Пандемия жағдайы елдің денсаулық сақтау саласымен қоса, білім беру ісінде сын тезіне салды. Өткен оқу жылы онлайн форматта өтіп, білім сапасы төмендегені жасырын емес. Араға бір ай салып, жаңа оқу жылы есігін айқара ашқалы тұр. Биылғы жылғы ахуал қандай болмақ?
Алматы облысында 446 мың оқушы мектеп қабырғасында білім алады деп күтілуде. Оның ішінде 46,5 мың бөбек алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. Оқу жылындағы басты мәселе-кітап. Биыл бірінші сынып оқушылары үшін 48 407 оқулық жиынтығы сатып алынған. « Информатика» пәні бойынша жаңа оқулықтарды 3 сыныптың 47669 оқушысы, 7 сыныптың 43579 оқушысы, 8 сыныптың 40902 оқушысы алады.
Айта кетейік, оқулықтар 12 баспадан жеткізіледі. Барлық мектепте әр сыныпқа оқулықтарды беру үшін күні мен уақыты көрсетілген.
Жаңа оқу жылындағы жаңалықтарға келер болсақ, бірінші сыныпта «Әліппе», «Ана тілі», «Букварь», «Сауаттылыққа оқыту», «Цифрлық сауаттылық» пәндері енгізіледі.
Қаперлеріңізде болсын, санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау мақсатында салтанатты жиын тек бірінші сынып оқушылары үшін өткізіледі.
«Пандемияға дейін мектеп формасын кию міндетті болды. Бірақ өткен жылы барлық жағдайларды ескере отырып, оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылданды. Биылғы оқу жылында тағы бір жылға мектеп формасын киюді міндетті емес ету туралы шешім қабылданды. Балалар уақытша, тек келесі оқу жылында мектепке мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де бара алады», — Алматы облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Сәуле Нұрханқызы.