Заң үстемдігі және құқықтық мәдениет «Заңға құрмет – қоғамға құрмет»

Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырып, қоғамның даму бағытын айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға кепіл болатын басты құжат. Оның маңызы заң нормаларын белгілеумен ғана шектелмейді. Конституция мемлекет пен азамат арасындағы өзара жауапкершіліктің, қоғамдық тәртіп пен әділеттілік қағидаттарының негізін қалайды.
Құқықтық мемлекет құрудың басты шарттарының бірі – заңның баршаға ортақ әрі бірдей қолданылуы. Заң алдында әр азаматтың тең болуы, құқықтарының қорғалуы, әділдік қағидаттарының сақталуы қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтады. Конституциялық нормалар осы ұстанымдардың құқықтық негізін қалыптастырып, мемлекеттік органдардың қызметі мен азаматтардың қарым-қатынасына бағдар береді.
Дегенмен құқықтық мәдениет тек заң талаптарын білу немесе құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті түсінумен өлшенбейді. Ол адамның өз құқығын сауатты пайдалануынан, өзгенің құқығына құрметпен қарауынан, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңды талаптарды орындауынан көрінеді. Құқық пен міндеттің өзара сабақтастығын түсінген азамат қоғамның тұрақтылығына да үлес қосады.
Конституция қағидаттарының өмірде жүзеге асуы үшін құқықтық түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Әсіресе жастарға, ауыл тұрғындарына және түрлі әлеуметтік топтарға құқықтық ақпараттың қолжетімді болуы олардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндігін кеңейтеді. Заңды білу – құқық бұзушылықтан сақтанудың ғана емес, азаматтық белсенділік пен жауапкершілікті қалыптастырудың да негізі.
Заңға құрмет әр адамның күнделікті әрекетінен басталады. Конституциялық қағидаттар қоғамдық өмірде орнығып, азаматтардың құқықтық санасына айналғанда ғана құқықтық мемлекет идеясы нақты мазмұнға ие болады. Әділетті қоғамның тірегі – заңды құрметтейтін, өз құқығын білетін және өзгенің құқығын қадірлейтін азаматтар.

А.Разбекова,
Ақсу аудандық соты әкімшісі басшысының орынбасары.

Мәліметпен бөлісу: