Автокөлікті сақтандырудағы сақтандыру жағдайын реттеу туралы нені білуіңіз керек?

2022 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстанда қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер қабылданды, оның шеңберінде қазақстандық автокөлік иелері үшін жаңа норма көзделген, атап айтқанда – 2024 жылға қарай сақтандыру қызметін цифрландыру. Бірыңғай сақтандыру дерекқорында тіркелетін құжаттар топтамасын қалыптастырудан бастап сақтандырушының шешімін төлеуге не шағымдануға дейінгі сақтандыру жағдайын онлайн-реттеу енгізіледі.

Сақтандыру заңнамасындағы осы жаңалығы нені көздейтінін, сондай-ақ сақтандыру төлемін алу тәртібі туралы нені білу қажет екенін Fingramota.kz толығырақ айтып береді.

Өздеріңіз білетіндей, автокөлік иелері өз жауапкершілігін көлік оқиғасы, оның ішінде жол-көлік оқиғасы (ЖКО) салдарынан үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне зиян келтіруден міндетті түрде сақтандыруы қажет. Бұл талап «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңы шеңберінде (бұдан әрі – Заң) белгіленген.

Егер ЖКО орын алса, сақтандыру компаниясы жәбірленушіге (пайда алушыға) нақты залалды өтейді, алайда ол Заңда белгіленген жауапкершілік лимитінен аспайды.

Қабылданған жаңалықтар нені көздейді?

ЖКО туындаған жағдайда, мысалы, сақтандыру полисін ресімдеген автокөлік иелері сақтандыру жағдайын онлайн реттей алады.

Заңда сондай-ақ, 2024 жылға қарай міндетті автосақтандыру шарты бойынша сақтандыру қызметін көрсетудің барлық процесі: шарт жасалған сәттен бастап сақтандыру төлемін алғанға дейін цифрландырылуға тиіс. Бұл жағдайда барлық рәсім мүмкіндігінше қарапайым және айқын болуға тиіс.

Мысалы, бүгінгі таңда клиент бір рет басу арқылы автосақтандыру шартын жасай алады. Ол үшін көлік иесінің және оның көлігінің деректерін толтырудың қажеті жоқ. Бұл ақпараттың барлығы ҚР Әділет министрлігі мен ҚР Ішкі істер министрлігінің Мемлекеттік дерекқорларымен біріктірілген Бірыңғай сақтандыру дерекқорында бар. Бұл опция автокөлікті сақтандыру шартын жасасу кезінде клиенттің уақытын едәуір үнемдейді.

Жаңалыққа сәйкес сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру компаниясының клиенті сақтандырушының кеңсесіне бармай-ақ сақтандырушының сайтында төлем алуға өтініш бере алады. Сақтандыру жағдайын реттеу процесінің барлық кезеңдері, құжаттар топтамасын қалыптастырудан бастап сақтандырушының шешімін төлеуге немесе шағымдануға дейін Бірыңғай сақтандыру дерекқорында тіркелетін болады.

Сондай-ақ қабылданған өзгерістермен мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалана отырып міндетті автосақтандыруда залалды бағалау жүйесін жетілдіру және автоматтандыру көзделген.

Ескерту: сақтандыру шарты сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін оқиға сақтандыру жағдайы болып саналады.

Заңда автокөлік иелерінің жауапкершілігін сақтандыру мәселелеріне баса назар аударылғанын айта кеткен жөн, өйткені бұл міндетті және жаппай сақтандыру сыныбы. Мәселен, заңнамалық өзгерістерде міндетті автосақтандыру бойынша икемді тарифтеу тетігін енгізу де көзделген. Қазіргі уақытта сақтандырудың осы түрі бойынша полистер 2007 жылы заңда белгіленген және сол уақыттан бері өзгермеген сақтандыру тарифтерін ескере отырып жазылады. Бұл ретте оның шығындылығына жасалған талдау апаттылық пен шығындылық көрсеткіштерінің Қазақстанның өңірлері бойынша көрсеткіштерден едәуір басқаша екенін көрсетеді.

Осыны ескере отырып, жаңалықтармен икемді тарифтеу жүйесіне көшуді белгілейді, яғни тарифтер жыл сайын ел өңірлерінің нақты шығынын ескере отырып қайта қаралатын болады. Яғни, Қазақстанның әрбір қаласында немесе облысында сақтандыру полисіне тарифтер әр түрлі болады және өңірлердің нақты шығынын ескере отырып, жыл сайын жаңартылатын болады. Бұл тетік жүргізушілердің жүргізу стажы мен апатты жағдай жиілігін ескере отырып, жеңілдіктер мен үстемеақылардың ағымдағы жүйесін жыл сайын жаңартуды қамтиды. Бұл шығындылық көрсеткіші төмен өңірлерде міндетті автосақтандыру бойынша тарифтердің төмендеуіне әкеледі.

Заңнамада сондай-ақ 2024 жылдан бастап автомобиль иелерінің жол-көлік оқиғаларының болмашы салдарынан өздерінің көлік құралдарына келтірілген залал үшін сақтандыру төлемдерін алуын жеңілдететін «Еурохаттама» жүйесін енгізу көзделген. Көлік оқиғасына қатысушылар болған жағдайдың мән-жайларын және мүлікке келтірілген зиян мөлшерін бағалаған кезде өзара келісім бойынша, егер залалдың болжамды мөлшері 50 (елу) АЕК-тен аспаса және оған қол қойып, оны ресімдеу үшін жақын жердегі постқа немесе ішкі істер органдарының бөлімшесіне барып, оқиғаның сызбасын дербес жасауға құқылы. Бұл опция екі қатысушыдан аспайтын көлік оқиғасы кезінде және ЖКО қатысушыларының өмірі мен денсаулығына зиян келтірілмеген жағдайда өзекті. Бұл ішкі істер органдары мен сақтандыру ұйымы өкілдерінің келуін күтпей-ақ оқиғаны өз бетінше реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай тәртіп сот шешімін күтпестен сақтандыру төлемін алуға арналған өтінімді  онлайн ресімдеуге мүмкіндік береді.

Көлік иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру кезінде сақтандыру өтемақысын өтеу туралы

Заңға сәйкес ЖКО орын алған жағдайда, сақтандыру ұйымы жәбірленушілерге келтірілген залалды төмендегі мөлшерлерде өтеп береді:

  • бір жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зиян – іс жүзіндегі шығын мөлшерінде, бірақ 600 АЕК-тен аспайды;
  • мүгедектік берілмейтін мертігу, жарақат не денсаулыққа өзге де зақым келтіру – 300 АЕК-тен аспайды;
  • әрбір жәбірленушінің қайтыс болуы – 2 000 АЕК мөлшеріндегі біржолғы төлем.

 Кенеттен сақтандыру жағдайына тап болсаңыз, тағы не білуіңіз керек?

Мәселен, Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңға сәйкес жәбірленуші қайтыс болған жағдайда, сақтандыру төлемі бір рет төленеді. Сақтандыру төлемін заңнамаға сәйкес асырауындағы адамдар болған кезде жәбірленушінің қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамдар ала алады.

Мысалы, егер ЖКО салдарынан жәбірленушінің қайтыс болуына алып келген, өміріне, денсаулығына зиян келтірілсе, онда оның асырауындағы адамдарда (оның асырауындағы балалары немесе туыстары, ҚР заңдарына сәйкес жәбірленушінің қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамдар) біржолғы төлем алу құқығы бар. Бұл тәртіп жаңа норма болып табылмайды, алайда бұл туралы азаматтардың барлығы хабардар емес. Осыған байланысты көптеген жағдайда жәбірленушінің жақын туыстары сақтандыру компаниясына сақтандыру төлемін өтеу туралы осындай өтінішпен ешқашан жүгінбейді немесе сирек жүгінеді.

Сақ болыңыз, өйткені белгілі мөлшердегі сыйақы үшін компаниядан сақтандыру төлемін алуға жәрдемдесуді ұсынатын «сақтандыру» делдалдары бар. Делдалдар өз қызметтері үшін сақтандыру төлемінің 50 %-на дейін сыйақы талап етулері мүмкін. Сақтандыру төлемін алу үшін бөгде адамдарды тартудың қажеті жоқ екенін атап өтеміз, өйткені Сіз сақтандыру компаниясына өз бетіңізше жүгініп, тиісті өтемақы ала аласыз

Қайтыс болған адамның жақындарына сақтандыру төлемін алу тәртібі

Сақтандыру төлемін алу процесі қиын емес, ол сақтандырушыға жүгінген барлық адамдар үшін айтарлықтай ашық.

ЖКО салдарынан қайтыс болған адамның жақындарына сақтандыру өтемақысын алу үшін бірінші кезекте сақтандыру компаниясына жазбаша нысанда не сақтандырушының интернет-ресурсы арқылы мынадай құжаттарды қоса бере отырып өтініш беру қажет:

  • сақтандыру жағдайының басталу фактісін және жәбірленушіге келтірілген зиянның мөлшерін растайтын құжат; жәбірленушінің қайтыс болғаны туралы куәліктің немесе хабарламаның көшірмесі (нотариат куәландырған).
  • зиянның алдын алу немесе мөлшерін азайту жөнінде шаралар қабылдауға байланысты шығыстарды растайтын құжат (бар болса).

Сондай-ақ, сақтандырушы қол жеткізе алатын мемлекеттік органдардың дерекқорларындағы және (немесе) ақпараттық жүйелеріндегі электрондық нысандағы құжаттарды қоспағанда, сақтандырушы өтініш берушіден сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттардың түпнұсқаларын талап етуге құқылы екенін түсіну маңызды.

Бұл ретте өмірге, денсаулыққа зиян келтірілген сақтандыру жағдайлары бойынша талап қою мерзімі жоқ.

Білген жөн! Қайтыс болған адамның өкілінен жазбаша өтініш қоса берілген барлық қажетті құжаттарды алған кезде сақтандырушы өтініш берушіге ұсынылған құжаттардың толық тізбесін және олардың қабылданған күнін көрсете отырып анықтама беруге міндетті.

Сақтандырушы сақтандыру төлемін «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заңында көзделген құжаттарды алған күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей төлейді.

Сондай-ақ, қаржы реттеушісі Автокөлік иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңға өзгерістер енгізгенін, онда сақтандырушы адам шығыны болған ЖКО жағдайында қайтыс болған адамның сақтандыру төлемін жүзеге асыру мақсатында, оның пайда алушыларын айқындау шараларын қабылдауға міндеттемесі бар екенін атап өткен жөн. Ол үшін сақтандыру компанияларына тиісті мемлекеттік органдардан деректермен алмасу тетігі арқылы қажетті мәліметтерді алуға мүмкіндік беру жоспарлануда.

 Осылайша, бұл қайтыс болған адамның асырауындағы адамдардың сақтандыру өтемақысын алу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді, бұл сақтандыру компаниясының міндеті болып табылады, онда сақтандыру төлемдерін өтеу процесін сақтандыру ұйымдары тікелей қайтыс болған адамның туыстарына жүзеге асырады.

Өзіңізге, жақындарыңызға қамқорлық жасаңыз және қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-мен бірге арттырыңыз !

Мәліметпен бөлісу: