Қазақстан әйелдері мемлекеттік қызметтерді алуға аз жүгінеді

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік қызметтерге қанша әйел жүгінетінін есептеп көрді.
Белгілі болғандай, 2020 жылы мемлекеттік корпорацияға түрлі қызметтерді алу үшін 6,2 млн әйел жүгінген. Жалпы алғанда Азаматтарға арналған үкімет былтыр 13 млн мемлекеттік қызмет көрсеткенін ескерсек, олардың 45%-ы нәзік жандыларға көрсетілген.
Электрондық цифрлық қолтаңба алуға өтініш білдірген әйелдердің саны ерлермен салыстырғанда бір пайызға ғана артық. Мысалы, өткен жылы ХҚО арқылы 4,7 млн ЭЦҚ рәсімделген болса (оның ішінде 300 мың ЭЦҚ заңды тұлғалар үшін), оның 2,2 млн-ға жуығын (51%) арулар алған.
Автоқызметтер бойынша жүгінетін ханымдардың да саны аз болып шықты. 2020 жылы 173 мың әйел жүргізуші куәлігін ресімдеген, бұл жалпы берілген көлік жүргізушісі құжаттарының 21%.
Сонымен қатар мемлекеттік корпорациядағылар түрлі жәрдемақы алушы қыз-келіншектер туралы да айтып берді. Мысалы, көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақыны 440 мың отбасы алады, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Ана даңқы» наградаларының берілуіне байланысты 229 мың ана жәрдемақы алады, ал бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша біржолғы жәрдемақы өткен жылы 430 мың анаға тағайындалған.

Мәліметпен бөлісу: