ТАБИҒАТ СЫЙҒА ТАРТҚАН — ТАМШЫБҰЛАҚ!

Тамшыбұлақ бұлағы – Ақсу ауданындағы Қапал ауылының орталығында орналасқан көне заманнан келе жатқан, тастан қаланып салынған ескі зираттардың астын үңгіп, тас қабырғаларды жарып шығып, тамшылардан құралып ағып жатқан қасиетті бұлақ. Бұл бұлақтың мөлдір суын жергілікті тұрғындар көне заманнан бері әр түрлі ауруларды (көз, асқазан, сүйек – буын, жүйке аурулары және т.б.) емдеуге қолданған. Тамшыбұлақ табиғаты өте шұрайлы жерде орналасқан. Бұлақ қойнауы қысы-жазы көк шөптермен көмкеріліп, суықта бұлақ суы қатпай, тамшылап ағып тұрады. Бұлақтың аты осыдан шыққан. Тамшыбұлақтың суы адам денсаулығына шипалы һәм пайдалы екенін ғалымдар да мойындаған.

Тамшыбұлақты алғаш рет зерттеп, сол туралы тарихи деректерді 1859-1865 жылдары атақты саяхатшы, этнограф Ш.Уәлиханов жазған. ІХ ғасырдың екінші жартысында бұл жерде белгілі ғалым, географ, тарихшылар Ш. Уәлихановпен бірге Н. Потанин, Семенов-Тянь-Шяньский болып, бұлақтың өзіндік қасиетіне таң-тамаша қалған.

Киелі жерге келіп, табиғатына таңғалған ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон Алатау бөктерінде дүниеге келген ұлының атын Алатау Тамшыбұлақ деп қойған. Және 1869 жылы Санкт-Петербург қаласында «Вокруг света» журналында Қапал өңірінің табиғаты мен шипалы сулары туралы алғаш сипаттама беріп, мақала жариялаған. Осындай таңғажайып жерді суретке де салып кеткен. Шипалы су әлі күнге дейін өз қасиетін еш жоғалтқан емес. Жергілікті халық, ауылға келген қонақтар дертке дауа ретінде пайдаланып келе жатыр.

Сонымен қатар Қапал ауылында шипалы суға қысы-жазы шомылып, шынығып жүрген азаматтар да бар. Қалай болғанда да ертегідей табиғат жаратылысы Тамшыбұлақтың сыры әлі толық ашылмағандай. Жүздеген тамшының сыбдыры ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, көптеген құпияны айтқысы келетіндей. Тілі болса тамшының да айтар ойы бар. Суының тамшысынан табиғи перде жасап, тырсылдап жатқан бұлақтың суы ауруға шипа, дертке дауа екен.

Қысы — жазы бірқалыпты ағатын су көзі туралы әр түрлі аңыздар көп. Бұлақтың емдік қасиеті, бойға қуат берер күші бар деп Қапал ауылына халық әлі де үзілмей келіп жатыр.

Шипалы бұлақтың мыңдаған тамшылары ғасырлар бойы үздіксіз жер қойнауынан шығып сылдырлап ағып жатыр. Бұлақ суының дәмін татуға жасы да, кәрісі де арнайы келеді.

Сол мақсатта бізде шипалы бұлақты көріп, суынан дәм татып, тарихымен танысып қайтуды жөн көріп, Ақын Сара атындағы мәдениет үйінің шәкірттерімен барып қайттық. Балалар бұлақтан суын ішіп, табиғатымен танысып, өте жақсы әсерде қайтты. Табиғат сыйға тартқан Тамшыбұлақ – еліміздің көп жаухарларының бірі. Бағаласақ, мұхит асып келген туристерге қысылмай көрсетіп, жер атын ғана емес, ел атын шығарар байлығымыз. Байлығымызды бар кезінде бағалайық.

Динара ТАЖИКОВА,

«Ақын Сара» атындағы мәдениет үйінің әдіскері.

Мәліметпен бөлісу: