Өмірге өнегелі азамат

Ел есінен кетпес азамат ретінде қалу үшін бұрқасын жырымен елдің шерін жұтатын ақын, не ғаламды қағаз бетіне сол қалпында түсіретін жазушы, яки, дауысы таңдай қақтыратын әнші болу міндет емес. Өзінің сүйікті ісінің шебері және қара басына жүктелген міндеттермен қатар, ар — намыстың жалауын жықпастан елі үшін аянбай еңбек етсе болғаны.

Біз бүгін тілге тиек еткелі отырған азамат көптің мақтанышы, ел ардақтысы десекте жарасатын, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бөлек Қадиярұлы жайында болмақ.

Өткен ғасырдың орта шені тарихи оқиғаға толы кезең еді. Атап айтсақ, КСРО бойынша тың игеру науқанының басталған шағы. Мақаламыздың кейіпкерінің өмір есігін ашқан сәті сол кезеңмен тура келеді. Яғни, 1955 жылы 24 ақпан Мейрамбековтер отбасы үшін шаттыққа толы күн болды. Себебі, ақпаның арқыраған бұрқасынында аталған әулетте шекесі торсықтай ұл бала өмірге келді. Қадияр атамыз «Сайын Бөлек» батырдың аты ұмытылмасын, һәм, балам сол батырлардай елі үшін аянбайтын азамат болсын деп ырымдап атын Бөлек қойды. Ағамызда бабалардың рухы қолдап батыр тұлғалы, білекті жігіт болмаса да, жүректі, ел жанды, жақсы тілекті азамат болып өсті. Балалық шағы өзінің туған жері Жансүгіров ауылында өтті. 1962 жылы Чапаев (қазіргі Е.Сиқымов) атындағы орта мектебінің табалдырығын аттап, 1972 жылы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебін бітіріп, үлкен өмірдің есігін аттады.

Өмір ешкімді еркелетпейтіні белгілі ғой. Басыңды тауға да, тасқа да соғасың. Әр түрлы күтпеген сынақтардан өтесің, кез келген қиындыққа қасқайып қарсы тұра алғанда ғана, жемісті еңбек ете аласың.

Сонымен толғақты ойдың қағанағын жармас бұрын Аян Өрібаев деген ақынның «Кино ғұмыр» деген өлеңін кірістіре кетсем:

Бос қиялдың бос мәніне илана,

Өз-өзіңді сан сұрақпен қинама.

Біз тәңірдің жазуымен жазылған,

Түсіп жүрміз – «өмір» дейтін киноға.

Еш жасқанба өлім дейтін үкімнен,

Өміріме өкінбеймін шүкір мен.

Тәңір біздің тағдыр сценариін,

Миллион жыл бұрын жазып бітірген.

Тағдырыңнан көрсең дағы қандай сын,

Ажал келмей аманатты жалғайсың.

Өз өмірің өлшемі жоқ өз киноң,

Əрине өзің басты рөлді сомдайсың.

Қиындыққа тап келсеңде не түрлі,

Ар-ұжданның ауылына бұр бетіңді,

Баршамыздың аспандағы бір Құдай –

Киномыздың режиссері секілді.

Мақсатыңа өмір дейтін ұрыста,

Маңдай терсіз жетемін деп тырыспа.

Өз киноңның соңғы бөлімі біткенше,

Ақиқаттың ақ жалауын тік ұста! – деп, өмірдің мән — мағынасын ашқан еді. Бөлек Қадиярұлыда өз өмірінің басты рөлін ақиқаттың ақ жолынан таймай сомдай білді.

Еңбек жолын алғаш 1972 жылы Ақсу 2307 ПМК құрылыс мекемесінде қарапайым құрылысшыдан бастады. Дегенмен білім алсам, алған білімімді жас ұрпақтың бойына сіңірсем деген бозбала шақтың алып ұшқан арманы 1974 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың дене шынықтыру институтынан бірақ шығарды. 1978 жылы аталған институтты дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітіріп, сол жылы өзі алғаш сауатын ашқан Чапаев атындағы орта мектебіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып, ұстаздық жолға түсті. 1980 жылы аудан алыбы Ақсу қант зауытында жұмыс істеді. 1980-1984 жылға дейін жасөспірімдер спорт мектебінде бапкер болып, сол жылдардың аяғынан бастап аудандық білім бөлімінде спорт методисі, 1985 — 1986 жылдары Ақсу СПТУ-18 училишесінде оқыту шебері және сол жылдары Сәтбаев орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. 1987-1989 жылға дейін директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, 1990 – 1995 жылдар аралығында аталмыш мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, 1995-1999 жылдары Ақсу лицейі №11 учелищесіне методист болып ауысты. 1999-2006 жылдары Ақсу көлік жүргізушілер одағында директор қызметінде болып, 2006 – 2009 жылдары «Ақ ниет» қоғамдық қорының жетекшісі қызметін атқарды. Атап айта кетер болсақ жерлестеріміз Адай Тұшарбаев, Асхат Нұрбаев, Елдос Шудабаев, Асхат Битималанов секілді азаматтардың бастамасымен ашылған «Ақниет» қоғамдық қоры 14 ауылға құны 4 — 5 мың АҚШ доллары тұратын күрес кілемдірін сыйға тартқан. Соның арқасында Гольцман Сашка облыстық, республикалық жарыстарда топ жарды. Атап айтсақ, 4 дүркін Қазақстан чемпионы, Москва қаласында өткен Медведев атындағы халықаралық турнирде жүлделі орындардан көрінген. Міне, осы қордың арқасында аудан намысын әртүрлі деңгейде қорғап жүрген спортшыларымыз жетерлік. Аталмыш қордың айғағы ретінде бүгінгі таңда 14 ауылда күрес залы жұмысын жалғастырып келеді. Сонымен 2009 — 2014 жылдары ауыл шаруашылық кәсіподағының председателі, 2012 — 2013 жылдары «Нұр Отан» партиясының атынан аудандық мәслихат депутаты болып қызметтер атқарды. 2014 жылы мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты депутаттық уәкілеттілікті өткізіп берді. 2014 жылдан бастап аудандық дене шынықтыру және спорт мемлекеттік мекемесінде бөлім басшысы қызметін атқарып келеді. Міне осылай Бөлек ағамыз әр салада өзін шыңдады. Туған жері үшін маңдай терін төгіп еңбек етті. Бүгінгі таңда «пайғамбар» жасына толып отыр.

1976 жылы отау көтеріп, қазан асты. 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда алты немеренің атасы.

…Өмірде көптің сенімінен шыға білу – үлкен абырой. Бөлек Қадиярұлы осыған дейінгі атқарған елдік қызметтерінде жұртшылық сенімін ақтай білді. Ел алдындағы қажырлы еңбегінің арқасында 2005 – 2011 жылдар өткен ҚР Президентіне сайлау кезінде, Елбасының «Алғыс хатымен» марапатталды. 2011 жылы сол кездегі Орталық «Нұр Отан» ХДП грамотасымен, ҚР Тәуелсіздігіне 20 жылдығы Алғыс хатымен, 2012 жылы облыстық «Нұр Отан» ХДП Үздік партиялық бастау бекеті үздігімен мақтау грамоталарымен, 2013 жылы Қазақстан Республикасының кәсіподақ ауыл шаруашылық комитеті «Еңбек даңқы» бірінші дәрежелі төс белгісімен марапатталды. Алдағы уақытта да өзінің білімділігі, біліктілігі, азаматтығы мен адамгершілігі арқасында көтерілген биіктен еш төмендемесіне төңірегіндегі үлкен — кіші кепіл бола алады.

Аудандық баспасөзге алғаш келген күндерімнің бірінде Бөлек Қадиярұлы басшылық ететін аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Асхат Сауғанбаевтың үйлену тойына барған едім. Қонысбай ағамыз айтқан екен жылым жылқы болғасын ба, Өмірім бәйгеге ұқсайды. Топты көрсем тыпыршып отыра алмаймын дегеніндей, менде бұрын асаба болған соң ба? қаңтарылған жүйрік аттай тыпыршып тұра алмадым. Ақыры микрафонды қолға алдым. Орта жолдан қосылған ат болдырсын ба? Шамамша шарықтадым. Ертесі қолымнан қысып білінбей жүріп жақсы асабалардың бірі екенсің. «Жігітке жеті өнерде аз» деген әліде дамыта бер бауырым,– деп өзінің ағалық ақылын айтқан еді. Біздің таныстығымыз осылай басталды. Ақпан айында зейнет жасқа толады дегенді естігенде менде қолыма қалам алып осы мақаламды жаздым. Үлкенге ізетті іні, кішіге мейірбан аға бола білген Бөлек Қадиярұлы мерейлі жасыңыз құтты болсын, дей келе осы бір өлең жолдарымен ойымды түйіндейін.

Пайғамбардың жасын берді Жаратқан,

Сыйласын бақ келген таңдар әр атқан.

Қызғаныштың қызыл иті ұлыған,

Алмаса екен деп тілейміз балақтан.

Серке болдың, ерке болдың еліңе,

Еңбек еттің туған елің, жеріңе.

Қыдыр дарып, бақ қонып әулетіңіз,

Шөберелер асыр салсын төріңде.

Жетпісіңде желе жортып тұлпардай,

Сексеніңде қырағы боп сұңқардай.

Тоқсаныңда қазыналы қарт болғын,

Жүз жас келсін қайратынан бұлтармай.

Мініп бақ пен қуаныштың пырағын,

Жаратқаным аямасын шуағын.

Бүгінгіден жақсы болып келер күн,

Кешіңіз тек жұмыр жердің жұмағын.

Баққа айлансын қазыналы төріңіз,

Қошаметке бөлеп дарқан еліңіз.

Бақ өмірің қазыналы жайқалып,

Ұрпағыңның тек қызығын көріңіз.

«Батыр бол» деп қойса атыңды Бөлек деп,

Азамат бол! Жаса еліңе көмек, – деп.

Сенім артқан сіңді еліңе еңбегің,

Әлі жазар Сіз жайында дерек көп.

Кенжебек ӘКІМБЕК.

Мәліметпен бөлісу: