ИМАНДЫЛЫҚТЫ ҚАДІРЛЕП ОЙЛАНАЙЫҚ – ОНЫМЕН ОЙНАМАЙЫҚ

(Тәуелсіздікті елімізден бұрын дініміз алған)

Таршылық пен тұрпайы тірлік топырақ шашқан заманда көріп тәуелсіздікті аңсаған ата — бабаларымыз имандылықтарын жоғалтпай көшпелілер деседе отырықшылардан бірде кем соқпайтын материалдық мұраға, рухани қазынаны дүниеге әкелгенін салиқалы зерттеушілер дәлелдегені мәлім. Соның бірі Күлтегін ескерткіштері – өне бойы ғажайып жазулармен қашалған үш метрлік сын тасы бұған дәлел.

Алайда, біздің бұылмаған салтымыз, ұмытылмаған тарихымыз жоғалмаған мүлкіміз қалды ма? Тіпті кейінгі ұрпақ біздің замандастарымыз имандылыққа шаш етектен қарыздармыз. Көзіміз шорланып, көкейіміз торланып, жүрегіміз қорланған кешегі заманда имандылық деген ұғым есімізге іріп шықты ма? Атеист бол деді — болдық, «Дін – апиын» деді – дедік.

Бірақ, ықылым заманнан бері дін құдыретін біз өмір сүрген тек коммунизм зиялылары ғана ұқпапты. Дегенмен, сол зиялылардың бірі алып Достаевский мұны ерте олардан әлдеқайда анық сезіп: «Дінді мансұқ еткен адамзат, әйтеуір бір сойқан соққыға душар болар», — деп айтып кеткен екен. Міне, бұғанда өзіміз куә боп көзіміз көрді, жетпіс жыл мызғымас қамалдың қақ айырылғанын.

Енді Құдайға шүкір, тәуелсіздігіміздің ақ таңы айқара ашылған жылдардан бері сан жоғалтқанымызды тауып, шашқанымызды теріп, бет алған дәуірде, әкеден – ұлға, шешеден – қызға, енесінен – келінге, абысын – ажынға жетер әдеп, имандылық иірімдері қанатын еркін жайып келеді.

Ал, имандылық – ол ең жоғарғы адамгершілік. Айналаңды жоғары адамгершілік рухы қоршап тұрса. Яғни, адамзат ойлап тапқан ой асылдарының жиынтығын игеру, бойына сіңіру адамгершілікке тән өлшем десек «Иманжүзді адам», «иманды бол», «иман тапқыр» тағы басқа да «иманға» қатысты сөздерді қолданғанда, сол адамның пәктігіне, адалдығына, инабаттылығына сенгеніміз, тәнті болғанымыз аңғарылмай ма. Тағы «Има- нын үйірді», «иманын оқыды» дегенде, әлбетте адам ғұмырында пендешілікке бой үйіруі де мүмкін ғой. Мұндай да адамгершіліктің өлшемі толмай, орталанып қалуын толтыру, жоғары дамгершілік деңгейіне көтеру сияқты.

Бұл жерде дінін, ділін құрметтеп өткен ата — баба- ларымыз білгенге қасиетті, білмеске қасіретті сыры мол дүниеде қариясын құдайдай сыйлауды, бірін-бірі жаманатқа қимауды, пайымсыздықтан, еліктеушіліктен, бейопа әдеттерден жирендіруді осы дініміз, имандылық арқылы меңзеп кеткендей.

Тіршілік қашанда мейірімділікке құштар десек, сол мейірімділік дінімізде, имандылықта оны одан әрі талдап талқылаудың қажеті ша- малы. Бұл тізгіндеуге төзбейтін, көгендеуге көнбейтін ойлары- мызды көбірек имандылыққа бұрып, Ар мен Намысқа жүгіндірсе дегендей.

