Қайта бейімделуге жаңа қадам
Қоғам өміріне қайта бейімделу бас бостандығынан айырылған азаматтар үшін маңызды қадам. Осындай азаматтардың қалыпты өмірге қайта оралуына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жайымен «Талдықорған аймақтық еңбекке орналастыруға жәрдем көрсету қоры» қоғамдық қорының директоры, жоба жетекшісі Светлана Сәдуақасова өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте таныстырды.
Жазаға тартылған азаматтар мерзімін өтегеннен кейін бостандыққа шығады. Олардың қоғам өміріне қайта оралғанда қайта қалпына келуі, өмірге белсене араласып, еңбектенуі өздеріне де, қоршаған ортасына да байланысты. Осындай азаматтарға қолдау таныту мақсатында «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдармен жұмыс жөніндегі қызметті ұйымдастыру» жобасы іске қосылған болатын.
Бұл жоба бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар үшін және ондай азаматтардың әлеуметтенуіне және еңбекке бейімделуіне мүмкіндік жасайтын қоғамдық ұйымдар үшін таптырмас коммуникациялық алаң болып табылады, — дейді Светлана Сәдуақасовна. Светлана Олегқызының айтуынша, жоба аясында түрмеден шыққан азаматтардың әлеуметтенуіне қатысты түрлі әдістер қолданылып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік беретін бастамалар көп.
«Жобаның мақсаты — жұмысқа орналасуға ықпал ететін әлеуметтік бағыттағы бизнес жобаларды іске асыруға 3 шағын грант бере отырып, сотталғандарды пенитенциардан кейінгі оңалту үшін қолайлы жағдайлар жасау. Пенитенциардан кейінгі қайта әлеуметтену дегеніміз бұл әлеуметтік көмектің, қолдаудың, қорғаудың және белгілі бір адамға тәрбиелік әсер етудің кешенді жүйесі мен нәтижесі», — дейді спикер.
Жобаны іске асыру барысында сотталған азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту, оқыту және өз ісін ашу, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндіктер жасау сынды бағыттарда жұмыс жүргізіледі. Жоба қатысушыларына шағын грант беру үшін 20 бизнес-жоба дайындау үшін, 2 білікті жаттықтырушының көмегімен 5 күндік бизнес-курс ұйымдастырылды.
«Барлығы 32 сотталған немесе пробация қызметінде есепте тұрған азамат оқуға қатысты. «Екінші мүмкіндік» байқауының ережесі әзірленіп, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы жарияланды. Бизнес-жоспарлар қорғалды, сұхбаттар мен жобалардың тұсаукесерлері өткізілді. Нәтижесінде, әлеуметтік жобаны іске асыру үшін шарттық негізде жалпы гранттық қоры 3 млн. теңгені құрайтын 3 шағын грант берілді», — дейді Светлана Сәдуақасова.
Сотталған және пробация қызметінде есепте тұрған 282 адам әлеуметтену және еңбекке бейімдеу қызметтеріне қол жеткізді. Сонымен қатар, жобаларды сүйемелдеу бойынша 2 тәлімгерден тұратын команда құрылды. 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Түрмеде болған азаматтарды әлеуметтік оңалту — жалпы қоғам үшін, әлеуметтену институттары мен әлеуметтік топтарға, қауымдастықтарға, әсіресе отбасы үшін маңызды міндеттердің бірі. Ондай азаматтардың өздері үшін де, олардың психикалық және физикалық денсаулығы, тұрмыстық және отбасылық әл — ауқаты үшін де маңызды мол», — деп атап өтті спикер.
Әлеуметтік оңалту мәселесі қазіргі жағдайда қылмыстардың азаюына ықпал ететіндігін ескерсек, қоғам үшін ерекше маңызға ие. Әлеуметтік оңалту жұмысы — бұл бостандыққа шыққан адамның қоғамға қайта оралып, әлеуметтік байланыстар мен азаматтың құқықтық мәртебесін қалпына келтіруіне мүмкіндік беретін ең дұрыс шешім.