/БАЯНДЫ ҚҰСМОЛДИН АТА КӨЗІМЕН КӨРІП, БАСЫНАН ӨТКІЗГЕН ҮШ МАҚАЛАСЫН ОҚЫРМАНДАРҒА ҰСЫНАМЫН. ШЫНАЙЫ ШЫНДЫҚ, ӨПТІ ДЕРЕКПЕН ЖАЗҒАНЫ АНЫҚ. АТА МҰРАСЫ, ДӘРІПІ КӨП ИГІЛІГІНЕ ЖАРАҒАНЫ ҚОЛДАУЛЫҚ/
АШАРШЫЛЫҚ
1931 жылдың күзі, 1932 жылдың қысы Ақсу жерінде — ашаршылық. Жойқын төгілген қан. Шіріген, сасыған адамдар өлігі. Адамды адам жеген қорқаулық. Терең күрсінбей, жүрегің күңіренбей еске алмайсың. Ауыр қасірет. Болашағы дариядай шалқыған, қарқаралы қайран ел? Қай түкпірде болмасын еңіреген ел. Күйремеген шаңырақ, шағылмаған есік қалмады. Жүректе зары, көңілде қайғылы табы қалса да еске алып, көз көрген сұрапыл оқиғаларды айтуға тура келді.
Әкем бұрын өлген. Жастай жесір қалған шешем біреуге сатылумен тұрмысқа шыққан. Ол өгей әкемізден бір ұл, бір қыз бала бар. Мен Қарағаш коммунасында оқимын. 1931 жылдың күзі өтіп, қыс түсті. Тамағым тоқ, киімім бүтін. Естуіміз бойынша ел аш. Өліп жатыр. Коммунаға кірместей етіп, қамыспен бөгеттер жасап, көлденең қорғап бекіттік. Сол қоршаудан өте алмай өлген адамдар саны күн сайын артуда. Өліктерді шанамен сүйретіп апарып, аулақ шұңқырға тасып саламыз.
Бір күні сұраусыз Көкөзек ауылына барып, шешемді тауып, коммунаға ертіп әкелдім. Он жасар інім мен сегіз жасар қарындасымды Тасбекетте МТС жанында ашылған 40/50 балалық панасыз балалар үйіне өткізіпті. Олар сонда аштан өлді. Өгей әкем де аштан өлді.
Коммуна директоры Е.Үркінбаевқа: «Шешемді бір жұмысқа алып, паналатыңыз»,-деп үш мәрте кірдім. Қабыл көрмеді. «Тіпті қоймасаң, өзіңді де коммунадан шығарамыз» деді. Киуі кеткен дүние жөніне келмеді. Жолдас балалардың сыбағасынан сұрап, екі бөлке нан жинап беріп, жарты жолға шығарып салып, жылап қалдым. Соңғы көргенім, қоштасқаным сол болды. Қайда өлді? Сүйегі қайда? Таппадым. Шешем кеткенен кейін бір айдан соң «өлі, тірісін білейін» деп тәрбиешіден сұрандым. «Аштар жеп қояды» деп жібермеді. Тағы сұраусыз кетіп қалдым. Үйге келдім. Есік, терезесі жоқ үйдің еденінде бықсытып от жағып, үш әйел отыр. Киімдері салаң, қап — қара, өрім — өрім, шаштары сауыс — сауыс көздеріне түсіп кеткен. Қонырсыған күлімсі иіске шыдап болмайды. Бірі маған тесіле қарады. Енді бірі теріс айналып, бұрышқа барып шөке түсіп, жатып қалды. Екеуі сөйлей алмайды. Мені ымдап, ызыңдап шақырады. Қап-қара бірденені көсеумен маған ұсынады. Алып қарасам, заманғы ескі аяқ киімнің қасаны. Отқа салып, соны шайнап отыр. Бұдан үрейім ұшып, қорқа жүгіріп шықтым. Артыма қарай-қарай қаштым. Коммунаға қайтып келдім.
Ашарлық сұрқия, адам төзгісіз болды. Көкөзек алқабының батыс жағы Жартоған, Қарасу арналарын қаптай қоныстанған біздің ауыл, жеті атаның ұрпағы, ашаршылықа дейін 100-ге жуық түтін, 500/600 жан бар еді. Ашаршылықта 60 шаңырақ құрыды. Төрт жүздей жан аштан өлді. Талай атаның тұқымы өшті. Кейбірінен тұқым қалмады. Бір ауыл осындай. Сонда қазақ елі не болды? Айту қиын. Аталы азаматқа ақылға сыйғызып болжау оңай емес қой.
КАНИКУЛДА
Зерделі киім киіп көрмесең, өміріңе зер салып ұғынып, түсініп білмесең – ластығың емей немене? Балауса құрақ жағасында жайқалған балалықтың бал бұлағының суын ішіп, ашамайым «бақ- бақ» деп шауып жүрген балалықтан жаңа арылған сияқтымын. Осы шағым Қарағаш балалар коммунасы болатын.
Ол солайы – солай! Өйткені, көрінгеннің малын бағып, тамақ дорбада ештеме жоқ. Мал қосқан әйелдердің қолын бағып, бірдеме бере ме деп жүрген күндер болған еді. Иә, болды. Одан коммунаға келіп, нанға тойып, мауқымды бастым. Білім алып, көзімді аштым. Содан бері жеті жыл өтті. Коммуна мектебінің жетінші класын бітіріп, техникумға жолдама алып, Қопалға оқуға келіп тұрмыз. Коммунадан Қопалға оқуға келгендер төртеу едік. Аудандық оқу бөлімінің жолдамасымен келгендер тағы екеу. Құжаттарымызды өткізуге кеңсесіне кірдік. Оқуға қабылдау үшін емтихан ала ма, тәртібі қалай, оның жайын білмейміз. Қабылданамыз ба, жоқ па? Күдігім кеудеме сыймайды. «Табаны жалпақ қу жетім, тайып кетіп жүрем бе?» деп те ойлап қоямын. Қызыл шырайлы, қиылған мұрты бар кісі бізге жағалай бір қарап шығып: «Қағаздарыңды өткізіңдер!» — деді. Ішіміздегі жол табар өттіміз де, жөн табар ептіміз де Құсмолдин Зейнеш. Алдымен сен өткіз дегендей, соған қарадық. Ол сәл күбіжіктеп тұрып, құжаттарын ұсынды. Қағазды мұқият қарап шығып, ағай Зейнешке зер сала қарады да:
– Сен, Тілеужанов Құсмолданың бала- сысың ба? – деп сұрады. Зейнеш:
– Иә, — деді.
– Құсекеңнің сендей ересек баласы бар екен ғой? – деп ой тоқтатқандай болды.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Зейнештің әкесін танып тұр. Осының шарапатымен бізді де қабылдайтын шығар деген қуаныш сәулесі жылт еткендей болды. Бойымды жиып, қузалаңқырап барып, мен де құжатымды ұсындым. Құжатымды мұқият қарап шығып:
– Сен де Құсмолданың баласы ма едің? – деп сұрады. Мен:
– Иә, — дей салдым. Ағай дәріптеп сұрап жатпаған соң, әмбе Зейнештен ажыраспайын деген оймен айттым. Менен кейінгілер де құжаттарын өткізді. Оқу бөлімінен келгендердің ағасын таниды екен. Олардан хал-жай, амандық сұрап жатты. Ағай қағаздарды реттеп болып, бізге бұрылып:
– Енді мына Матвей ағаларыңмен ілесіп барып, орын жайларыңмен танысыңдар. Оқудың жайын хабарлаймыз, — деді.
Алғашқы дарқан өмірдің бел асар белгісі алындың, қабылданасың деген үміт лебі жүрекке дем бергендей. Қуанышымызды құшақтап, Матвей ағаймен келіп, жатақханаға орналастық. Көңіл қуанышы – көз қуанышына ауысты. Алқа қотан темір төсекке отыра қалып, дорба қоржынның аузын айқара аштық.
Келесі күні жиналыс болды. Ақ қалпақты, қара тымақты, ала-құла киінген көп бала ұзын залға толып кетті. Көлденең қойылған көлемді стол жанында 6-7 адам отыр. Жанама қойылған кіші столда көп қағаз қаттаулы жатыр. Стол басындағылардың ортасынан орта жастағы бір кісі түрегелді. Басына қара тақия киген. Қалың қара қасты, орта бойлы, келбетті. Баяу дауыспен сөз бастады.
— Балалар! Сөз басын таныстықтан басталық. Алдарыңда отырған мына кісілер мұғалімдерің. Оқу ісінің меңгерушісі және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Қажікен Ноғаев, математика пәнінің мұғалімі – Шәкен Сексенбаев, химия-биология пәнінің мұғалімі – Меңлібек Келдібеков, тарих пәнінің мұғалімі – Зейнеш Ахметшина, военрук – Николай Капустин, завучтың көмекшісі — Шәйім Өмірбеков. Екінші айтарым, сендер ауыл мектептерінде оқушы едіңдер, енді студент болдыңдар. Студенттерге қойылатын талап үлкен. Ең алдымен сендер балалықтан өтіп, жігіт болдыңдар. Үшіншіден, сендер техникумды бітірген соң, болашақта мұғалім боласыңдар. Сондықтан оқу орнында, жатақханада, көпшілік орындарда өте тәртіпті болуларың керек. Таза киініп, мәдениетті жүргендерің абзал. Айтарым, техникумның оқу бағдарламасы өте терең. Мұғалімдердің білімге деген талабы өте жоғары. Үлгермеген оқушылар оқудан шығарылады. Сондықтан оқуды зор ынтамен оқуларың қажет. Бітірген кластарыңа, әкелген құжаттарыңа байланысты, кімнің қай курсқа қабылданғаны жайлы Шәйім ағаларың хабарлайды. Мұқият тыңдап, түсініп алыңдар деді. Ағай «өзін таныстырмады-ау» деген күңкіл естіле бастады. Шәйім ағай орнынан тұрып:
– Балалар, алдарыңда сөйлеп, түсінік беріп, ақыл айтқан, техникумның директоры – Сұлтанбек Берсүгіров ағаларың, — деп таныстырып, өз сөзіне көшті. Қабылданушылар тізімі оқыла бастады. Техникумның үш дайындық курсы, үш негізгі курсы бар екен. Жетінші класты бітірмегендер дайындыққа, бітіргендер негізгі курсқа қабылданады екен. Орта шенінде біздің де аты-жөніміз аталып, коммунар төртеуміз де негізгі курсқа, ал ауданнан келген екеуі дайындық курсқа қабылданғанымызды естіп, бір-бірімізді құшақтап жатырмыз.
Студенттік өмірдің соқпағына түстік. Армандап күткен, атаулы күн де жетті. Оқу басталды. Төртеуміз бірге бірінші «А» курсында оқитын болдық. Бұл 1933/1934 оқу жылы болатын. Біздің курста үш орыс қызы, үш орыс жігіті, үш татар қызы, екі татар жігіті, 12 — 13 қазақ жігіттері оқыдық. Болашақты болжап бола ма? «Тастаған шоқпар сорлыға тиіп» соғыстың алапат ауырлығы біздің жасымыздарға түсті. Бірге оқыған жиырмадай жігіт соғыс майданынан қайтпады. Солардың ішінде Үркінбаев Есберген, Байбөрин Қасымханмен Финляндияда Ладога майданында мәңгі қоштасқан едім. Он — он бес жыл өткенде техникумда бірге оқыған үшеуімен ғана жүз көрістім. Олар да соғыстан жаралы болып келіп, елде қайтыс болды.
