Ақсу ардаған ағамыз

Мен алғаш 1976 жылы аудандық «Өмір нұры» (қазіргі «Ақсу өңірі») газетіне тілші болып орналасқанымда Ғалым Тұрғанбайұлы Жаркенттен Ақсуға аупарткомның бірінші хатшысы болып ауысқан еді. Газет партия комитетінің органы болғандықтан тығыз байланыста болады. Аппараттағы хатшы, бөлім басшыларынан бастап барлық нұсқаушылар орыс тілді, қарапайым сауыншы, бақташы, сахманшылар мен механизатор, сушыларға оқылатын баяндамаларды жаза алмайтын. Сол себепті бөлімдер мені қазақша баяндама жазуға жиі шақыратын. Оның маған өзіндік пайдасы да көп тиді. Өйткені, ауданда шаруашылық жұмыстары қалай ұйымдастырылуға тиіс, оларды жүзеге асыруда қандай игілікті істер атқарылатынын біліп отыратынмын.

Тағы бір айтатын жай- Ғалым ағамыз қазақша- орысша екі тілде бірде бір сөз араластырмай таза сөйлейтіні мені таң қалдыратын. Небір шешендік сөздерді сол кісінің аузынан естіп, халық даналығын орынды пайдаланудың артықшылықтарын үйренетінмін. Содан бері де аттай 40 жылдан астам уақыт зырлап өтіпті. Асыл ағамыз биыл сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Соған байланысты бір кезде өзі тер төге еңбек еткен ауыл – аймақтағы ақсақалдармен жүздесу үшін Жансүгіров ауылына келді. Жиынға аудан әкімі Әділбек Далбағаев, кеңестік дәуірдің ерен еңбек иелері мен Ғалағаңды танитын, бірге қызмет жасаған жандар қатысты.

Кездесуде ауданды 1976-85 жылдары Ғалым Тұрғамбаев басқарғандағы игілікті істерді естіп, шын мәнінде жақсы адамдар ұмытылмайтынына тәнті боласың. Аудан экономикасын көтеруге ұйтқы болуы өз алдына, кейбір адамгершілік қасиеттері де ел есінде аңыз боп сақталады екен. Ол жөнінде сөз алған аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Амантай Айтбаев, зейнеткерлер Нұрбек Қасымбеков, Қалимолда Байболов, Шеге Елубаев, Жетпісбаев Жекен, Кеңесбек Байдалин, Жақан Халықбаев, жеке шаруа Серік Нарышев, Кербұлақ ауданының әкімінің орынбасары Болысбай Момбаевтар жүрекжарды ойларын ортаға салып, мерейтой иесін көңілді сезімге бөледі.

Алдымен елдің шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыруына тоқталар болсақ, осы жылдары оның жанында аупарткомның екінші хатшысы болып Қажымұхан Есімханов, Олег Михайлович Медведев, хатшылары болып Мәриям Айтбайқызы Байқанова,  Роза Оспанқызы Кәрібжанова, Жангелді Заманбеков,  бөлімдер меңгерушілері болып Жомартқали Биясылұлы Жексембинов, Мұқатай Былшықұлы Самихов, Қалима Қожахметқызы Жазылбекова, Сымжан Шаяхметұлы Қалабаев, Ажар Сәрсенбайқызы Сеңкібаева қызмет атқарды. Аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Евгений Иванович Шелепанов,  Василий Иванович Осипов, олардың орынбасарлары Ғалымбек Сейілханұлы Омарханов, Зура Молдабаева, Манат Әбдрахманова, Жанаш Жарылғапов, Әйкен Садуақасов, ауылшаруашылық    басқармасының     бастығы Жомартқали Баясылұлы Жексембинов, Асқар Жазылбеков, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылары болып Қазила Шоқпарбаева,  Асқар Жазылбеков,  Қасымхан Сауранбаев болды.

Осы жылдары ауданның барлық саласында  оңды өзгерістер молынан жасалды. Әр жұмыс саласы бойынша басқару штабтары құрылып, басшы-мамандардың тікелей жауапкершіліктері арттырылды. Аудан егіншілігінің басты дақылы болып саналатын қант қызылшасы өнімділігін көтеру мақсатында жүйелі түрде ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Оны өндірудің жаңа технологияларын енгізу мақсатында семинар-кеңестер көптеп өткізілді, нәтижесінде оны себудің, суарудың, жинаудың ұтымды әдістері кеңінен енгізілді. Жаңа маркалы, жоғары өнімді техникалар алындырып, қол жұмыстары мүмкіндігінше механикаландырылды  1978 жылы қант қызылшасын өндірудің аудандық жоспары алғаш рет орындалды. Оның өнімділігі жыл сайын өсіп, қант зауытына 200 мың тоннаға дейін тәтті түбір өткізіліп отыруға қол жеткізілді. Ақсу қант зауытының жұмысы жақсарып, сапалық көрсеткіштері жақсы көтерілді. Оның негізгісі болып табылатын қант шығымдылығы 6-7 пайыздан 10-12 пайызға дейін өсті. Зауыттың жылу-энергия орталығы қайта жасалып, сұйық отынды пайдалануға көшірілді. Қант зауыты өз саласында Одақ көлемінде үздіктер қатарына қосылды.

Мал шаруашылығында еңбек етушілер арасында малшылар топтары құрылып, олар саяси, мәдени-көпшілік, тұрмыстық қызмет көрсету жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің ұтымды әдісі болып қалыптасты. Осыған негізделіп үгіт-насихат залдары, моншалары бар малшылар үйлері салынды. Сүт-товарлы фермалары жұмысына қатаң бақылау қойылды. Жемшөп дайындаудың озық технологиялары енгізілді. 1983 жылы аудан СОКП Орталық Комитеті мен ССРО Министрлер Кеңесінің Қызыл туына ие болды.

Ауданда құрылыс жұмыстарының қарқыны өсіп, 12 жаңа мектептер, 6 мәдениет ошағы, көптеген әлеуметтік маңызы бар ғимараттар, халықтық құрылыс әдісімен орталық базар, Діңгек сутоғаны салынды. Азаматтық қорғаныс құрылымдарын пайдалану арқылы аудан орталығындағы, елді мекендер арасындағы көптеген жолдар жөнделді. Жансүгіров поселкесінің орталық алаңы жаңаша өзгертіліп, В.И.Лениннің ескерткіші, І.Жансүгіровтың мүсіні,  сағат мұнарасы қойылды. Аупартком ғимараты кеңейтілді.

Осы жылдары партиялық-ұйымдастыру, саяси, мәдени-көпшілік жұмыстарының ұтымды әдістері енгізіліп, олардың нәтижелігі артты. Бастауыш партия ұйымдарына «Сенбілік шығулар» ұйымдастырылып, оларға практикалық көмек көрсету құралына айналды. Әр айдың 13-күні әр ауылда тұрғындар жиналысы өткізіліп, қоғамдық тәртіп сақталу жағдайы талқыланып отырды. Әр онкүндікте малшылар топтарының жиналыстары өткізіліп отырды. Ай сайын малшыларға барлық қажетті заттармен жабдықталған автопоездар шығып тұрды. Әр шаруашылықта көркемөнерпаздар ұжымдарының жұмысы жанданып, олардың жыл сайын аудандық байқаулары өткізіліп отырылды, ал өз кезегінде аудандық көркемөнерпаздар облыстық байқаулардың тұрақты жеңімпазы болып отырды. 1984 жылы «Қоқты» жерінде І.Жансүгіровтің 90 жылдығы ерекше салтанатпен, театрландырылған көріністермен жоғарғы ұйымдастыру деңгейінде өткізілді.  Шопандар слеттері, «Қызыл керуен», «Қысты шығарып салу», тағы басқа  мерекелер де  өткізіліп отырылды.

Ғалым ағамыздың қоластында қызмет еткен азаматтардың ішінде Қалимолда Байболов, Әсет Дүйсембаевтар кейіннен аудан басқарса, ондаған жігіт кеңшарлардың төрағалары болды. Олардың ішінде Қалимолда Байболов, Есімжан Рахманов, Асқар Жазылбековтар киелі Ақсуда дүркіретіп Ғалым ағаларының 70 жылдық мерейтойын ұйымдастырып, өткізген еді. Бірде Асқар Биғаметұлының шешесі өмірден озып, оны жерлеуден қайтқан ағамызды Алматы облысының құрметті азаматы Нұрбек Қасымбеков, талай жыл аудандық білім бөлімін басқарған Мұрат Фазылжанов сынды аудан ақсақалдары жолдан тосып алып, құрметтеп қонақ етіп жібергенінің өзі не тұрады! Мұндай көпшіліктің  шынайы сыйы әркімге көрсетіле бермейтіні ақиқат. Сол жолы Мұрат жаңа дүниеге келген немересінің атын Ғалым деп қойды. Отырыста санағанда Ғалым ағамыздың құрметіне қойылған бұл есімнің саны 100- ге жетеді екен. Адам жас нәрестеге кезкелген есімді қоя салмайтынын еске алсақ, мұның өзі де көп нәрсені ұқтырса керек.

Ол кісі «Құрмет», «Октябрь революциясы» ордендерінің иегері және «Ақсу ауданының құрметті азаматы». Ақсулықтар ардагер басшыға шапан жауып, оның құрметіне «мәдениет үйінің қызметкерлері «Ауылға қайтып барамын», «Қазағым әндері мен «Аққу» күйін орындады. Ғалым Тұрғанбаев та елдің ыстық ықыласына риза болып, кездесуді тебіреніс үстінде қорытындылады. Сөз соңында сексеннің сеңгіріне шыққан ағамыздың әлі де абыройлы ғұмыр сүріп, отбасында бақытқа бөлене беруіне тілектеспіз.

М.ҚАЗБАНБЕТОВ.

Мәліметпен бөлісу: