Ана тілін қадірлеп ұстайтын ұлттың болашағы жарқын. Себебі, тіл қай елде, жерде болмасын ең қасиетті де қастерлі. Тіл — әрбір тәуелсіз елдің мақтанышы, абыройы.
Қазақ тілі — Республикамыздың мемлекеттік тілі. Кез келген тіл — адам өмірінің философиясын, оның құндылықтар жүйесін, мінез — құлық стилін, ойлау бейнесін қалыптастыратын мәдени код. Қазақ тілі ежелгі мәдениеттің барлық байлығын сақтаушы ғана емес, сонымен қатар қазіргі қазақстандық тілдік көпэтникалық ортаның өзегі болып табылады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап елімізде бүкіл Қазақстан халқының мүдделерін ескеретін үйлесімді тіл саясаты жүргізілуде.
Ендеше, елімізде жүргізілетін іс — шаралар, құжаттар, қағаздар міндетті түрде мемлекеттік тілде болуы қажет. Әрбір адам өз ана тілінде сөйлеуге міндетті. Себебі — әрбір тіл — бұл бүкіл адамзаттың рухани мұрасының бір бөлігі, ал әрбір мәдениет — бұл әлемдік өркениетке баға жетпес үлес. Тілдердің, мәдениеттердің бірлігі — егеменді республиканың қуаты,
Біз Отанымызды,Тәуелсіз Қазақстанымызды, қасиетті де қастерлі мекенімізді, байлыққа, қазынаға толы жерімізді, ең бас-тысы болашағы айқын, келешегі жарқын қазақ тілімізді мақтан етеміз керек.
Біздің бойымызға бір Алланың құдіретімен ана сүті арқылы дарыған қазақ тілі – ол менің және менің ұлтымның тілі. Біздің қазақ тілі — шексіз бай, шұрайлы, сазды, әдемі әуезді тіл. Сондықтан оған деген сүйіспеншілігіміз күннен – күнге арта түседі.
Ұлттың ұлт екенін білдіретін ол тілі мен діні, салт — дәстүрі мен әдет — ғұрпы. Осынау кең — байтақ даланы мекендеген қазақ елінің тілі – ол қазақ тілі. Қазақ тілі – ұлттың жаны. Демек, әр қазақ өз тілін көзінің қарашығындай сақтауы керек.
Қазір біз заманауи қазақ елінде тұрамыз. Ақпарат құралдарының, технологиялардың дамыған кезеңі. Бұл – біздің үнімізді, рухани байлығымызды бүкіл әлемге танытуға мол мүмкіндік. Тек таза сөйлеп, айтатын ойымызды жоғары дәрежеде мағыналы шебер жеткізе алсақ болғаны. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та, жазсақ та таусылмақ емес. Адамзаттың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл – тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы.
Ана тілі туралы ойымды қорыта келе айтарым, дүниеде адам болып қалуың үшін өз тіліңнің болғаны абзал. Сол тілде сөйлеп, сол тілде ойлап, бар ынта — ықыласымен, жүрегіңмен ұлтыңа қызмет ету – сенің жеткен басты жетістігің болып қалады. Себебі, ол атадан балаға сақталатын киелі мұра. Тіл — баға жетпес қазына. Демек, әр ұлт, әр азамат өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауы тиіс деп білемін.
Торғын ШЕРМҰХАНОВА,
аудандық «Тіл» оқу — әдістемелік орталығының меңгерушісі.