Алматы облысындағы жылдағы дәстүр бойынша «Мың бала» олимпиадасының екінші кезеңі бастау алды.
Ауылдық жердегі дарынды балаларды анықтауға арналған жобаның жүзеге асқанына 3 жыл. Биылғы жылы аталмыш білім додасының екінші кезеңні 28-29 сәуір аралығында өткізіледі деп жоспарланған.
«Мың бала» олимпиадасының 2-кезеңіне Алматы облысынан 587 бала іріктеліп өтті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің 08.02.2022 жылғы №18-2/225 хатына сәйкес олимпиаданың 2-кезеңі ағымдағы облыстағы «U-study» базаларында өтуде»,-дейді «Ел үміті» бастамасын жүзеге асыру және мониторингілеу бөлімінің меңгерушісі Рита Сайдгариева.
Ауылдық жерде оқитын оқушыларға арналған бұл олимпиада да қатысушылар «Математикалық сауаттылық», қазақ тілінде оқитын оқушылар үшін «Қазақ тілі», орыс тілінде оқитын оқушылар үшін «Орыс тілі», «Ағылшын тілі» және «Жаратылыстану» пәндері бойынша академиялық білімдерін бағалау мақсатында компьютерлік тестілеуден өтеді.
Айта кетейік, Ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» олимпиадасы «Ел Үміті» бастамасы аясында өткізіледі. Олимпиаданы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры ұйымдастырады. «Мың бала» олимпиадасына қатысу — тегін.
«Мың бала» олимпиадасына Қазақстан Республикасының ауыл мектептерінде соңғы екі оқу жылында білім алып жатқан 5,6-сынып оқушылары және бұған дейін олимпиадаға қатысқан ауыл мектептерінің 6-сынып оқушылары қатыса алады. 6-сыныпта оқитын жоба жеңімпаздарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген квотаға сәйкес дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейіне, Республикалық физика-математика мектебіне және «Дарын» мамандандырылған мектебіне грант алу мүмкіндігі беріледі.