2023 жылғы 15 мамырдан бастап Қазақстанда қарыздар мен микрокредиттер бойынша ЖТСМ ресімдеудің жаңа қағидалары қолданылады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер мен микроқаржы ұйымдарын кредиттік шарттарда және өздерінің кредиттік өнімдерін жарнамалау кезінде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) номиналды сыйақы мөлшерлемесімен бірдей ресімдеп көрсетуге міндеттеді.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту және қарыз алушыларға банктік қарыздар мен салымдар, сондай-ақ микрокредиттер бойынша толық құны туралы ақпаратты дұрыс беру үшін ағымдағы жылғы 20 ақпанда реттеуші екі қаулы қабылдады. Бұл Агенттіктің «Берілетін микрокредиттер бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 26 қарашадағы № 208 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» №7 қаулысы және «Қарыздар мен салымдар бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы
26 наурыздағы № 137 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» № 8 қаулысы. Бұл құжаттар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Осылайша, банктер мен МҚҰ шарттарда және өз жарнамаларында жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін және номиналды сыйақы мөлшерлемесін көрсеткен кезде олардың қаріп мөлшері мен стилі бойынша бірдей ресімделуін ұстануға тиіс.

Қаулыларда банктер мен МҚҰ:

— қызметтер бойынша сыйақы шамасы туралы ақпаратты тарату, оның ішінде оны жариялау кезінде;

— клиенттермен жасалатын, компьютерлік техника құрылғыларының көмегімен жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі басқа сыйақы мөлшерлемелерімен бір сөйлемде басып шығарылатын шартта цифрмен ЖТСМ-ді мөлшері мен ресімделу стилі (курсив, қою, түспен белгілеу) бойынша басқа сыйақы мөлшерлемелерімен бірдей көрсететіні айтылған. Егер жалпы шарттар шартта кесте түрінде көрсетілсе, ЖТСМ басқа мөлшерлемелер көрсетілгеннен кейін келесі жеке жолда (бағанда) көрсетіледі.

ЖТСМ номиналды сыйақы мөлшерлемесінен несімен ерекшеленеді?

Қарыз алушы кредит алу қарыз сомасын, есептелген сыйақыны (номиналды мөлшерлемені) қайтарумен ғана емес, сондай-ақ қарызға қызмет көрсетуге байланысты өзге де комиссияларды, төлемдерді төлеумен де байланысты екенін түсінуі қажет

ЖТСМ –  бұл банк пен МҚҰ қызметтері бойынша сенімді, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі (нақты құны) сыйақы мөлшерлемесі, оған қарызды беруге және қызмет көрсетуге байланысты барлық комиссиялардан, төлемдерден, яғни кредит бойынша артық төлемнің нақты көрсеткішінен тұрады.

Номиналды мөлшерлеме — бұл комиссиялар мен басқа төлемдерді есепке алмағанда, қарызды пайдаланғаны үшін ай сайынғы сыйақы есептелетін мөлшерлеме.

Сондықтан ЖТСМ банктің кредит бойынша сыйақысын (пайыздарды) ғана емес, сонымен қатар қарызды беруге және қызмет көрсетуге байланысты барлық басқа комиссияларды, төлемдерді ескеретін негізгі мөлшерлеме болып табылады.

Осыған байланысты тек пайыздарды (банктің сыйақысын) ғана ескеретін номиналды пайыздық мөлшерлемеге емес, ЖТСМ-ға назар аудару қажет.

2011 жылдан бастап ЖТСМ банктік қарыздар мен микрокредиттердің барлық түрі бойынша бірыңғай болып, 56%-ды құрады.

 ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 15 наурыздағы қаулысы қабылданғаннан кейін банктік қарыздар бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелері былайша сараланды:

  • кепілсіз банктік қарыздар бойынша ЖТСМ шекті мәні 56% деңгейінде сақталды;
  • кепілді банктік қарыздар бойынша ЖТСМ-нің шекті мәні 56%-дан 40%-ға дейін азайтылды;
  • ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖТСМ-нің шекті мәні 56%-дан 25%-ға дейін азайтылды;
  • микрокредиттер (кепілді және кепілсіз) ЖТСМ-нің шекті мәні  56% деңгейінде сақталды;
  • 45 күнге дейінгі мерзімге және 50 АЕК-ке дейінгі сомаға берілетін кепілді микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәні 30%-дан 20%-ға дейін азайтылды.

Қол қоймас бұрын кредит шартын мұқият оқып шығыңыз, ЖТСМ-нің мөлшеріне назар аударыңыз және Fingramota.kz-пен қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

Мәліметпен бөлісу: