Көреалмаушылық (хасад) дегеніміз Алланың өзінен басқа пендеге берген нығметін одан қызғану, онда болмауын қалау деген сөз. Мәселен, біреудің жақсы жұмысын, көрікті үйін, келісімді көркін,еңбекқорлығын, мал-мүлкі мен жетістігін көре алмай қызғанып, ол нығметтің одан кетіп, өзіне келуін қалау – көреалмаушылық болмақ. Ал бақ пен дәулеттің біреуден кетуін қаламай, өзінде де болуын қалау көреалмаушылыққа жатпайды. Оған қызығу, тілеулес болу дейміз. Бұрынғы өткен ғұламалар: «Көреалмаушылық аспандағы ең алғашқы жасалған күнә. Ібіліс Адам (а.с) пайғамбардың мәртебесі мен дәрежесіне іштарлық етті. Сонымен бірге, жер бетінде де ең әуелі жасалған қылмыс пен күнә көреалмаушылықтың салдарынан болды. Адам (а.с.) ұлдары бірін — бірі іштарлық кесірінен өлтірді»,-деген.Абдулла Ибн Омар (Алла ол кісіге разы болсын) жеткізген хадисте: «Тек екі нәрседе ғана қызғаныш танытуға болады. Алла Тағала Құран беріп, онымен күні-түні құлшылық жасаған және Алла Тағала мал-дүние беріп, күні-түні қолындағы дүниесімен қайырымдылық еткен кісіге» (Бұхари). Яғни, хадисте айтылғандай менде Алла жолында алған білімімді, дүниемді тарқатсам деген қызғаныш жасауға болатынын айтылған. Бауыржан Момышұлы атамыз: «Күншілдік, көреалмаушылық, іштарлық барлық пенделерде болады. Олар яғни, іштарлық, күншілдік, көреалмаушылық улы жылан секілді. Бас көтертпей, мыжып тастау керек. Іштарлыққа бой алдырып, ой жеңгізсең, ұлтыңа құштарлықпен қызмет ете алмайсың» деген. Бұрынғы өткен заманда сұлтанмен дастарқандас, ақыл-кеңес беретін данышпан болыпты. Сұлтанның құзырынан шығып кетер кезде данышпан: «Жақсы адамға жақсылығына жараса жақсылық көрсетіңіз, ал жаман адамға сол өзінің жамандығы жетіп артылады»,-деп қош айтысатын көрінеді. Данышпанның патша құзырындағы мәртебесі мен биік дәрежесін көрген сарайдағы қызметкерлердің бірі іштарлық етіп, көңілін қызғаныш билейді. Ақыры бір орайы келгенде: «Әлгі кісі сіздің бойыңызда жаман иіс бар», — деп ел-жұртқа айтып жүр, — деп данышпанды сұлтанға жамандайды. Патша: «Оның мұнысы қалай?», — деп ашуланады. Әлгі іштар көреалмаушы: «Келесі жолы құзырыңызға келгенде, өзіңізге жақынырақ шақырыңыз. Сонда оның сізден жиіркеніп мұрнын басқанын өз көзіңізбен көресіз»,-деп сөзін қуаттай түседі.Мұнан соң, жоспары толығымен жүзеге асу үшін данышпанды үйіне қонаққа шақырады. Іштар тамаққа сарымсақ пен пиязды қосып әзірлетеді.
Данышпан да шақыруды қабыл алып, іштар бейбақтың үйінен дәм татады. Ертеңіне патшаның нөкерлері данышпанды сарайға алып келеді. Сұлтан біраз әңгіме-дүкенді сылтауратып данышпанмен сұхбат құрады. Ол жақынырақ келсе, данышпан аузы-мұрнын қайта-қайта қолымен бүркей береді. Сұлтан оның бұл оқыс әрекетіне біраз шамданып қалады. Данышпан сарайдан шығар кезде әдеттегідей: «Жақсы адамға жақсылығына жараса жақсылық көрсетіңіз, ал жаман адамға сол өзінің жамандығы жетіп артылады», — деп айтады. Сұлтан: «Мынаны ауыл әкіміне бер, не істеу керегін өзі біледі», — деп оның қолына хат береді.Сұлтанның құзырынан қаннан қаперсіз шыққан данышпанды аңдып тұрған қызметкер жетіп келеді. Қолындағы хатқа көзі түсіп, мән-жайды сұрайды. Ауыл әкіміне табыстау керек дегені сол-ақ екен қызметкер жармаса кетеді. Әдетте, сұлтан хатты біреуге сый-сияпат тағайындағанда беретінінен хабардар іштар қызметкер: «Мен-ақ апарып берейін», — деп тұрып алады. Данышпан: «Дегенің болсын» деп хатты ашпай-ақ ұстата салады.Іштар бейшара алып-ұшып ауыл әкіміне барады. Хатты ашса: «Хатты алып келушінің басын ал!», — деген бұйрық берілген екен. Сый-сияпаттан дәмеленіп келген бейшара зәре-құты қалмай: «Хат менікі емес, патша оны растай алады. Сенбесеңіз сұраңыз»,-деп сау басына өзі пәле тілеп алғанын түсінді. Бірақ кеш еді. Әкім: «Сұлтанның әмірі екі етілмейді»,-деп көреалмаушының басын шабады.Данышпан әдеттегі қалпымен бірер күннен кейін патшаның құзырына келеді. Патша қонағы кіре салысымен: «Менің хатым қайда, оны не істедің»,-деп жөн сұрайды. «Сарай қызметкері өтініп қоймаған соң, сіздің сыйлығыңызды сол-ақ алсын деп бере салдым»,-деп ағынан жарылады. Сонда патша: «Сол қызметкер сен менің бойымда жаман иіс бар деп ел-жұртқа айтып жүр деп еді, сол рас па?!»,-деп сұрайды. «Уа, сұлтаным! Алла сақтасын, мұндай жалған сөзді қалайша дәтім барып айтамын», — деді. Сонда сұлтан: «Жарайды, дегеніңдей-ақ болсын! Онда неге өткен жолы мұрныңды тұмшалай бердің?»,-деп қайта сұрақ қояды. Данышпан: «Уа, сұлтаным! Күні кеше Сіздің сол қызметкеріңіз қонаққа шақырған еді. Сарымсақ қосылған асты жегендіктен иісінен қысылып, ауыз — мұрнымды жабуға тура келді», — дейді. Сонда сұлтан: «Айтқаның рас. Жаман адамға сол өзінің жамандығы жетіп артылады»,-деп данышпанның сөзін қайталаған екен.Пайғамбарымыз; (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Бір — біріңді жеккөрмеңдер, бір — біріңе көреалмаушылық жасамаңдар, бір — біріңе айла — шарғы жасамаңдар! Ей, Алланың құлдары! Бір — біріңе бауыр болыңдар! Мұсылман өз бауырына үш күннен артық ренжуіне рұқсат жоқ» (Бұхари, Мүсілім) – деген. Әбу Һұрайра (Алла ол кісіге разы болсын) жеткен хадис-те: «Көреалмаушылықтан сақ болыңдар. Өйткені, көреалмаушылық адамның ізгі-сауап амалдарын от (ағаш) отынды жандырып жібергендей жоқ етеді» (Әбу Дәуіт).
Қайсы бір пенделерден Алла әркімге өлшеп берген нығметін қызғану жасаймын деп жүріп, жинаған аз ғана сауабымыздан айырылып қалмайық ағайын! Алла баршамызды іштарлық пен көреалмаушылық дертінен сақтасын. Алланың бізге берген нығметіне, тағдырына разы болып, өзгенің басына қонған бағы мен дәулетіне қызғанудан аулақ болайық.
Ақсу аудандық мешіті.