Жатын орын техникумда жағдайсыз болды. Патша заманында салынған солдаттардың казармасы еді. Бұрышта төрт баланың құшағы жетпейтін пеш. Жағатын отынның қызуы жоқ шымтезек (торф) болды. Жамылатынымыз тозығы жеткен тоқымдай жалба-жұлба одеял. Сабан төсеніш пен сабан жастық. Суықтың зардабынан екі-үш бала бірігіп, қойындасып жатамыз. Өздері ерікті оқуға келгендердің жағдайы жақсы. Үйлерінен көрпе, жастық, жылы киім, апта сайын тамақ әкеліп тұрады. Біздің амандығымызды сұраушылар да жоқ. «Сиықсыз үйдің сыйы қаншалықты болушы еді» демекші, таңдайға тақ-тұқ еткен тамағымыздың жөні күніне 360 грам қара нан. Түсте қатықсыз картошка немесе умаш көже. Көлкілдетіп ішіп, көлденең басып жүреміз. Оқудың басталғанына бір айдай болды. Ойда жоқ жерден Зейнешті кеңсеге шақыртып әкетті. Көп кешікпей қайтып келіп:
– Әкем қатты науқас, қайтсын деп хабар беріпті. Үйге қайтатын болдым, — деді.
– Апыр-ай!» — деп өкініп жатырмыз. Зейнеш үйіне қайтты. «Тездеп кел. Оқуды таста ма», — деп ақылшы болып, шығарып салдық. Шағала келсе бір мерей, шаңқан бассаң бір мерей емес пе? Ақ көбесін ұшырып, қондырып, жеделдетіп, желпіндіріп желін соқтырып, қыс та келді. Арық тайлақ ауылға қашады. Күндіз оқуда класты ықтап, жатақханада пешті құшақтап, бұйығып, төсекке жатсақ құшақтасып ұйығып, күнкөріс жасап жүрміз.
Сатылғанов Қанапия коммунада жүргенде қыста малға шөп тартып жүріп суда қалып, сол аяғының бақайларын үсіткен еді. Ол жарасы толық жазылмай, ақсап жүретін. Бірге өскен біздер оны «Дөкір» дейтін едік. «Бақайы жоқ, домалақ аяқ» деген мағынада. Суықтың зардабы тиді ме, ол ауырып жатып қалды. Селоның дәрігері көріп, Талдықорғанға емханаға жіберді. Қалың шөптің арасында, ұяласынан көз жазып адасып қалған балапандай, жігеріміз жасып, көңіліміз басылып жүдеп, Қасымхан екеуміз ғана қалдық. Оның туыстары бар. Бірақ алыс тұрады. Келмейді. Аудандық оқу бөлімінің жолдамасымен бізге ілесіп келгендердің бірі Құсайын Қабидолдаев. Екеуміз ауылдаспыз. Туыстық жағынан да алыс емеспіз. Оның шешесі, туыстары бар. Ол менен 5 — 6 жас кіші. Екінші дайындық бөлімде оқиды. Мені жақын туыс тұтып, ес көріп, қасымнан қалмайды.
1934 жылдың қаңтары болды. Оқушылар қысқы каникулға үйлеріне кетіп жатыр. Жатақханада үш бала қалдық. Ескі одеялды төрт бүктеп, арқама жамылып, пеш түбінде отыр едім, Құсайын келді. Екі көзі бұлаудай жылаған.
– Сен каникульге неге үйіңе қайтпадың? – деп жөн сұрадым. Ол:
– Сені іздеп келдім, — деп тағы боталап:
– Үйге қайтайын десем, жалғыз өзім қорқамын. Мені үйіме ертіп апаршы? — деп тағы көз жасына ерік берді. Қасыма отырғызып, оған жайымды айттым.
– Мен апарар едім, бірақ менің баратын үйім, туысқаным жоқ. Кімге барамын? Қыстың суығы мынау? Киімім жұқа, — дедім.
– Біздің үйде боламыз. Апам сені біледі. Бөтенсімейді, — деп жылады
– Менім бір тоным, бір шапаным бар. Тоным үстімде. Шапанымды сен ки, — деп, анасын сағынған, аңсаған сәбидің көз жасы тиылар емес. Мұны көріп, мен де ой толқынына сүңгіп кеттім. Шіркін өмір, біреуді бардан, біреуді жоқтан зарлатып, мұқтаж етіп қойған қу дүние-ай! Теңсізсің- ау.
Құсайын біреудің жалғызы. Еркін жүріп, ерке өскен бала. Менің мұңлық өмірімді түсіне ме? Мен болсам, әке-шешеден жастай айырылып, жама ағайынның қолында өстім. Кісі есігінде өскен жетімнің күн көрісі қандай болатыны мәлім. Өмір теперіші төздіре ме? «Оқуға түсіп, білім алсам, адам болсам-ау» деген арман, талпыныс қанаттандырды. Бірден 1929 жылы Қарағаш балалар коммунасына оқуға барып, көзім ашылды. Пана тұтқан ағайындар, бірге туысқан төртеу еді. Біреуі колхоз бастығы, үшеуі шаруа адамдары болатын. 1933 жылы жазда барлығы үйелмендерімен Қытайға асып кетті. «Ата- бабаларынан 3 — 4 қарадан артық мал бітпеген, өмірі егіншілікпен өткен, өңшең кедейлер, бастарына нендей зор күн туып, арғы бетке асты екен» деп таңданудан басқа, салдарын білмедім. Мені өмір оңға бастады. Коммунаға барғаным жақсы болды. Үйтпегенде, мен де қосақ арасында кетер едім. Онсызда олардың кетуі маған кеселді шарпуын тигізбей қойған жоқ. «Қырда сиырдың мүйізі сырқыраса, үйде бұзаудікі сырқырайды» дегендей болды. Біріншіден, мүлдем панасыз қалдым. Екіншіден, олармен туыс шегімнің алыс-жақынын сырт ел біле ме? «Қашқын банданың баласы» деп біреулер сыртымнан көрсетсе керек. Техникумнан шығарып жіберді. «Әкең өлсе қайтесің, әкеңді көргендер өлмесін» демекші, аудан азаматтары жақсы білетін Шәйім ағайдың қамқорлығымен ауданнан анықтаушы, ақтаушы қағаздар алдыртып, техникумға қайта қабылдандым.
Құсайын менен айырылар емес. Бармайын десем, жаным ашиды. Оның үстіне біздің курстың оқушылары түгел тарап кетті. Жалғыз қалдым. Барайын десем, «біреудің үйі қалай болады» деп көңілім дауаламайды. Белгісіз бір ыңғайсыздық билейді. Ойлана келіп, тәуекелді қуат көріп, шапанды киіп, белді буып, келесі күні Құсайынды ертіп, ауылға жүріп кеттік. Біздің ауыл Көкөзекте. Қапалмен арасы 75 шақырым жол. Орта жолда Арасан селосы бар. Сонда қонып, Тасбекетті басып, екінші күні іңірде қалжырап шаршап, ауылға жеттік. Құсайынның шешесі мен қарындасы үйінде екен. Әкесі Қабидолла Нұрбеков қой көз, ат жақты, ұзын бойлы, сары кісі еді. Мұғалім болған. Екінші класта ауылда сол кісіден оқығаным бар. Біз барғанда ол кісі жоқ екен. Оған іштей қуанып отырмын. Өйткені, түсіндіріп майдалап айтпай, шолақ қайтарып, тік айтатын, қатаң мінезді адам еді. «Мына суықта жас баланы еліртіп, сен ертіп келдің бе?» — деп ұрсар ма екен деген оймен жүрексініп едім. Артынан естідім, ол кісі айдалып кетіпті. Шешесі Сүйкім апай кең маңдайлы, қызыл шырайлы, мінезі салмақты. Тереңнен толғайтын, сабырлы, ақ көңілді, аналық мейірімі жоғары жан екен. Баласын ертіп келгеніме аса риза болып, туған анамдай елжіреп, екеуміздің де бетімізден сүйіп, көзіне іркілген тұнық тамшыны кимешегінің ұшымен байқатпай сипап қойды. Іңір арасы. Құмыраға керосин құйып, кішкене қалпақшаға түтік пілте өткізіп, жағып қойған шырақ шамды жоғары қойып, екеумізді шешіндіріп, ыстық жайпақ кәннің үстіне отырғызды. Құсайын еркелей сөйлеп, бірінің басын, бірінің аяғын шатып, келген сапарымыздың мән жайын айтып жатыр. Менің «үйім, туысым жоқ, бармаймын» дегенімді айтпай-ақ қойсашы деп ойлағанымша, ол көйітіп, бәрін айтты. Анасы терең ой парасатында отыр. Өткен өмірдің тұлғалы кезеңдерін шолып, есіне түсіргендей. Басын изеп, менің бетіме қарап, толғанып қойды. Анасы:
– Жарайды, әңгімелеріңді ести жатармын. Сендер тонып қалыпсыңдар, ыстық тамақ берейін, — деп қазан — ошаққа беттеп кетті. Құсайын екеуміз жылынып қалдық. Жолда көргеніміз, қарнымыз ашқаны есімізде жоқ. «Қалай келдік» дегендей, бір — бірімізге қараймыз. Жалғыз қасқа тісі ерекше сорайып, алдына шығып тұрған үкідей сары қыз бізге жақындап келіп, томпиып тұрып қалды. «Бұлар қайдан келді?» дегендей, бөтенсіп қарайды. Құсайын оған қарап:
– Кәшім бері кел. Бұл Баянды аға. Бөтен кісі емес, — деп қолынан ұстап, қасына отырғызды. Бұл Құсайынның қарындасы екен. Мен бұрын көрмеппін. Дастархан жайылды. Құрт қатып, бидай жармасынан жасалған «қара көже» әкелінді. Табаға пысырылған, қып-қызыл иісі, аңқыған тандыр нан. Апайдың мейрімінен ауылдың иісі аңқып тұрғандай. Аңсап, сағынып ішіп жатырмыз. Тамақ соңынан қызына анасы:
– Сен қазанды жуып, су құй да, сабан әкеліп жағып, шайды қайнат. Мен балалардың әңгімесін естиін, — деп тапсырма берді. Ана қасымызға келіп, байсалды отырды. Жай-жапсарды, оқуымыздың барысын, ондағы тұрмыс, жағдайымызды жайлап сұрай бастады. Көрген, білгенімізді кезекпен айтып жатырмыз. Біздің оқушылық өміріміздің мән — жайын түсіне отырып, ауылға қалай жеткенімізді, шығардағы екеуміздің айтқан сөзімізді тыңдап, апай терең күрсініп, кеудесін көтерді. Байқауымша, есіне түскен ой, қиялдары бойын билеп кеткендей. Кимешегінің иегін бір көтеріп қойып, маған қарап, сөйлеп кетті.
