САУДАДА ӘДІЛ БОЛУ

Мейірімді, рахымды Аллаһтың атымен бастаймын!

Адам өмір сүру үшін тіршілік жасауы ке­рек. Ал, тіршілік кәсіптен тұрады. Біреу егін ексе, біреулер мал бағады. Кейбіреулер бағбандықпен айналысса, енді біреулер сауданы қол көреді. Дініміз әрбір пен­деге еңбектеніп, тіршілік етуге үндеген. Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: — «Ешбір пенде өз еңбегінен артық хайырлы тағам жемеген. Алланың елшісі Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар да еңбектеніп, өз қолымен тапқанын жеген». Ең маңызды нәрсе Алла Тағала адам баласына тек адал жолмен мал табуды, адал жолға жұмсауды, арамнан алыс бо­луды бұйырған білуі.

Ислам діні сауда жасауды адал етті. Бірақ, адал, өсім араласпаған сауда ғана адал болып табылады. Құранда бұл жайында Алла Тағала былай дейді: «Алла сауданы халал, өсімді харам етті» («Бақара» сүресі, 275-аят).

Ислам саудаға рұқсат берумен қатар табыстың негізгі көзі екендігін де айтып өткен. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жай­ында: «Ырыстың онда тоғызы сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асы­рап сатуда», – дейді. Және бір хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың сала­уаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Сенімді, дұрыс сауда жасаған кісі қиямет күні пайғамбарлар, сыддықтар (шыншыл­дар) және шәһидтермен бірге болады».

Ислам сауда жасауды ешқашан да тыймаған, керісінше насихаттаған. Алай­да сауда мәселесінде адалдықпен қоса ережелері бар. Хазреті Омар (Алла оған разы болсын) халифа болған дәуірінде: «Ислам ережелеріне сай сауда-саттық жасауды білмейтін адам біздің базары­мызда сауда жасамасын…» деген жарлық шығарғаны мәлім. Сол үшін сауда жасай­тын адамдардың ислам ережелеріне сай сауда-саттық жасауды білуі керек. Біз бүгін сауда жасаудағы екі негізгі ереже жайлы айтамыз:

1). Таразы мен өлшемде (метр) әділ болу. Бұл жайында Құранда былай дейді: «Өлшемде әділ болыңдар. Таразыдан жемеңдер» («Рахман» сүресі, 9-аят). Сондай-ақ, Мутаффифин сүресінің 1-7 аяттарында: «Кем өлшеушілерді қарғыс атсын! Олар біреуден алғанда толық алады да, басқаға өлшеп бергенде кемітеді. Сонда олар қияметте қайтып тірілетіндеріне сенбей ме екен? Ол күнде адам біткен күллі әлемнің Иесінің алдында тікесінен тік тұрады. Ондай­лар (өлшеммен, таразыдан) жегенін қойсын. Жаман адамның амалы сөз жоқ сиджинде тұрады», – делінеді. Демек, саудагерге қойылатын басты талап – метрмен өлшеп берсе, алдамай, дұрыс өлшеуі тиіс. Сол секілді тартып берсе де, таразыдан жемеу керек. Базардағы кейбір саудагерлер қайсы бір зат бол­масын таразыдан жеу арқылы пайда табудың жолын іздеп, соны әдетке ай­налдырады. Алушыны алдағанымен бүкіл әлемнің жаратушысы Ұлы Алланы қалай алдамақ? Бұл өмірдің уақытша, ақыреттің сынағы екендігін біле тұра бес-он теңгеге бола қалайша ар-ожданын, ұятын ойламайды?

Алайда, бес күндік пайда үшін ақыретін тозаққа айналдырып алмау­ды ұмытпағаны жөн. Адал болып, азда болса тапқан нәпақасының берекесін Алладан тілеу – шынайы мұсылманның сипаты. Береке көп табуда емес екенін білуіміз керек.

2). Тыйым салынған харам затты сат­пау. Алла тағала мұсылмандарға ха­лал мен харам дүниені нақты белгілеп берді. Тыйым салынған амалды жасау қаншалықты күнә болса, ішіп-жеуге тыйым салынған азық та соншалықты күнә болмақ. Айталық, доңыз етін, өлексе, арам өлген малдың, жыртқыш аң — құстардың етін жеу, шарап, қан ішу секілді тыйым салынған әрекеттерді баршамыз білеміз. Міне, осындай ха­рам заттарды сату да шариғат бойынша күнә саналады. Мысалы, ішімдік жайын­да бір хадисте былай делінеді: — «Алла ішімдікке, оны ішкенге, оны ұсынғанға, сауда үшін сатып алғанға және сатқанға, оны езген, ездірген, тасыған және тасытқанға лағынет етсін». Ал мына хадисте пайғамбарымыз: «Алла тағала ішімдікті және оның ақшасын харам етті. Сол секілді арам өлген малдың етін және ақшасын харам етті. Шошқаның етін және ақшасын да харам етті» – деп, мұндай тыйым салынған заттарды қолдану тұрмақ, оны сатып, түскен пай­дасын жеуді де біздерге харам етуде. Олай болса, өзім жемесем, ішпесем болғаны деп, шошқаның етін және арақ-шарап сатып нәпақа табу шариғат бой­ынша құпталмаған сауда ісіне жатады.

Демек, шариғат біздерге сауда жа­сау барысында осындай ережелерді орындауымызды талап етеді. Алла баршамызға адал рызық — несібе нәсіп еткей!

Ақсу аудандық мешіті.

Мәліметпен бөлісу: