Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін — келбеті, болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі. Әр халықтың, ұлттың құрмет тұтар өз ана тілі бар. Менің ана тілім – қасиетті қазақ тілі. «Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп — өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқынын ұрпақтан — ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына», — деп Жүсіпбек Аймауытов ағамыз жазғандай, жерін, елін сүйген әрбір азаматтың ана тіліне деген сүйіспеншілігі, мақтаныш сезімі болуы керек. Бала өмірге келгеннен бастап, өз ана тілінде сөйлеп, ана тілінде білім алып, жалпы ұлттық тәрбие алуы керек деп ойлаймын. Себебі өз ана тілінде сөйлеу оған деген көзқарас ең зор адамшылық, мәдениеттілік, тәрбиелілік өлшемі болып табылады.
Дәл қазіргі таңда ана тілінің жағдайы жоғары деңгейде емес деп анық айтуға болады. Бірақ, мемлекеттің, халықымыздың арқасында қайта биікке көтеріледі. Қ.Тоқаевтың жарлығы бойынша жақында көптеген құжаттар, бағдарламалар қазақ тіліне ауысады. Шет елдіктер де қазақ жеріне келіп, білім алу үшін ҚазТест емтиханына өтетін болады. Бұл өте маңызды қадамдар. Ана тілін дамытатын да, құлататында — халық. Әрине, шет елдің тілдерін білген жақсы, шет елде маңызды. Ал Қазақстанда, Қазақстанның қай жерінде болсада ана тілімізде сөйлеуге міндеттіміз.
Еліміздің тарихы тікелей тілімізге байланысты екенін түсінетін уақыт келді деп ойлаймын. Қазір ақпараттық технологиялық соғыс заманы. Өз тілімізді сақтап, одан ары дамытып, шет елге көрсететін, бай әрі әдемі сөз қорымен мақтанатын заман деп ойлаймын.
Мен өз қазақ тілімді жақсы көремін. Ол әлемдегі ең бай тілдердің қатарына кіреді. Кейбір адамдар қазақ тілін бұрмалау және сөздерін өзгерту арқылы тілімізге зиян келтіреді. Әсіресе, бұл әрекетке жасөспірімдер барады. Осылайша, ата — ана мен баланың арасындағы қашықтық ұзарады, өйткені, бірін — бірі түсіну қиындайды. Менің ойымша, қазақ тілін өзгертіп, бұрмалау дұрыс емес. Естілуі жағынан да, айтылуы жағынан да ешбір тілге ұқсамайтын, өзіндік ерекшеліктері бар ана тілімізді сыйлайық.
Жұлдызай ТІЛЕКТЕСОВА.
Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп – гимназиясының
10 «А»-сынып оқушысы.