ТУМА ТАЛАНТ, ДАРЫНДЫ АКТЕР

Қазақ киносының саңлағы, жерлесіміз, Абай рөлін нақышына келтіріп сомдаған дарынды актер, тума та­лант иесі — Болат Мәзімбайұлы Әбділмановтың Қаракөз ауылындағы орта мектепті бітіргеніне биыл 45 жыл толады екен. 25 мамырда мектепте өтетін «Соңғы қоңырау» шарасына бірге оқыған қазіргі тілмен айтсақ сыныптастарымен бірге 45 жылдық кездесуге келеді.

Жерлесімізді баска жұрт құрметтеп жатқанда біздің үндемей жатқанымыз шынымен де ұят болар, Ілияс ата­мыз айтқандай «Өз елі ескермесе өз ерлерін, ел тегі алсын қайдан кемеңгерін»,-дегендей осы мерекеде Кенғарын ауылындағы мектептен Болат Әбділмановқа арналған кабинет ашылғалы жатыр екен…

Бұл да бір қуанышты сәт.

Осыдан 45 жыл бұрын 1977 жылы Қаракөз ауылындағы орта мектепті бітірген жылы аудандық «Өмір нұры» газетіне «Соңғы қоңырау» деген өлеңім шығып еді – дейді дарынды актер. Осы мақаланы жазар­да менің Болат ағамызбен ұқсастығымды байқадым. Менің де «Өмір нұры» газетіне ең алғаш шыққан өлеңім «Соңғы қоңырау» болатын:

Ғарыштағы арманды,

Қол созым жерге ту етіп.

Қоңырау соңғы соғылды –

Мектептің алды ду етіп – деп басталатын. Сосын тағы бір алғашқы өлеңім бар:

Алтын ұям мектебім,

Өзіңде өстім, көктедім.

Тоғыз жыл бойы уақыттың,

Білмеппін қалай өткенін.

Енді Болат ағамыздың өлеңіне назар аударайық:

Асқар биік алтын ұя мектебім,

Өзіңде өтті небір ерке көктемім.

Алдым білім он жыл оқып саяңда,

Енді міне аштым өмір беттерін – дейді. Иә, мектептен алған біліммен, соңғы қоңырау үнімен өмірдің жаңа беттерін ашады. Ары қарай:

Есімде алғаш күміс қоңырау сыңғыры,

Ұласты оған соңғы қоңырау мұңды үні.

Ұстаздармен қоштасамыз соңғы рет,

Алда өмір асқаралы, дүбірлі – деп қорытындылайды. Өмірдің жаңа беттерін ашып, асқаралы дүбіріне дүбір қосып, болашаққа жол тартқан ағамыз, осындай беделді азамат боларын сол кезде білгендей.

Ақсу ауданы қаншама дарындардың киелі мекені, Ілияс атамыз Қазақтың үш арысының бірі. Осы Ақсудың топырағынан нәр алған Болат ағамызда Республикамызға, тіпті шет ел­дерге танымал актер, тума та­лант. Сондықтан ағамыз тура­лы әңгімемізді Республикалық Ілияс оқуларымен қатар салып отырмыз.

Болат ағамыз 1960 жылы 12 қарашада Алматы облы­сы, Ақсу ауданы, «Кеңқарын» ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Қарагөз ауылының «Қызылорақ» орта мектебінде 10 — жылдық мектепті бітірген. 1978 — 1982 жж Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген.1982 — 1984 жылда­ры Совет армиясы қатарында Отан алдындағы борышын өтеген. 1984 жылдан бастап Ғ.Мүсірепов атындағы жа­стар театрында қызмет жасап, Театрдағы қызметі барысын­да актерлік шығармашылығын шыңдап, шеберлігімен көзге түсті. 1993 жылдан бастап М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың актері.

30 жылда кино саласы­на сіңірген еңбегі үшін «30 жылға 30 есім» атты Ұлттық жобаның жеңімпазы Тәуелсіздік тарландарының бірі, нағыз Тәуелсіздік тұлғасы. «Құлагер» сыйлығының, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Президентіміз Қасым — Жо­март Тоқаевтың «Алғыс хат­тарымен» марапатталған, Тәуелсіздікке 10 жыл, 20 жыл, 25 жыл медальдарының иегері. «Жерұйық» фильміндегі Орын­бай рөлі үшін «Жылдың ең үздік киноактері» және Абай рөлі үшін «Театрдың ең үздік актері» номинациясын жеңіп алған. (2001 — 2020 жылдар) Өз мамандығының хас шебері ретінде Болат Мәзімбайұлы Әбділманов ағамыз өз кейіпкерлерін сомдағанда оның ішкі дүниесін ашуға тырысты.

Театрда 100-ге тарта, кинода 100-ден аса рольдер ойнаған, оның ішінде Одақтың және шетелдік кинолар бар. Абай, Сұлтанмахмұт, Мұқағали, Пет-ручио, Фрунзе, Сталин, Ли­зандр, Жошы хан, Арыстан, Қодар, Қожажас мерген, Адам Ата, Баймағамбет, Орынбай, Жанбай, Бөгенбай, Ералы т.б рөлдерді сомдаған. Ілиястың 100 жылдығында «Ілияс», Абайдың 150 жылдығында «Абай», Жамбылдың 150 жылдығында «Жамбыл», М.Әуезовтың 100 жылдағында «М.Әуезов», Сәтбаев мерейтой­ында «Сәтбаев», Тәуелсіздіктің 10 жылдығында «Абылай­хан» рөлдерін сомдаған және тағы басқа да мерейтойлар­да атсалысқан. 2021 жылы «Абайдың 175 жылдығына» ар­нап, «Алаш» әдеби сый иегері Мадина Омаровамен бірігіп «Абайдың жұмбағы» атты пьеса жазған. Сол пьесадағы Абай рөлі үшін «Қарашаңырақ» фестивалінде «Ең үздік актер» номинациясын жеңіп алған. 5 баланың әкесі. Ұлы Иманғали Мәзімбаев әке жолын қуған актер. «Аңшы бала», «Махам­бет», «Балтакөлде бақытым», «Қазақ хандығы», «Туған жер», «Ақжауын», «Бақытсыздар бағы» сияқты басқа да филь­мдерге түскен. Басқа балала­ры әр саланың жоғарғы білімді азаматтары.

Үржар қаласының атын Қаракерей Қабанбай атына ауыстыру туралы мәселені көтеріп, ел ағалары мен та­рихшылар басын қосып жи­ындар өткізуші бастамашы белсенділердің бірі…

Болат ағамыз мереке қарсаңында білім нәрімен сусындаған өскелең ұрпаққа Жаңа Қазақстанның жаңаруы үшін, соның кірпіші болып қаланатын әрбір білімді, на­мысты, саналы түлекке ақ жол тілеп, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы бол­сын. Күніміз шуақты болсын, Қазақстанымыз қуатты болсын деген тілегін білдіреді.

Ербол СЫМХАНОВ,

Мәліметпен бөлісу: