Соңғы жылдары Қазақстанның қаржы институттары өз процестеріне заманауи технологияларды белсенді енгізуде.
Fingramota.kz финтех (FinTech) деген не және оның келуімен қазақстандықтардың өмірі қалай өзгеруде, сондай-ақ алаяқтардан өзін сақтау үшін неге назар аудару қажеттігі туралы айтып береді.
Қаржылық технологияларға (FinTech) Big Data, жасанды интеллект, роботтандыру, биометрия және басқалары жатады.
«Үлкен деректер» немесе Big Data
Бұл құрал клиент туралы ең толық ақпаратты жинау, сондай-ақ барлық маңызды факторларды талдау және дұрыс шешім қабылдау, болжамдар жасау және статистика жүргізу үшін жүздеген және мыңдаған дереккөздерін талдау үшін пайдаланылады. «Үлкен деректерге» интернет, оның ішінде әлеуметтік желілер мен блогтар; компаниялардың деректері (транзакциялар, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге тапсырыс беру, таксимен және каршерингпен жүру, клиенттер профильдері), әр түрлі статистика және т.б. сияқты дереккөздері кіреді. Барлық деректі сақтау үшін мықты серверлері бар арнайы дата-орталықтар, сондай-ақ бұлтты сақтау орындары, «деректер көлдері» және Hadoop – таратылған есептеу бағдарламаларын әзірлеуге және орындауға арналған утилиттер жиынтығынан тұратын фреймворк пайдаланылады.
Қаржылық қызметтерді онлайн, оның ішінде микрокредиттеуде, сақтандыруда және т.б. көрсету кезінде Big Data адамның төлем қабілеттілігін бағалап қана қоймай, оның жеке басын қашықтан отырып идентификаттауға, құжаттарын онлайн тексеруге мүмкіндік береді. Компаниялар базасында жүздеген мың клиент туралы ақпарат сақталуы мүмкін және әрбір жаңа өтінім көптеген факторлар ескеріле отырып және талдау негізінде дайын шешім шығара отырып, жүздеген өлшемшарттар бойынша осы деректер негізінде талданады.
Қандай қауіп бар?
«Үлкен деректерді» жинау көбінесе құпиялылық мәселесімен байланысты: сіздің әрбір әрекетіңіз бақыланады және бұл деректер үшінші тұлғаларға берілуі мүмкін. Жеке деректеріңізді ешқашан интернетте, әсіресе, сауалнама толтыру, құпиясөзді, бір реттік SMS-кодты беру не есте сақтау туралы және т.б. өтініш жасалатын әлеуметтік желілерде жарияламаңыз. Сіздің деректеріңізді алаяқтар пайдаланбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Жасанды интеллект (artificial intelligence)
Бұл – ірі компанияларда, оның ішінде қаржы секторында белсенді түрде қолданылатын тағы бір технология. Бұл – белгілі бір тапсырмаларды орындау үшін адамның жасағаны сияқты іс-әрекет жасай алатын жүйе. Сондай-ақ ол адамның іс-әрекетін зерттеуге және алынған ақпаратты қолдана отырып, біртіндеп үйренуге қабілетті. Мысалы, жасанды интеллектіге жолдардағы бейнебақылау камераларын, көпшіліктің ішінен қылмыскерлерді іздеп табатын метродағы және әуежайлардағы қауіпсіздік жүйелерін жатқызуға болады.
Машиналық оқыту – оқуға қабілетті алгоритмдерді құру әдістерін зерттейтін жасанды интеллект бөлімі. Екі бағыт та адамның көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде қаржылық қызметтерді алу процесіне қатысуын барынша азайтуға бағытталған. Сан алуан чат-боттардың, виртуалды көмекшілердің пайда болуы, жарнаманың дербестендірілуі – жасанды интеллект жұмысының нәтижесі. Машиналық оқыту арқылы жасанды интеллект деректерді талдай алады, ақпаратты есте сақтайды, болжамдар жасайды, дайын модельдерді іске қосады және ұсынылған нұсқалардың ішінен ең қолайлысын таңдай алады. Маркетингте және электрондық коммерцияда машиналық оқыту сервистер мен қосымшаларды олар жеке ұсынымдар бере алатындай етіп баптауға көмектеседі. Инвестициялар саласында машиналық оқыту базасындағы алгоритмдер нарықты талдайды, жаңалықтарды қадағалайды және дәл қазір сатып алуға тиімді активтерді таңдайды.
Қандай қауіп бар?
Жасанды интеллект технологиясы қолданылатын алаяқтық түрі бар, ол өмірде жоқ адамдарды бар қылып көрсетуге немесе жалған бейне жасауға, кез-келген дауысты, ым-ишараны қолдан жасауға, адамның ешқашан айтпаған сөздерін сөйлеген сөзіне қосуға мүмкіндік береді.
Дипфейктер – бұл жасанды интеллектінің көмегімен өңделген фотолар, бейне немесе аудио жазбалар. Алаяқтар көп жағдайда өз «өнімдерінің» сапасына, ол бейне, фото немесе аудио өнім болмасын, жіті көңіл бөлмейді. Сол себепті адамның көзін бір түрлі ашып-жұмуы, қисынсыз сөздері, аздап тұтығып сөйлеуі немесе робот сияқты сөйлеу мәнері күдік туғызуға тиіс. Сізге жасанды болып көрінген нәрсенің барлығына күдікпен қарау қажет.
Robotic process automation (RPA)
Роботтандыру – роботтар мен компьютерлік бағдарламаларды қолдана отырып, процестерді автоматтандыру. Қаржы ұйымдарында роботтандыруды пайдалану клиенттерден өтінімдерді қабылдау уақытын, клиенттердің тәуекелдерін бағалау процедураларын, деректерді өңдеу уақытын және қателер санын айтарлықтай қысқартады, осылайша өнімділікті арттырады. Сондай-ақ, бұл технология дауыс беретін роботқа белгілі бір сценарийлер немесе аудио жазбалар бойынша әңгімелесушілермен сөйлесуге мүмкіндік береді, мысалы, оларды call-орталықтардың немесе онлайн-чаттардың жұмысында пайдалануға болады.
Қандай қауіп бар?
Алаяқтар телефон қоңырауларын шалу кезінде роботтандыруды (дауыс беретін роботтарды) қолдануды да үйренді. Алаяқтар аңыз айтып, әңгімелесушіні оған сендіріп, дербес және төлем деректерін хабарлауға мәжбүрлейді, содан кейін банктік шотындағы ақшаны түгел алады не өздерінің пайдакүнемдік мақсаттарында пайдалану үшін «жәбірленушінің» даусын жазып алады. Дауыс беретін роботты тану қиындық туғызбайды. Тек оған сенбеңіз, әңгімені бірден тоқтатып, нөмірді бұғаттаңыз.
Биометриялық сәйкестендіргіштер (биометрия)
Бұл термин пайдаланушыны биометриялық деректер (саусақ ізі, көздің торлы қабығы, бет бейнесі және т.б.) арқылы тануға мүмкіндік беретін технологияларды біріктіреді. Биометрия рәсімі әдетте үш кезеңде жүзеге асырылады: алдымен электронды-талдамалық құрылғы ұсынылған биометриялық ақпаратты оқиды, содан кейін алынған сигнал өңделеді және соңында дерекқорынан алынған үлгімен салыстыру жасалады. Егер көрсеткіштер сәйкес келсе, онда электронды-талдамалық құрылғы ұсынушыны ресурсты пайдалануға қол жеткізу құқығымен иесі деп таниды.
Банктер клиенттердің биометриялық деректерін екі бағытта: клиенттерге қызмет көрсетудің ыңғайлы әрі жылдам болуы, сондай-ақ қауіпсіздікті арттыру үшін жинайды. Бұл жүйе банк клиенттеріне қашықтан бейне сәйкестендіру арқылы кеңсеге бармай қызмет алуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда биометрия адамды сәйкестендірудің ең қауіпсіз және дәл әдістерінің бірі болып саналады. Бұл ретте егер сіз өзіңізді қосымша қорғағыңыз келсе, екі факторлы аутентификаттауды қолданыңыз.
Қандай қауіп бар?
Әлемнің түрлі елдерінде алаяқтар байланыссыз технологияларды қолдана отырып, банк клиенттерінің фотосуреттерін тауып, оларды арнайы қосымшалар арқылы жандандырып, клиенттердің шоттарынан ақша алып тастаған жағдайлар болды. Сондай-ақ сканердің көмегімен қаскүнемдер көлікте немесе басқа адамдар көп жиналатын жерлерде оларға сүйеніп, азаматтардан картадан шектеулі ақшаны есептен шығарған схема бар.
Жаңа қаржылық технологиялардың көптеген артықшылықтары бар, мысалы, онлайн-форматта қызмет көрсету жылдамдығы, шот ашудың қарапайымдылығы және әртүрлі қызметтер мен өнімдерге тәулік бойы қол жеткізу мүмкіндігі, бірақ кибералаяқтардың қақпанына түсу қаупі бар.
Сондықтан әрқашан сіздің қауіпсіздігіңіз өзіңіздің қолыңызда екенін ұмытпаңыз және мына киберқауіпсіздік ережелерін ұмытпаңыз:
— электрондық кілттеріңізді, құпиясөздеріңізді, банктен смартфонға келетін құпия SMS-, push-хабарламаларыңызды ешқашан ешкімге бермеңіз;
— жеке ақпаратқа, электрондық поштаға, онлайн-банкингке және т.б. қол жеткізу үшін ешқашан бірдей құпиясөздерді пайдаланбаңыз;
— ешқашан смартфонға немесе ноутбукке/компьютерге бейтаныс қосымшаларды, сондай-ақ алаяқтар әдетте телефон арқылы жүктеп алуды сұрайтын TeamViewer, Anydesk сияқты қосымшаларды жүктемеңіз. Бұл қосымшалар қаскүнемдерге құрылғыларды қашықтан басқаруға мүмкіндік береді.
Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!