Халық пен биліктің ортасындағы байланысты реттеп отыру үшін құрылған Қоғамдық кеңес жаңа жылда жаңаша серпінмен жұмыс істемек. Ол үшін ең алдымен аудан әкімінің есебі тыңдалды. Осылайша алдағы уақытта кеңес мүшелері неге баса көңіл бөлу керектігі айқындалды.Аудан әкімі Ә.Далбағаев бұған дейін де барлық 17 ауылдық округтердің тұрғындары арасында есеп бергенін білеміз. Оның жұмысына жұртшылықтың берген бағасы да жаман емес. Дегенмен әлі де көпшіліктің күшімен атқарылатын шаруалар да жетерлік екен. Айталық, ауданда әлеуметтік- экономикалық дамуға қатысты салалардың барлығы дерлік өзінің межелерін абыроймен орындаған. Әйтсе де денсаулық саласы мен ішкі істер бөлімінің жұмысы қанағаттанарлық емес. Денсаулық бойынша туберкулез ауыруымен ауыратындар көбейіп кеткен. Бұрын жоқ гепатит ауруы да пайда болыпты. Мұның өзі адамдардың өз денсаулығына мән бермейтінін, аурудың алдын алуға салғырт қарайтындығын білдіреді. Немесе көшеге иттерін бос жіберіп, соның салдарында ауруханаға келген ит қапқан адамдар көп. Жазда көмір алмай, қазір отын қымбаттағанда қысылғандар да жетерлік. Қымбаттаған азық- түлік пен көмірдің бағасын түсіру жолында бәсекелестікті ешкім ұйымдастырғысы келмейді. Мысалы, бір жанашыр азамат шығып, катопты, яки көмірді басқалардың бағасынан 10 пайыздай арзанға сатса, басқа сатушылардың еркінсуіне жол берілмес еді. Содан барып жекеменшік көмір тасушылар ойына келген бағасын қояды.
Негізінен ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуында біршама ілгерілеушіліктер бар дегенмен әлі де инвестиция тарту, сол арқылы ауылдарды көріктендіріп, жекеменшік пен мемлекеттік әріптестік үлгісінде жаңа балабақша мен дәрігерлік үйлер, спорт кешендерін салуда, жолдарды жасап, туризмді дамытуда атқаратын жұмыстар тоқырап тұрғандай. Ауылдарда ескі үйлер мен сауда орындарының маңайын абаттандыру ешкімнің ойына келмейді. Айталық, Жансүгіров ауылындағы базардың маңындағы үйлердің қора- қопсылары дәретханаға айналған. Не оны сүзгізіп тастап, орнына спорт алаңдарын салуға үй иелері рұқсат бермейді. Сондай- ақ 5 қабатты және 2 қабатты бірнеше үйлер бос тұр. Олардың бәрі осылай тұра берсе құлайды, немесе орталықтың сәнін кетіреді. Аталған үйлерді сатып алғысы келетіндер бар, оларды жөндеп жаңартпақ ниетте. Бірақ кей пәтер иелері қараусыз қалған бөлмелерінің әр шаршы метріне Астанадағы пәтердің құнын сұрайтын көрінеді. Оған сатып алушылар келіспейді. Егер ол үйлер қайта жасалса, қаншама жас отбасылары пәтерлі болар еді. Жекеменшік дүкені барлар оның алдын асфальттап, гүл еккілері келмейді. Бұзақылар көшелердегі шамдарды шағып кетеді. Осының бәрін елге түсіндіру керек. Осы сияқты билік пен қарапайым халық арасындағы талай түйткілді мәселені шешу Қоғамдық кеңестің жұмысы болып табылады.
Қаңтардағы Қоғамдық кеңес мәжілісін оның жаңадан сайланған төрағасы С.Қорғанбаев жүргізіп, 2018 жылға арналған жұмыс жоспары мен елмен жұмыс жасайтын 3 комиссия құрамы бекітілді. Комиссия мүшелеріне ауылдардағы қоғамдық Кеңестердің жұмысын жақсартуға атсалысу тапсырылды. Кеңеске аудан әкімдігінің ғимаратынан қызмет бөлмесі берілетін болды. Ендігі жерде әр комиссияның жұмысы тыңдалып, халықтың өтінішін тыңдайтын кезекшілік ұйымдастырылады. Аудан әкіміне жолыққысы келгендер ол кісі болмай қалған жағдайда жұмыстарын осы Қоғамдық кеңес арқылы шеше алады. Дәлірек айтқанда Кеңес өз бетінше шешім шығара алмайды, бірақ ҚР Заңдары негізінде мәселені шешуге тиісті органдарға ұсыныс жасау арқылы зор ықпал етеді.
Мұхаметәлі ҚАЗБАНБЕТОВ.