КЕЗДЕЙСОҚ РЕФОРМА ЕМЕС

Биылғы сайлаудың басты ерекшелігі ретінде өзін-өзі ұсынy жолымен депутат болу мүмкіндігінің қарастырылуын айтуға болады. Депутат­тарды осы күнге дейін партиялық тізіммен сайлап келсек, ендігі жерде Парламент Мәжілісінің 30%-ы (29 депутат), облыстық, републикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы мәслихаттардың 50%-ы (334 депутат), сондай-ақ, аудандық (166) және қалалық (37) мәслихаттардың 100% корпусы (барлығы 3415 депутат) бірмандаттық округтер бойынша мажоритарлық жүйемен анықталады.

Бұл еліміз бойынша үлкен саяси дүмпу тудырып, көптеген азаматтар сайлаудан бағын сынауға талпынуда. Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаттығына Астана қаласы бойынша 1 орынға 63 үміткер құжат тапсырған. Жетісу облысы бойынша 18 азамат тіркелді. Ірі қалаларда немесе өңірлерде болсын бұрын-соңды болмаған үлкен көрсеткіш. Мұны саяси белсенділіктің жарқын үлгісі деуге болады. Жергілікті мәслихаттарға да қызығушылық жоғары. Сондықтан биыл елді тұтастай елең еткізетін сайлау өтетіні анық.

Бірмандатты сайлау округтерінен сайлауға түсу дегеніміз тек өзін-өзі ұсынатындар ғана қатысады дегенді білдірмейді.: «Құдай берді, парти­ялар қатыса алмайды, таза өз арамыздан шыққан азаматтарды сайлап аламыз», – деп жаңсақ түсініп жүргендер де бар. Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер бірмандатты округтер бойынша өз кандидатын шығара алатыны сайлау туралы заңнамада нақты бекітілген. Сондықтан партия ешқандай деңгейдегі сайлаудан шеттетілген жоқ. Керісінше елге белгілі тұлғалар партия атынан бірмандатты округтерден сайлауға түсіп отыр. Саяси партиялардың бірмандатты округтерден кандидат шығаруын құптамаймын, өйткені халықтың партияға сенімі әлсіз, бірақ мұндай шектеу құқықтың формальді теңдік принципіне қайшы.

Сайлау құқығы бар азаматтар жалпыға бірдей тең және төте сайлау құқығының негізінде құпия түрде депутаттар мен партиялық тізімге дау­ыс беріледі. 12 миллионнан астам сайлаушы бар Қазақстан бойынша биыл аралас сайлау жүйесі қолданылып отыр. Соған орай, Парламент Мәжілісінің 70%-ы және облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана қаласы мәслихаттарының 50%-ы партиялық тізіммен, қалған бөлігі бірмандаттық округтерден өзін-өзі ұсынған азаматтармен қалыптасады. Одан бөлек, 7 партия сайлауға қатысып отырғанын еске­руге тиіспіз. Осыған орай облыс тұрғыны 5 сайлау бюллетені бойынша дауыс береді. Оның біріншісі – Парламент Мәжілісінің депутаттық ман­датына таласып отырған партияға, екіншісі – Парламент Мәжілісіне бір- мандаттық округтер бойынша түсіп отырған өзін-өзі ұсынушы үміткерге, үшіншісі – облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен Аста­на қаласы мәслихаттарының депутаттық мандатына таласып отырған партияға, төртіншісі – облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана қаласының мәслихаттарына бір- мандаттық округтер бой­ынша түсіп отырған өзін-өзі ұсынушы үміткерге, бесіншісі – аудандық және қалалық мәслихаттарға бір- мандаттық округтер бойынша түсіп отырған өзін-өзі ұсынушы үміткерге арналады.

Ауданда не облыс орталығында тұратын сайлаушы, орта есеп­пен таңдауын жасау үшін кемінде 240 беттік 14 партиялық және 66 жекелеген үміткерлердің сайлауалды бағдарламасымен, жал­пы саны 81 сайланушының үгіт-насихат материалдарымен танысуы қажет. Бұл сайлаушының ерікті таңдауын – мемлекеттік емтиханға айналдырып жібермей ме деген заңды сұрақ туады. Президент тек Парламент Мәжілісінің сайлауын 19 наурызға тағайындады, ал мәслихат депутаттарының сайлау күнін анықтауды Орталық сайлау комиссиясының анықтауына қалдырған еді. Меніңше, деңгейлеріне қарай бөліп, сайлауды 3 күнге қою арқылы өткізуге болар еді. Алайда, бұл ретте сайлауға жұмсалатын шығын артады. Егер цифрлық сайлау­ды айналымға енгізгенімізде, бұл мәселенің шешілуі жеңілдей түсер ме еді?!

Енді бірмандаттық сайлау жүйесінің тиімділігіне тоқталсақ, бірнеше мәселенің шешімін көруге болады. Ең алдымен халықтың саяси белсенділігін қалыптастырады. Азаматтар мемлекет ісін басқаруға қатысып, елдің болашағына бей-жай қарамайтын болады. Бізге демо­кратияны сырттан келіп біреу орнатып бермейді. Халық өзі белсенді болып, билікті қолына алуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдыға қойып отырған міндеті де осы. Екіншіден, бірмандаттық округтер бойынша түскен үміткерлер партияға да қамшы салып, сая­си бәсекелестікті дамытады. Алайда парламенттік көпшілік бәрібір партиялардың қолында болатындықтан, мұны шешуші саяси күш деп айта алмаймыз. Партиялар негізгі саяси ойыншы ретінде қала береді. Үшіншіден, депутаттар тікелей сайлаушы алдында жауапты болады. Кез келген уақытта оны қайта шақырып алу мәселесі заңда көрсетілген. Бұл бірмандатты округ бойынша сайланған депутатқа жауаптылықпен бірге саяси еркіндік береді.

Партиялық тізіммен өткен депутаттар көп ретте партияның бағыты мен бағдарламасына қызмет етеді. Сондықтан «ішкі саяси цензура» болады. Ал бірмандаттық округтен өткен депутаттың еркіндігі мол. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожасы жоқ». Бастысы, сайлаушылардың мүддесіне сай жұмыс істесе, нәтиже көрсетсе болды. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, партия – негізгі саяси күш, алайда қазіргі жағдайы оны ширатуды, жетілдіре түсуді қажет етіп отыр.

Заңда Парламент Мәжілісіне үміткерлер жалақының 15 төменгі мөлшерін (1 млн. 50 мың тг.) ал мәслихаттарға түсіп жатқандар 5 төменгі мөлшерін (350 мың тг.) жарна ретінде енгізеді. Егер үміткер сайлауға қатысқандардың 5%-нан кем дауыс жинаса, енгізген жар­насы қайтарылмайды. Мұндай талап – сайлауға қалай болса солай қарамаудың, немкеттіліктің алдын алуы тиіс. Сондай-ақ, қалтаны соғатын тым қымбат сома да болмауы қажет. Меніңше, елдегі тәжірибе жеткілікті. Үміткер қайтыс болған жағдайда, оның жақындары енгізген соманы қайтарып ала алады.

Сайлау жүйесіне жүргізілген мұндай реформа қоғамда үлкен қызығушылық тудырып отыр. Маған ауылдың қарапайым жаста­ры хабарласып, «қатыссам қалай болады?» деп заңдық тұрғыдан кеңес сұрауда. Бұл өте жағымды үрдіс. Депутат болу қолжетімді құбылыс ретінде қаралып отыр. Парламентке, сондай-ақ жергілікті мәслихаттарға партиялар келетін болады. Парламенттік азшылықты құраса да, партиялардың көбеюі саяси жүйеге оң өзгеріс алып келеді. Ықпалды парламент құруға құқықтық негіз қаланды, енді соны әділ сайлау өткізіп, саяси болмысын тұрғызсақ, «Екінші Республиканың» ең үлкен жетістігі осы болмақ.

Шындығын айтуға тиіспіз, осыдан екі жыл бұрын, тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі елімізде осындай ірі өзгерістер жүреді деп жобаламаған шығар. Қаңтар оқиғасы саяси бетбұрыс жасауға алып келді. Былтырғы 5 маусымдағы референдум – Жаңа Қазақстанның қайнар бастауы десек болады. Сонымен қатар, Қ. Тоқаевтың президент болып сайлана сала «құлақ асатын мемлекетті» негізге алуы елімізде жүріп жатқан демократиялық реформалардың кездейсоқ еместігін де көрсетеді.

Қазыбек ДӘУІТӘЛИЕВ,

заң ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы.

Мәліметпен бөлісу: