Алматы облысында 69 оқушының ата-анасы асинхронды оқытуға өтініш берді

Жаңа оқу жылының басталғанына үшінші күн. Алматы облысында 782 жалпы білім беретін мектепте 448 220 оқушы оқуды бастады. Пандемиядан кейін, араға 1,5 жыл уақыт салып, оқушы мен ұстаздар қайта табысты. Елдегі білім ордалары дәстүрлі форматта жұмыс істеуге кірісті. Дегенмен санитарлық талаптар мен коронавирустың әліде дендеп жатқанын ешкім ұмыт қалдырған жоқ. Сол себепті, мемлекет бала денсаулығын басты назарға алды.
2021-2022 оқу жылында білім алушылардың саны жобалық қуаттан аспайтын орта білім беру ұйымдары санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, оқу процесін дәстүрлі форматта бір немесе екі ауысымда ұйымдастырады.
Облыстағы барлық мектептер дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілді. Алдағы таңда қыркүйек-желтоқсан айларында тағы да санитарлық құрал-жабдықтарды алуға 435 млн. теңге қаржы қарастырылған. Бұл оқушылардың қауіпсіздігі үшін жасалған бір ғана амал. Жетісу жерінде ұстаздардың 99,9%-ы екпе алды, сондай-ақ, техникалық қызметкерлердің 95,4%-ы вакцина салдырды.
Жауаптылар, барлық санитарлық талаптар сақталынады, дәстүрлі оқуға ештеңе кедергі емес дегенімен ата-аналар балаларының денсаулық жағдайына байланысты үйден оқытуға өтініш жазып жатыр. Бұл туралы Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова мәлімдеді.
«Ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдерінің өтініші негізінде созылмалы ауруы бар немесе ауруы асқынып тұрғған кезде үй жағдайында асинхронды, яғни өздігінен оқытуға рұқсат беріледі. Асинхронды оқыту білім алушының ата-анасының немесе заңды өкілдерінің өтініші негізінде мектеп директорының бұйрығымен рәсімделеді. Бүгінгі күні облыс бойынша 69 оқушының ата-анасы немес заңды өкілі асинхронды оқытуға өтініш қалдырды»,-деп атап өтті.
Ата-аналардың бөбегі үшін алаңдауы орынды. Өйткені, облыста балалар арасында коронавирус өршіп тұр. Соңғы 7 айда 208 бала инфекциялық стационарға түскен. Оның ішінде 54-і бір жасқа дейінгі нәресте. Оларды да коронавирус айналып өтпеді. Бұл қатарда 1-5 жас аралығындағы 57-і бала бар. 68-і 5-14 жастағылар болса, 14 пен 17 жастағы жасөспірімдердің 29-ы індеттің ілмегіне ілінген. Құлағыңды елең еткізер бұл мәліметтерді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының босандыру және балалар бойынша орынбасары Лейла Серікбаева брифинг барысында мәлімдеді.

Облыс бойынша амбулаторияда 810 бала ем қабылдады. Олардың 48-і бір жасқа толмаған бөбектер, 243-і 1-5 жастағы балақайлар, 351-і 5 пен 14 жас аралығындағы, 168-і 14-17 жастағы балалар.
«Балалардағы аурудың белгілері, бас ауруы, ЖРВИ, тәбеттің жоғалуы, іштің ауыруы болуы мүмкін. Бірақ, балалар ересектерге қарағанда инфекцияны жеңіл өткізеді. Яғни, ауруды көтере алады. Балалардағы коронавирустық инфекциядан ересектер сияқты өкпенің зақымдануы байқалмады. «СOVID-19 балаларда ең алдымен жоғарғы тыныс жолдарына әсер етеді (мұрын, ауыз, жұтқыншақ), сондықтан олар суық тию сияқты белгілері байқалады»,-дейді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының босандыру және балалар бойынша орынбасары Лейла Серікбаева.
Айта кетейік, қазіргі карантин талаптарына сәйкес, сыныпта я болмаса, топта COVID-19 ауруының 1 жағдайы тіркелген кезде сынып немесе топ 14 күн бойы үй карантиніне оқшаулауға жіберіледі. Сондай-ақ, бір ауысымның 30%-дан астам сыныптарында COVID-19 ауруының жағдайлары 1 инкубациялық кезеңде орта білім беру ұйымында тіркелген кезде-ауысым 14 күн бойы үй карантиніне оқшаулануға жатады.

Мәліметпен бөлісу: