Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жыл Балалар жылы болып бекітілген еді. Биылғы балалар жылы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі Жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды. Бала 18 жасқа толғанға дейін баланың есепшотына аударылатын болады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасқа толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалмақ. Бұл қаражат өскелең ұрпақ үлкен өмірге қадам басқан тұста қаржылай қиындықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асыра бастауды тапсырды. Бағдарламаны іске асыруға жауапты органдар 2023 жылы жобаны іске қосудың барлық тетігі егжей-тегжейлі талқыланып, оның ішінде төлем тәртібін қоса алғанда, ҚР заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін айтып отыр.