудың жаңа құралын ұсыну жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылдан жастарды шағын несиелендіру жөніндегі жобаны іске қосқан еді. Жоба жергілікті атқарушы органдар арқылы іске асырылуда.

Мәліметпен бөлісу: