Қосағаш ауылында 80 орындық мектеп ашылды

Кербұлақ ауданы Көксу ауылдық округіне қарасты Қосағаш ауылында 80 орындық мектеп ашылды. Жаңа мектептің лентасын Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустем Әли және Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Садуақасұлы қиды.


Қосағаш орта мектебінің құрылысы 2019 жылдың сәуірінде басталып, 2020 қыркүйегінде қолданысқа берілді. Жоба құны — 700 млн теңгені құрады. Қаражат облыстық бюджеттен бөлінді.


Мектеп толығымен заманауи жабдықтармен жабдықталған. Әр кабинетте әр мұғалімнің алдында компьютер бар. Одан бөлек, жеке компьютер класы, қыздар мен ұл балаларға шеберхана және лаборатория кабинеттері бар.


«Бүгін көптен күткен мектептің ашылуы болып жатыр. Ауылымызда жаңа мектеп бой көтерді. Оқушылар мен ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Бұрынғы мектептің жағдайы нашар болған. Енді мұғалімдер жаңа компьютерлік сыныпта, интерактивті тақтамен сабақ беретін болады»-деп атап өтті Көксу ауылдық округінің әкімі Әлия Бахтиярова.
Жаңа мектеп 38 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтиды. Оның 29-ы ұстаздар қауымы. Мұғалімдер «Ұстаздар күні» мерекесі қарсаңында бізге үлкен сый болды деп қуануда.


Айта кетейік, одан бөлек Кербұлақ ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Сарыбастау орта мектебі және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сарыбұлақ орта мектебі күрделі жөндеуден өтуде.

Мәліметпен бөлісу: