Қазақ тілі – қазақ халқының бірегей құндылықтарының бірі

     Қазақ халқы қашаннан өзіне тән ұлттық ерекшеліктері мен құндылықтарының құнын түсірмей ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, бүгінгі заманымызға жеткізді. Бабалардан мирас болған осы бір бірегей болмысымыздың бүлдіргесін бүлдірмей, құндылығымызды қадірлеу қазіргі қазақтардың қаперден шығармауға тисті қағидаларының бірі екені белгілі.

     Рухани құндылығымыз ретінде түркілік тамырымыздан тарап, қанымызда қалған қазақы қасиеттеріміз, дін исламмен долайласқан дәстүрлік дағдыларымызбен тіліміз – тіршілігіміздің тынысы әрі тілге тұтарлық тұғырымыз болмақ.  Енді осы тұғырымызды тұмандатпай, тұмшаламай, тұнығымызды лайламауымыз лазым. Сол лазымдардың ішіндегі «лауазымы биігі» – тіл десек  теріс болмас. Өйткені, ұлтты ұйытар ұлағаттардың ұлысы  – тіл. Әлбетте, қазақ тілі.

      «Байырғы баба тілім – ана тілім,

      Ана тілім – абырой табатыным.

      Ана тілім – арысқа салатыным,

     Ана тілім – серпіні қанатымның», – демекші, бабаларымыздың бай мұраларының абыройлысы да, қайбір халықтың тілімен салыстырып, арысқа салсаң алып ұратыны да, тұғырлысы және туы биігі осы тіліміз десек талас тумасы анық!…

       «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген», – деп Жұбан ағамыз жырлағандай, тарихта талай тобырға тап болып, тоналса да мың өліп, мың тірілген қазақтың тамырына балта шапқысы келетін кейбір күштердің көксегені бола қоймады. Себебі, қазақты ұлт ретінде жойылып кетуден қорғайтын құрыш қамалы – тілі мен діні, дәстүрі сынды құндылықтары тұрғанда қазақ қашанда қазақ болып қала бермек. Ғасырлар бойы ірге тасы табжылмастай қаланған қазақ қамалын ешкімнің еншілей алмасы анық. Демек, гәп өзімізде. Тек, өз қамалысызды өзіміз қиратпасақ болғаны. Бұлай деуіміздің де белгілі себептері бар. Өз ішімізде қазақ тілі десе кежегесі кері тартып тұратын керауыздардың кердеңдеп жүргені жүйкемізді жұқартып-ақ жібереді. Дінімізді де додыратып, топ-топқа бөліп, тобырға айналдырғысы келетін кеселдерге де күнде куәміз. Дін демекші, ислам дінінің даламызға дендей кіруіне орай, тіліміздің де шұрайы артып, өрісі кеңейгеніне тарих куә. Тіл мамандарының зерттеуіне зер салсақ, араб, парсылардан дінмен бірге онсегіз мыңнан аса сөз тіліміздің қорын толтырыпты. Міне, осындай хақ дінмен біте қайнасқан, бай да байырғы баба тілімізді менсінбейтін дүбәраларға қарап қарның ашады.

      Тіл – ұлттың келешегі. Тіл жойылса, сол тілді тұтынушы ұлт та жойылғаны. Ал, бір ұлттың жойылуы адамзат өркениетінің өрісі тарылып, тынысы тұншыққаны.

      Ендеше, сол өркениеттің өзегінде өзіндік орны бар қазақтай халықтың тілін сақтау, адамзат мәдениетінің жауһарын сақтау деген сөз. Қазақ тілін сақтау – ата-баба аманатын сақтау деген сөз. Қазақтың тілін сақтау – Алла Тағаланың әміріне итағат қылыу деген сөз.

     Алла Тағала қасиетті Құранда:  

           « … Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді үлттар, рулар қылдық. Шынында Аллаһ алдында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Аллаһ толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – дейді. («Хұжрат» сүресі, 13-аят).

        Иә, Алла Тағаланың өзі адамзатты рулар мен ұлттарға бөліп жаратыпты. Ал, сол ұлтты қалыптастыратын басты фактор тіл екенін білеміз. Олай болса, сол тілді сақтауға тырыспаудың өзі, Алла Тағаланың жаратылысын жоққа шығару деген сөз. Жаратушының жаратқанын жоққа шығару, шын мәнінде Алла Тағалаға қарсы келу. Ал, Алла Тағалаға қарсы келіп, тегін білмей тәңіріне тепеңдеу – ібілістің ізіне еріп, шайтанның шырмауына шатылу болмақ.

        Алла Тағала: «Сақтансаң сақтаймын!», – деген.

        Сақ болайық!…

  «Алматы облысы дін істері басқармасы» ММ

«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының» 

 Жамбыл ауданы бойынша дінтанушы маманы                       Б.Тоқай.

Тел: 8(727)7020281,  8-771 127 33 27.

Мәліметпен бөлісу: