Елбасы, Партия Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауымен мұқият таныстым.
Төртінші өнеркәсіптік революция (ағыл. The Fourth Industrial Revolution) кең ауқымда өнеркәсіпке (индустрия 4.0) және адамдардың күнделікті қажеттіліктерін өтеу үшін тұрмыста, еңбекте және демалыста қолданылатын киберфизикалық жүйелердің енгізілуі.
Бұл Жолдау еліміздің дамуындағы кезекті этапына арналған мәні ерекше құжат. Жолдаулардың ішінде «Қазақстан-2030» және «Қазақстан -2050» стратегиялары мемлекетіміздің дамуына ерекше әсер етсе, бүгінгі дүниежүзілік технология даму бағдарынан қалмай, цифрлық Қазақстанның болашақ жолын белгілеу Елбасымыздың көрегендігі деп білемін.
Әрине, Жолдауда көптеген мәселелерге қатысты межелі бағыт-бағдарлар сараланып, салмақты таразыланған.
Оның ішінде Үшінші бағыттағы «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі бағыты бойынша жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперациялау қажеттігін күшейту мәселелері өте орынды көтеріліп отыр.
Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету және олардың жұмыстарын жандандыру арқылы біз ауданымыздың шаруашылықтарының жұмыс өнімділігін көтереміз.
Атап айтқанда, Ақсу ауданында 6 кооператив құрылып, онда 596 мүше қамтылды. Кооперативтердің 3-і сүт бағытында, қалғандары бір-бірден ет, жүн және селекция бағытын қамтиды. Биылғы жылы да коопертивтерді құру жұмыстары жалғастырылмақ. Сол сияқты ауданымыздың төл дақылы саналатын қант қызылшасын өңдеу үшін 6 сервистік дайындау орталығы құрылып, олар арқылы 2 мыңнан астам гектар жер өңделеді.
Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемі де жылдан жылға өсуде. Ақсу ауданының біршама ауылдарының көшелер және ауыларалық ішкі қатынас жолдары жөнделді. Алматы-Өскемен республикалық тас жолының 2018 жылы күрделі жөнделуінің басталуы, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға әсер ететіні сөзсіз.
Осы жылдың басты ерекшелігі ретінде Ақсу ауданының 7 округінің жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілуі болды.Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілді. Бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар аудан көлемінде жиналатын салықтар жиынтығы 1 млрд. теңгеге жетті. Жолдауда белгіленген «Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу»,«Тиімді мемлекеттік басқару», «Жемқорлылықпен күрес және заңның үстемдігі», «Ақылды қалалар», «ақылды ұлт» бағыттары алдағы уақытта Қазақстан Республикасының даму межелерін айқындайды. Елбасы айтқандай, «Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру – мақсатымыз» болса, Жолдауда көрсетілген жолмен жүретін болсақ, қазақ елінің басына туатын ондай күннің де алыс емес екенін аңғарғандаймыз. «Біздің мақсатымыз — елі бақытты, жері гүлденген, қасиетті Отанымыз — Қазақстанды мәңгілік ел ету», — деген Елбасы сөздері әр қазақстандықтың қаперінде жүрер ізгі сөздер деп ойлаймын.
Б.Сүлейменов,
аудандық мәслихаттың хатшысы,
Ақсу аудандық партия филиалының
Саяси кеңес Бюро мүшесі.