Өз дәуірінде ХІV Далай-Лама «Жарық дүниенің бәрі сыбай- лас. Адам өзін меңгерумен әлемді де меңгереді. Ендеше, болашақтағы бақытымыз бен қасірет-қайғымыз біздің қазіргі іс-әрекетімізден тумақ»,- деген екен. Біздің бабаларымыздың ішінде де одан да зор әрі батыр, көпті көрген көсем, суырылып сөйлейтін шешен, әділдігі асқан би жетерлікті болған. Олар иманын ауыздарынан тастамаған, сол арқылы бауырмалдықты, қ а й ы р ы м д ы л ы қ т ы , парасаттылықты насихаттап отырған.

Дәл қазір ауылдан бастап қалаға дейінгі орталық мешіттерде кілең жастарымыздың дінін құрметтеп барулары әрине ой тұсауларының шешіліп, тіл шідерлерінің алынғанын көрсетсе ендігі жерде бұл жастарымыз бұрынғы қиянатқа көнбес деп қуанасың.

Көптеген дінімізге байланысты деректерді оқып — зерттеп байқасақ бұрынғы патша ағзамда қызыл империяда біздің дінімізден зәредей шошынып, 16 республиканың діни орталығын бірақ жерге жинап тыбыр еткізбепті. Осы Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы екінші дүниежүзілік соғыстың күйіп тұрған шақта құрылғаны белгілі. Бірақ қандай мақсаты болғанын біле бермейміз ғой. Өйткені, Кеңестер одағы құрылған кезде барлық мешіт, шіркеулерді жауып тастағаны да белгілі.

Осыған орай, діни орталықты құруға байланысты мына бір қызықты деректерді байқап көрейік. Бұл 1943 жылғы немістердің дәуірі аспандап тұрған шақта өзбектен шыққан дін білгірі Эшон Бабахан деген кісі Сталинмен кездеседі. Ол кезде Сталинградтың өзі немістердің қолына өте бастаған шақ. Сталин бірден «Осы соғыста кім жеңеді»,-деп Эшон Бабаханға тесіле қарайды. Ол ешқандай саспастан «Совет Одағы жеңіп шығады»,- деп нық жауап беріпті. Оған шүбәланған Сталин: «Біз қалай жеңеміз? Ленинградты Гитлер басып алды. Сталинград- та қолдан кетті»,-депті. Сонда Бабахан: «Қай ел жетім — жесірін қорғаса, ғаріп-қасірді қолдаса сол ел жеңіске жетеді»,-деп жауап беріпті. Бұл сөз Сталинге ұнап қалады да «Не тілегің бар?»,- деп сұрапты. Сонда Эшон Бабахан келген бұйымтайын бірден алға тартып, Орта Азия діни басқармасын ашу қажеттілігін қозғапты.

Осы әңгімеден кейін Эшон Бабаханды Калинин өз кабинетіне шақырып, Орта Азия діни басқармасын ашуға рұқсат бергенін айтыпты. Міне, осылайша 1943 жылы Сталиннің қол қоюымен Орта Азия және Қазақстан діни басқармасы ашылып, орталығы Ташкент болыпты. Эшон Бабахан оларға дұға жасап, еліне қайтады. Көп ұзамайақ немістер қирай жеңіліп, шегіне бастайды. Бұл дін жолындағы ұрымтал әрі таңданарлық кез болып, бірақ Қазақстанның саясаты Мәскеуге, діні Ташкенге байланған екен.

Енді дініміздің елден бұрын тәуелсіздік алып Ташкеннен қалай бөлініп шыққаны оған қандай себептер болғаны жайлы 5 жыл еліміздің қазиы, 10 жыл бас мүфти болып дін саласында 25 жыл басшылық еткен Рәтбек қажы Нысанбайұлының естелігінде былай дейді: — Араб елінде оқып жүрген кезімде Діни басқарманы қалайда бөліп алуды ойластырып жүрдім. 1980 жылдары оқуымды өте жоғары біліммен аяқтап келген соң Эшон Бабаханның ұлы Зияудинханның орнына бір жарым ай атқарушы мүфти болдым. Сол кезде мені болашақ діни басына даярлап жатқан болатын. Осыған орай, мені КСРОның Дін істер жөніндегі кеңесінің басшысы Юрий Христораднов Мәскеуге екі рет шақырды. Зияудин Бабаханның қартайып, көзі көруден қалғанын орнына мені тағайындайтынын айтты. Зияудиннің өзі де «Орныма екі адам лайық: бірі Қазақстанның қазиы Рәтбек Нысанбаев, екіншісі балам Шамсиддин Бабахан» депті. Ұсыныстан мен бас тарттым да Шамсиддин Бабаханды мүфтилікке сайладық. Құрылтай біткен соң Зияудин қонаққа шақырып, баласы Шамсиддин екеумізді отырғызып қойып: «Сен креслоның иесісің, Рәтбек діннің иесі. Рәтбекпен бірге бол, әйтпесе мына өзбектер сені бір күнде тұрғызбайды, ал қазақтар сені қорғайды»,- деп ашық айтты.

Егер мен өзім бас мүфти болғанда Ташкенде қалып Қазақстанды бөліп жету жоспарым орындалмай қалатын болған соң бас тартқан едім. Сөйтіп, 1989 жылы Колбинмен хабарласып және Алматымен толық келісіп алдымда 1990 жылдың 12 қаңтарында жұма күні Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасын құрдық. Бұл Құдайдың қиюластырып бізге нәсіп еткен нығметі болса, Кремлден Христорадновтың бұйрық бергізіп, Ташкенттен іргемізді бөліп беруі еді. Осы- лайша мемлекетімізден бұрын дініміз тәуелсіздігін алған бола- тын деп жазыпты.

Өзбектеніп бара жатқан дінімізді дербес діни басқарма ретінде бөліп алуда қыруар еңбек сіңірген Рәтбек қажы Нысанбайұлы туралы да айта кетейік. Ол Ливия университетінің 98 пайыз арабтар оқитын Шариғат және халықаралық заң факультетіне 1969 жылы түсіп, 1978 жылы күллі арабтардың ішінде жалғыз қазақ университетті бакалаврдоктор дәрежесімен ең үздік белгімен бітірген. Бір қызығы Усуль-фикхтан сабақ беретін ұстазы соңғы емтиханда жауабына 93 балл ең үздік дегенді білдіретін баға қояды. Бұған наразы болған басқа арабтар үстінен арыз жазып, арабтар тапсыра алмай жатқанда қайдағы бір русь қалайша 93 балл алады. Ол ұстазды паралап қойған, қайта емтихан алыңдар деп шу шығарған. Сөйтіп, ұстазын араластырмай ректор, декан, тағы екі профессор барлығы төрт адам қайта емтихан алады. Олар қойған барлық сұрақтарға жауап берген соң тағы екі сұрақ қойған. Комиссия тыңдап болған соң ұстазыңыз сізге қиянат жасапты нәтижеңіз 100 балл деп бір ауыздан қолдаған. Міне, осылайша студент кезіндеақ докторлық атақты бірден алып, Совет Одағы бойынша тұңғыш мұсылман ғалымы болып елге оралған, жеті тілде бірдей сөйлейтін ислам ғалымы ретінде қазақтың атын Кеңес дәуірінде – ақ шығарған екен. Ол 1991 жылы бірінші болып Құран-Кәрімді арабша түпнұсқасынан қазақ тіліне 200 мың данамен аударған тұңғыш ғалым. Міне, біздерді имандылыққа бастайтын талай қиын — қыстауды көрген дініміздің тәуелсіздік жолындағы қысқаша тарихы осындай.

P.S. Я, жоғарыда айтқанымыздай имандылықты жастарға кеңінен насихат- тап, мұқтаж жандарға мешіт арқылы азды — көпті көмек көрсетіп жүрген ауыл, аудан имамдарының білімі мен білгенінің жартысын да білмейтін, миына да кірмейтін кейбір керауыз шалдардың оларға қатысы жоқ өтірікті шындай ғып сыртынан ғайбат сөйлеулерін естігенде әрине көңілге кірбің ұялатады. Осыдан барып имандылықты сондай шалдардан бастаған жөнбе дейсің. Егер ұқса! Ұқпаса «Өзің білме, білгеннің тілін алма»,- деген сөз дәл сондайларға айтылған шығар. Олай болса, имандылыққа ойланайық, онымен ойнамайық!

Дүйсен МҰХАМЕТШАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: