Жастар саясаты және адами капитал

Жастар – қоғамның жаңаруына серпін беретін, елдің ертеңгі келбетін қалыптастыратын маңызды күш. Олардың білімге ұмтылысы, еңбекке деген көзқарасы, бастамашылдығы мен жаңашыл ойлау қабілеті кез келген мемлекеттің дамуында айрықша рөл атқарады. Сондықтан жастарды қолдау мәселесі тек әлеуметтік саясаттың бір бағыты емес, ел болашағына бағытталған стратегиялық міндет.
Жолдауда айқындалған даму мақсаттары жастардың әлеуетін ашуға, білім мен кәсіби дағдыларды жетілдіруге, жаңа мүмкіндіктерді игеруіне жағдай жасау мәселелерімен сабақтас. Қазіргі жас буын еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін тек дипломмен шектелмей, практикалық білімге, технологиялық сауаттылыққа, кәсіптік икемділікке және үздіксіз ізденуге бейім болуы қажет.
Ауыл жастарының мүмкіндіктерін кеңейту – аудан үшін де маңызды міндет. Жастардың туған жерінде білім алып, еңбек етуіне, кәсіп бастауына, қоғамдық жұмыстарға араласуына жағдай жасалса, ауылдың әлеуметтік және экономикалық әлеуеті арта түседі. Бұл ретте жастарға арналған бағдарламалардың қолжетімділігі, бос жұмыс орындары туралы ақпарат, кәсіптік бағдар, тәжірибеден өту мүмкіндігі және бастамаларын қолдау тетіктері маңызды.
Жастарды қолдау олардың орнына шешім қабылдау емес, өз жолын табуына мүмкіндік беру деп түсінген жөн. Жас адамның ұсынысын тыңдау, қабілетін бағалау, жауапкершілік жүктеу және бастамасына қолдау көрсету оның қоғамға деген сенімін нығайтады. Жастарға жасалған мүмкіндік – ертеңгі елдің тұрақтылығы мен дамуына салынған негіз. Сондықтан олардың білімін, қабілетін және күш-жігерін туған жердің өркендеуіне бағыттау баршамыздың ортақ мүддеміз.
Балғын ТЛЕУБЕРГЕНОВА,
«Aqsu Jastary» филиалының жетекшісі.
