Әр мемлекеттің болмысын, бағыт-бағдарын, даму жолын айқындайтын басты құндылықтары болады. Оның ең негізгілерінің бірі – Конституция. Өйткені Конституция жай ғана заңдар жинағы немесе мемлекеттік құрылымның құқықтық сипаттамасы емес. Ол – елдің саяси жүйесінің іргетасы, қоғамның өмір сүру қағидаттары мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын айқындайтын басты құжат.
Конституцияның қадір-қасиеті оның қағаз бетінде жазылған баптарымен ғана өлшенбейді. Оның шынайы маңызы қоғам өмірінде қаншалықты орындалатынымен, адам құқығының қаншалықты қорғалатынымен, заңның баршаға бірдей үстемдік құруымен бағаланады. Заң алдында бәрі тең болғанда ғана мемлекетте әділеттілік орнығып, азаматтардың билікке деген сенімі нығаяды.
Қазақстан үшін Конституцияның орны айрықша. Тәуелсіздік алғаннан кейін елдің жаңа мемлекеттік жүйесін қалыптастыру, ұлттық мемлекеттіліктің құқықтық негіздерін бекіту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау міндеті тұрды. Осы тарихи қажеттіліктердің нәтижесінде Конституция тәуелсіз Қазақстанның құқықтық дамуының басты бағдарына айналды.
Мемлекеттің күші тек экономикалық әлеуетімен, табиғи байлығымен немесе халықаралық аренадағы беделімен өлшенбейді. Нағыз қуатты мемлекет – азаматының құқығын қорғай алатын, заңды бәрінен жоғары қоятын, қоғамдағы әділеттілік пен жауапкершілікті қамтамасыз ететін мемлекет. Бұл ретте Конституция мемлекеттік билік пен халық арасындағы қоғамдық келісімнің құқықтық негізі болып табылады.
Алайда Конституцияны құрметтеу тек мемлекеттік органдардың міндеті деп түсіну дұрыс емес. Ол – әрбір азаматқа ортақ жауапкершілік. Азамат өз құқығын біліп қана қоймай, өзгенің де құқығына құрметпен қарауы керек. Қоғамдық тәртіпті сақтау, заң талаптарын орындау, елдің дамуына үлес қосу – конституциялық мәдениеттің көрінісі.
Бүгінгі қоғам үшін заң мен әділеттілік мәселесі бұрынғыдан да маңызды. Өйткені елдің ертеңі қабылданған шешімдердің сапасына ғана емес, сол шешімдердің адам мүддесіне қаншалықты қызмет ететініне де байланысты. Егер заң қағаз жүзінде қалып, іс жүзінде орындалмаса, оған деген қоғамдық сенім әлсірейді. Ал заң талаптары баршаға бірдей қолданылып, адам құқығы нақты қорғалған жағдайда ғана құқықтық мемлекет қалыптасады.
Конституцияның басты құндылығы – адам. Мемлекет те, оның институттары да, қабылданатын заңдар мен шешімдер де, түптеп келгенде, халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс. Адамның қадір-қасиетін сақтау, оның еркіндігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім алуына, еңбек етуіне және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасау – құқықтық мемлекеттің негізгі міндеттері.
Әрине, Конституцияның өміршеңдігі оны қабылдаумен немесе оған өзгерістер енгізумен ғана шектелмейді. Оның қағидаттары күнделікті өмірде жүзеге асуы керек. Сот төрелігінде, мемлекеттік басқаруда, қоғамдық қатынастарда, азамат пен билік арасындағы байланыста конституциялық талаптар басшылыққа алынғанда ғана Ата Заңның беделі артады.
Біз кейде ел болашағын үлкен реформалармен, ауқымды жобалармен байланыстырамыз. Бірақ сол өзгерістердің бәрінің табысты болуы ең алдымен заң үстемдігіне, қоғамдық сенімге және азаматтық жауапкершілікке тәуелді. Құқықтық мәдениеті қалыптасқан қоғамда адам өз құқығын қорғай алады, өз міндетін сезінеді және ел тағдырына бейжай қарамайды.
Сондықтан Конституцияны құрметтеу – тек мерекелік күндері еске алатын рәсім емес, күнделікті өмірде ұстанатын азаматтық ұстаным. Ата Заңның абыройы оның әрбір азаматының санасында, мемлекеттік қызметшінің ісінде, қоғамның әділетке деген көзқарасында көрініс табуы тиіс.
Конституция – мемлекеттің бүгінгі тұрақтылығының ғана емес, болашақтағы өркендеуінің де кепілі. Оны сақтау, қағидаттарын орнықтыру және талаптарын орындау – баршамызға ортақ міндет. Өйткені заң үстемдік құрған жерде сенім болады, сенім бар жерде бірлік нығаяды, ал бірлігі бекем елдің болашағы баянды болмақ.
Сапарғали Темірбеков,
«Қарашілік» бастауыш партия ұйымының төрағасы. «Әділет» партиясының белсенді мүшесі.
