Егемен елдің отыз белесі, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құтты болсын! Бірегей бейбітшілік пен тұғырлы тұрақтылықтың символына айналған Отанымыздың бүгінгі келбеті ең алдымен еріне сенген елі мен Елбасының еңселі ерлігінің айнасы.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы шынайы даму мен ілгерілеудің айнымас жетістігі. Оны әрбір қазақстандық көріп қана қоймай, жүрегімен сезініп, болашаққа жаңаша серпін алуда. Қасиетті Отанымыз осы уақытқа дейін әлем келбетінде өз орны бар, келешекке деген ортақ мүддесі мен мақсаты айқындалған мемлекетке айналды. Жасампаз ұрпақ бабалар аманатын арқалап, жаңа өркениет көшінде жаңғыруға бет түзеді. Көш басын түзеген Тұңғыш Президентіміз Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың айырықша стратегиялары мемлекеттің іргесін бекітіп қана қоймай, әлемдегі ең дамыған 40 елдің қатарына қосты. Тәуелсіздіктің тұғырлы орнын әлем шарайнасында шегендеп, территорияны бекітті. Тәуелсіздіктің бақытты жастары әлемнің әр қиырында білімін шыңдауға қол жеткізіп, еліміздің дамуына үлесін қосып келеді. Бүгінге дейін әр саладағы жетістіктеріміз мемлекетімізді бұрынғыдан да жандандыра түсті.
Сол себептіден, ширек ғасырға жуық ел егемендігінің қасиетті тойы барлық қазақстандықтар үшін ерекше мәнге ие болатыны сөзсіз. Ең бастысы, Отанымыздың гүлденуі үшін әрбіріміз атсалысуымыз қажет деп ойлаймын. Мәңгілік елдің қасиетті мейрамы мәңгілік тұғырлы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Марат ЕСТІБАЕВ,
І.Жансүгіров атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, аудандық мәслихат депутаты.
Қызылағаш ауылы.