– Баянды қарағым, сен әке-шешеңнен жастай айырылдың. Ағайындарыңның қолында болдың. Бері келе оқуға кеттің. Жат жүргендіктен, дәріптеп айтып, түсіндіруші болмағандықтан, туыс жөнін, алыс-жақынды, тіпті ауылдасыңды білмейтініңді түсінемін. Әкеңді «қайын аға», шешеңді «Тоекең жеңеше» дейтін едік. Сен Баянжүректе ел қыстауға көшерде, күзекте туып едің. Екі жасқа толар — толмас кезінде әкең қайтыс болды. Екі қабат отырғанына қарамастан, келесі жазда жеңешемді би ауылы бір шалға малға сатып жібергені, жақсы есімде. «Жат болып кетеді» деп, сені ағайындарың алып қалды. Жаз жайлауда, қыс қыстауда араласып тұрдық. Жеңешем жарықтық момын, адал адам еді. Амал не? Өмірінің соңы жылау, қайғымен қор болып өтті ғой.
Өмірдің шалғаны алыс, шатқалы көп, жолы тар, қиын асу тәрізді солады екен. Сол күндердің куә, сарқытындай жалғыз сен жүрсің. Мұғалімнің отбасы атанып, ақ- көк демей, азаматтар қатарында жүрген бір үйлі жаннан шошиып кішкентай Кәшім екеуміз қалдық. Құсайынның жайы мынау. Апай кимешегінің етегін көзіне апарып күрсініп, теріс қарап кетті. Апайдың толқуынан мен де бастан өткен азғана өмірімнің ой-қырын аралап кеттім. Менің өмірім туралы «әңгімесін айта берсе екен» деп, құлағым тына тыңдап отыр едім, қысқа қайтарып, тоқтап қалды. Сабақтап сұрап, бұрын естімеген, түсінбеген көп жағдайларды білгендей болдым. Каникулдің мерзімі санаулы шелпектей таусылып келеді.
– Қарағым, ұзап басқа үйлерге бармай- ақ қой. Пәленше қайын ағаның баласы баратын үйі болмаған соң, қаңғырып жүр деп ел сөз, тәлкек қылады. Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ. Өздері наз кешпегендер сөйлей береді. «Сөй» деп, ешқайда жібермеді. Сүйкім апай өте ұқыпты. Айтарлықтай шебер кісі. Ел сырттай мақтайды екен. Біз келгеннен тыным таппай, қай заманғы екенін кім білсін «Зингер» деген латынша жазуы бар қол машинасын күндіз — түні құндап алып өңгерумен болды. Біздің киімдерімізді жуды, жамады. Лақ пен қозының елтірісінен бізге екі малақай жасады. Етек женін ақ елтірімен көмкеріп, белін қынап, бір сары тон тікті. Менің аяғымда үлкен қонышты ботинкам бар еді, оған киіз байпақ тігіп кигізді. Қара киізден сырып, ұлтарып қойған дайын шарықты Құсайынға кигізді. Қайтатын күн де жетті. Ертең жүреміз. Кешкі асты ішкен соң апай:
– Ал, балалар, ертең ерте қозғалыңдар. Қаңтардың күні қысқа. Тау асуы тағы бар. Арасанға ерте жетіп, қонуларың керек. Ал, Баянды қарағым, азаматтық етіп, Құсайынды жалғыз жібермей, ертіп әкелгеніңе үлкен риза болдым. Баяғы күнім болса, келген жолыңа тай мінгізер едім. Қайтейін, бүгін ол қиял ғана. Бар ел, жоқ жай осы. Риза болып мына тонды киіп қайт», — деп алдыма қойды. Ыңғайсызданып қалдым. Көріп тұрған көзіме, естіп тұрған құлағыма сенбеймін бе, жоқ састым ба:
– Құсайынға кигізіңіз, — дей бердім.
– Әй, зерделі қарағым — ай! Құсайынның бағына мен тірі жүрсем, киімсіз болмас. Оның киетін дайын тоны бар, — деп бір тонды теңнен алып шықты. Аузыма сөз түспей, не айтарымды білмей:
– Рахмет, жеңеше! — деп төмен қарап отырып қалдым.
Таңертең ерте оятты. Дайын шайды іштік. Құсайын жалтақтап қыбыжықтап, шайды жөнді ішпеді. Байқаймаймын, еркінде болса, қайтатын түрі жоқ. Ана жүрегі сезді білем, Құсайынға:
– Сабағыңды жақсы оқы. Әкеңнің жоқтығын білдір ме. Әкеңнің орнын басып, мұғалім боласың. Жазғы демалыста екеуің тағы бірге келіңдер. Ақылды бол! – деп баласының басынан сипады. Екеумізге екі дорбаға құрт, бауырсақ, қуырған бидай салып, жол азық берді. Киініп буынып, жолға шықтық. Қаңтардың шытырман суығы болмаса, күн айнадай ашық. Анасы:
– Құр қол жүрмеңдер, — деп, екі таяқ ұстатты. Төңіректі шолып қарап:
– Иә сәт! Ал жүріңдер, — деді. Ауыл мен Тасбекеттің арасы жеті шақырым жер. Шығарып салуға өзі жүрді. Тасбекеттен өтіп, тауға жеттік. Таудан асатын жол терең саймен өрлеп, «Қарала көпір» деп аталатын асуға дейін апамыз ертіп әкелді. Біраз дем алып отырған соң, орнынан тұрып, екеуміздің бетімізден сүйіп:
– Екеуің аға — іні, туыс болдыңдар. Біріңе — бірің ақылшы болып, көмектесіп жүріңдер. Аталарыңның аруағына тапсырдым. Амандықтарыңды тілеймін. Жақсы оқыңдар, — деп қош айтып, қайтып кетті. Артына бұрылып қарамай, суыт кетіп барады. Ана жүрегі толқып, Құсайын «бірдеме» деп қыңқылдай ма деген болуы керек. Сайды өрлеп, біз де ілгері жүріп кеттік. Құсайын жыламсырап, артына жалтақтап қарай береді. «Барғын келмесе, үйге қайт» десем, мізбақпай мені тастап, қайтып кетуге дайын. Шешесі жылушырамай, суыт кеткен соң амалы жоқ, келе жатыр. Күн ашық. Сай іші жазықтағыдай емес, ызың еткен желі жоқ жылы. Қысы — жазы тау жайлайтын «таусырнай» деп аталатын қызыл тамақ, ала торғай тастан тасқа қонып, бізге сәлемдескендей, сырнайлатып қояды. Тау тасы қынасының, тау өсімдіктерінің аңқыған құдыретті тәтті иісі тынысымызды тойдырып, дем бергендей әсер етеді.
