Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай, Ойтоған ауылдық округі жастарының ұйымдастыруымен «Қазақ халқының бір өнері — саятшылық» тақырыбымен өскелең ұрпаққа насихаттау барысында, ұмыт болып бара жатқан осынау ұлттық өнерімізді жаңғыртып, ат үсті спорт ойындарының жетекшілерінің ұйымдастыруымен ауыл жас- тары арасында саятшылық құрып, жан — жақтан жастарды тартып, Ойтоған ауылының төбе қырларын шарлап, жақсы бір саятшылық өткізілді.
Құс салсаң, ит жүгіртсең
бабын тауып,
Басталар сонда қызық сайран — сауық.
Түлкі алса, қасқыр алса қыран құстар,
Мәз болар саятшылар қиқу салып.
Ұмыттырар уайым мен бар қайғыны,
Тазылар қара құйрық, қарсақ алып.
Батасың шын қызыққа саят құрсаң,
Шалқып бір шын көңілден рахат тауып, – деп ақындар тербеле, тебірене жыр еткендей, қазақ халқының саятшылық өнері адамдар көңілін көтеріп, жан — дүниесі мен рухын сергітуде дүниеде теңдесі жоқ ғаламат өнер. Оған ұлы табиғаттың қыр — сырын жетік меңгерген, аң-құстың тілі мен бағып — баптау өнеріне жүйрік, білімі терең, тәжірибесі мол нағыз сегіз қырлы, бір сырлы саятшылардың ғана қолы жетеді. Ойтоған ауылының атқа құмар саятшылықпен айналысатын жігіттерінің бірі Құсмиолдин Берікбол, Секенов Дарханның ұйымдастыруымен жан — жақтан тартылған жастар бұл саятшылықта ертіп келген иттері мен тазыларының бақтарын сынады.
Ойлы — қырлы қамысы көп, ши құрағы жыңғылы аралас төбелерде тазылары да барынша өз мүмкіндіктерін жібермеді. Ит жүгіртіп, құс салуда қазақ халқы кез — келген итті жүгіртіп, кез — келген құсты сала бермейді, қайта иттердің ішіндегі арлан, сырттан, мойнақ секілді ең күшті үлкен иттер мен құмай тазы, тайған тектес ерекше жүйрік алғыр иттердің бабына қарай жүгірткен. Осындай ұмыт бола бастаған ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген жігіттер Ойтоған жастарына қонақжайлығымен ұйымдастырған осы бір шараға көңілдері толып, қанжығалары майланып қайтты. Дәстүрді ұлықтап, саятшылық өнерін насихаттауда жастардың ұйымдастырған бұл шарасы көпті қуантатыны анық. Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толу мерекесі қарсаңында өткізілген бұл шараға атсалысқан ауыл жастарына үлкен алғысымызды білдіреміз.
Бақ — берекесі тұрақтаған ауылға қонақтайды,-демекші жастарымыздың бастамасына Бақ қонсын!
Ұлан ЖЕСЕКБАЕВ,
«Nur Otan» бастауыш партия ұйымының мүшесі, Ойтоған ауылдық жастар спорт нұсқаушысы.