Сай жолы ел арасының белгілі қатынас жолы болғанымен ары — бері өткен жүргінші, жолаушы жоқ. Жол екеуміздің меншігімізге тигендей елеңсіз, емін — еркін жүріп келеміз. Үш — төрт кезеңнен астық. Алдымызда неше сай, қанша асу бар оны ескеріп, есептеп келе жатқан біз емес. Саздың кейбір жерлерінен қайнап шығып жатқан қайнар тұма бұлақтар бар. Тау іші жылылығынан суы қатпайды екен. Қайнар бұлақтың бетін бу шалып желпиді. Кез- дескен бұлаққа тоқтап, дорбамыздың бетін шешіп, нәрленіп аламыз. Су ішеміз. Аяндап, аяндап ақыры «Сорқора» деп аталатын асудың үстіне шықтық. Одан ары Арасан бекетіне қарай тау үсті белең- белең жазықты келеді.
Сондықтан қыста жиі боран соғып тұрады. Ерекшелігі сол. Жота үстіне шықсақ боран соғып тұр. Күн батуға таяу. Қарсы боран жолды қармен бекітіп тастаған. Арасанға дейін әлі 10 — 15 шақырымдай бар. Түнде айдалада қалатын қауып төнді. Құсайын:
– Неге жалтақтап қарайсың? — деп сұрап қояды. Мен болсам:
– Әншейін, жай, — деп қоямын. Ол менің сол қолымның ортаңғы саусағынан мықтап ұстап алған. Мен тұра қашатындай жібермейді. Боранды желдің ысқыруы, телеграф бағаналарының гуілдеуі неше түрлі дыбыстар шығарады. Мезгіл — мезгіл Құсайын:
– Арасан қайда? Біз адасқан жоқпыз ба? Адассақ қасқыр жейді-ау, — деп жылағансып, сұрап қояды. Жолды ажыратуға мүмкіндік жоқ. Жүріп келеміз. Ең абзалы тонғамыз жоқ. Шарық, байпағымызды апай қоншылап бергені көрегендік болды. Қоныштан қар кірмеді. Тек шалбардың тізесі суланды. Боран басылар емес. Жылап келеміз. Арасан көрінер емес. Бір мезгілде арт жағымыздан адам дауысы естілгендей болды. Дыбыс ықпалына қарағанда ат айдаған жүргінші сияқты. Есімізді жиғанша болған жоқ, қос ат жеккен шаналы біреу боранды жарып, артымыздан жосылтып келіп қалды. Біз қол ұстасқан бойда жол сілемінен шығып кетіппіз. Екеуміз қол ұстасқан бойда айғайлап, жолға қарай жан ұшыра жүгірдік.
– Ағатай-ау, ағатай! Бізді ала кетші? – деп зарлап. Құсайынға дауысыңды қатты шығарып, жыла деймін. Ол омбыға кіріп, жүре алмайды. Не мені жібермейді. Жүргінші аттары омыраулап ақ қарды жарып келеді. Айдаушы: — Ну-ка рысак! — деп қамшысын үйіріп, жанымыздан өте шықты. Біз жылап, соңынан еріп келеміз. Жүз метрдей озып барып, «тыр-р» деп екпіндете тоқтап, дауыстап жөн сұрады.
– Ей, сабалақтар! Мезгілсіз уақытта, айдалада не қылып жүрген жансыңдар? Не керек? – деп айғайлады.
– Ағатай! Көмектесіңізші? Бізді тастамай, отырғызып ала кетіңізші? – деп жыладық.
– Вот саламати. Мен «кімсіңдер?» деп жөн сұрадым, олар «ала кет» деп зарланады. Өздерің кімсіңдер? — деп ақырды.
– Ағатай, оқушы едік. Қапалға оқуға барамыз. Тасбекеттен келеміз, — деп шанаға жақындадық.
– Кімнің баласысыңдар?
– Құсмолданың баласымын.
– Ол қай Құсмолда?
– Құсмолданың сендей ересек баласы жоқ еді ғой? Сен кімсің?
– Ағатай, мен апамның үлкен ұлымын, — деп жыладым.
– Апыр-ай, әкең көп жолдас болған, досшар адам еді. Болмас тез отырыңдар! – деді.
Жығыла сүйретіле шананың артқы жағына отырдық. Екі ат заулай жөнелді. Боран үдемесе, басылар түрі жоқ. Жүзін көруге мүмкіндік жоқ. Тек дауысын естиміз орысша — қазақша араластыра сөйлейтін, зор дауысты, денелі адам көрінді. Жолаушы:
– Айда Жорька! — деп қойып, артына бұрылды. Бір — бірімізге бұйығып, бүрісіп отырғанға жаны ашыды ма, қалай?
– Әй, торапайлар! Кіріңдер мына тонның астына, — деп тонның артқы етегін көтерді. Екеуміз тонның астына кіріп кеттік.
Тонның астында жылынып, ойға кеттім. 1929 жылдың жазы еді. Егін пісе бастаған кез. Ағайындардың 50 — 60 қойы мен 15 — 16 сиырын қосып, жалданып бағып жүргенмін. Түскі ыстық кезінде сиырға оқыра тиіп, ие бола алмадым. Сиырларды қуып жүргенімде, қойлар тарыға қаптап кетті. Астында ала аты бар екпіндете шауып келген қожайын: «Табаныңнан тартылғыр қу жетім», — деп, ат бауырына алып, қуып жүріп, құрықшамен ұрып, таяққа жықты. Түннің бір мезгілінде орнымнан тұрып, бір түп шиді паналап, таңды атырдым.
Қайтып ауылға бармадым. «Таяқтан өлгенше, қаңғып жүріп саяқтан өлейін» деп ел аралап, қаңғып кеттім. Айға жуық тентіреп, сұрастыра жүріп Қарағаштағы балалар коммунасына барып, үш күн жылап жүріп орналастым. Ала аттының таяғы жолға салды. Терең білім ордасына тап болдым. Өміріме салау-атты жолдама берген тұңғыш тәрбиеші, ұстазым Тілеужанов Құсмолда еді. Мен кіргенде ол тәрбиеші екен. Мені тікелей сол кісі қарамағына алды. Жасы қырықты аралаған адам еді. Қой көзді, сұлу қара мұрты бар. Орта бойлы, қаршығадай сымбат тұлғалы. Ісіне өте ұқыпты, биязы, таза киінетін, мырза жан болатын. Балаларға ақ көңіл, әкелік мейірімі мол, қамқоршы болатын. Мінезі бізді өзіне тартып тұратын.
Күн — түн демей арамызға келіп, еркелетіп ұйықтатып, оятатын да еді. Жақсының жақсылығы көпке ортақ. Бүткіл коммуна оқушылары сыйлайтын. Көпшіл, көптің адамы еді. Мені «өзімнің балам» деп еркелететін. Менде шет қалмай, оның балалары Зейнеш, Түкен, Әділхан, Сара, Адайлармен бірлесе таласып өстім. Біз коммунадан Қапалға оқуға кеткен жылы ол кісі қайтыс болды деп естідім. Баласы Зейнештің техникумды тастап, үйіне қайтып кетуі сол салдардан болды. Құсмолда Тілеужановты «әкем» деп атауымның себебі осыдан.
Жолбарысша атылған екі атқа жол алыс па. Тон астында жылынып та үлгердік. Жолаушы қатаң тәртіппен «тырр» деп атын тоқтатты.
— Ал, торапайлар! Арасанға келдіңдер. Сендерді мен үйге апара алмаймын. Мынау поштаның ат-шанасы. Бөтен адам отырғызуға маған рұқсат жоқ. Сендерге жаным ашып, алып келдім. Түсіңдер. Біреудің үйіне қонарсыңдар, — деді. Білген рахметімізді айтып атайды байытып, шанадан түстік. Көшенің екі жағындағы орыс пен қазақтың қақпаларын қағып жүріп, 8 — 9 үйді өткен соң, бір марқадарлы атай қақпасын ашып, үйіне кіргізді. Атайдың екі бөлмелі жаппа үйі жып — жылы. Ауызғы бөлмесі толы сабан. Түпкі бөлмесі тап- таза сыпырылған, жер еден. Қазандықпен жалғастыра салынған кән. Үстінде тоқымдай ескі киіз. Бүктеулі ескі шекпен мен көрпе жатыр. Қазандық желкесінде ыдыс-аяқтар тұр. Үйде кемпір мен шал. Басқа ешкім көрінбейді. Тек боз қырау қариялар ғана. Мөлшермен екеуі де 70 — 80 жасты алқымдаған жандар. Атайдың кигені тон. Әжейдің үстінде шекпен көйлек, тері желеткі.
– Ал, кемпір! Құдай бермеген баланы ақ боран әкелді. Көшеден таптым. Әлгі көжеңді ысыт. Мына екеуі қалжырап, тонып кетіпті. Жылытайық, — деді.
– Ой, тәңір-ай! Мына сырапыл ақ боранда адаспай, қорықпай қайдан жүрген балалар? Қарақтарым-ай, қазір, қазір, — деп шешей сабанды жағып, қазанға кірісті. Атай бізді шешіндіріп, су киімдерімізді керегедегі шегеге іліп қойды. Атай:
– Төрге шығып отырыңдар», — деді. Кән ыстық екен. Тонып қалжыраған денеміз жыли бастады. Әжей де тамағын қузап жіберді. Ала шекпен дастархан жайып, екі аяқ көжені алдымызға қойды. Қою бидай көже екен. Ыстық көжені қапырақтата іше бастадық.
– Ішіңдер қарақтарым, жылыныңдар. Нан деген бізде жоқ, балапандарым, — деді әжей. Әжейдің нан дегенінінен, қасымдағы Құсайынға:
– Дорбаңды әкел? — деп сыбырладым. Құсайын:
– Қайда қалғанын білмеймін. Дорбам жоқ, — деп жыламсырады. Өз дорбамды әкеп, бауырсақтардан ата мен әжейге:
– Жеңіздер, — дедім.
– Қарағым-ай, тондыңдар ғой, өздерің жеңдер, — деді әжей.
– Жарайды. Бұйырған дәм ғой, — деп екеуі бауырсақтан алып, бір-бір кесе шай ішті. Іш — сыртымыз жылынып, есімізді жидық. Атай дастархан шетін қайырып жинап, әжейге қарай сырып, бізге қарап сөйлеп кетті.
– Ал, балалар, жылынған шығарсыңдар. Жөндеріңді айтыңдаршы? Борандатып қайдан келесіңдер?
– Ордабайдан келеміз. Қапалда оқушы едік. Каникульға үйге барғанбыз.
– Кімнің баласы едіңдер?
– Мынау Қабидолланың баласы. Мен Құсмолданың баласымын.
– Ой, тоқтаңдар. Сендер Көлдейсіңдер ме?
– Иә.
– Апыр-ай! Бұрын мына Баянжүректе қыстайтын Нұрбектің Қабидолласы, Маманың Құсмолдасының баласы болдыңдар ғой. Солай ма?
– Солай ата. Одан арғысын атай өзі талдап таратып, көп өмірді түсіндіріп айтып берді. Бұл кісі біздің елде көп жыл жүріп, тұрмыс құрып, үй болып, араласып өскен адам болып шықты.
– Қарақтарым-ай! Тіпті өзіміз білетін кісілердің балалары екенсіңдер ғой. Мына боранда қалай жеттіңдер? – деп әжей де сөзге араласты.
– Сорқораның үстіне шыққанымызда артымыздан пошта тартқан бір ат-шана кездесіп, алып келді, — дедім.
– Е, әлгі көрші Сама екен ғой. Оны халық «шала хахол» деседі. Осы жолы адамшылық жасаған екен. Әйтпесе, бұлар боран астында далада қалады ғой? Жарайды, жағдайларың түсінікті болды. Атай ауыз үйден құшақ — құшақ сабан әкеп төседі. Екеумізді сабанға орап жатқызды. Сыртымыздан тонымызды жапты. Екеуміз бұйығып, бойымыз жылып, ұйықтап кеттік.
– Көрші, мына сабанға орап тастаған торапайларың кім?- деген дауыстан оянып кеттім. Дауыс таныс. Ойыма түсе қалды. Түндегі өзімізді алып келген пошташы ағай. «Атайға айтып қойдым-ау, ұят болды» деп іштен тынудамын. Атай:
– Түндегі өзің әкелген оқушылар ғой, — дей салды. Жолаушы ағай ат сайманын сұрап келген екен. Бөтен сөз айтпай, керегін алып, кетіп қалды.
– Бала қонақтарым тұрыңдар. Тамақтанып алып, ертерек жүріп кетіңдер. Алдарыңда 35 шақырым жол бар. Күн ашылыпты, — деп ата оятты.
Әжейдің жылы суымен жуынып, шайға отырдық. Қуырған бидаймен шай іштік. Дорбадан дәм салайын деп едім, атай салғызбады.
– Жол ұзақ. Елсіз. Өздеріңе жолда азық етіңдер, — деп тигізбеді. Мен:
– Атайдан таңертеңгісін келген кім? — деп сұрадым. Атай:
– Пошташы Сама, өздеріңді әкелген, — деді. Киімімізді киіп, жолға шықтық. Әжей қалтамызды толтырып бидай салып берді. Атай ауыл сыртындағы жотаға дейін шығарып салды.
– Жол ұзақ. Жолда ойнап қалмаңдар. Тереңөзектен ерте өтіңдер. Ит — құсы көп, қауіпті жер. Сақ болыңдар!» — деп ескертіп қоштасты.
ШОҚПАР МЫРЗАҒҰЛДЫҢ АСЫ
1927 жылы 15 қыркүйекте Аталық — Шоқпар Мырзағұлдың асы өтті. Ас Қасқалдақтың оң жағы, Қарауылдың бергі жағында жасалды. Астың болатыны жайлы үш ай бұрын Садыр, Матай еліне сауын айтылып шақырылды. Көптеген қазақ үйлер тігілді. Оның ішінде Сәрметен қажының баласы Сазанбайдың, Тастемір Арнайдың, Қоңырбай Бұрғанбайдың қазақ үйлері көз тартады.
Ол тігілген үйлер үлкен сый—сияпатқа ие болды. Асты қадағалап, бақылауға кеңес өкіметі Талдықорған мен Сарқаннан милициялар шақыртты. «Ас бұзылады» деп қорқып, Қаптағай елінен ешкім ас өткізу ақылына алынбады. Ол кезде Қаптағай елінің бетке ұстары Маман-Тұрысбектің ұрпағы Құдайберген еді. Асты өткізуге комиссия құрылды. Комиссия құрамына:
1. Түйтебаев Тұрлыбек – Кенжеден.
2. Сарбасов Арнай – Кенжеден.
3. Шиырбаев Малай мен Қанабек – Аталықтан.
4. Базарбаев Тәсібек, Сыдық – Садырдан.
5. Нүсіпұлы Үпі қажы – Кенжеден.
6. Жортуыл – елі Қаракерей, Шоқпар Шөтікұлы Мырзағұлдың досы кірді. Қаракерей Жортуыл Мырзағұлдың асына қасына отыз адам ертіп, «бауырымдап» ат салып келген еді. Оларды Малай мен Қанабек көрісіп, қарсы алды. Аста күрес «палуан» бәйгесі болатыны хабарланды. Күреске үш бәйге берілетін болды. Бірінші, бас бәйгеге бұзаулы сиыр. Әр рудан палуандар күресті. Бас бәйгені Сақай — Балға — Балта Түйешінің Саймағы жеңіп алды.
Ат бәйгесі «аламанға» тоқсан ат шапты. Аттар «Матайбай» жотасында айналма шапты. Бас бәйгеге отыз өгіз, бір атан түйе тігілді. Ат бәйгесінде Сақай-Тастемір Сарбастың Арнайының қызыл аты алдымен келді.
Өнер «көз» жарысында Сақай-Жетібай руынан, қобызшы Байсақұлы Молықбай бас жүлдені, Сақай-Қонырбай соқыр Шөмшетайұлы Бекетбай ақын екінші жүлдені иеленді.
Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ.