
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында Астанада елорданы көгалдандыруға және жастардың қоршаған ортаға деген жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға бағытталған экологиялық акция өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара Назарбаев Университетінің аумағында ұйымдастырылып, оған студенттер, волонтерлер, экоактивистер, жастар ұйымдарының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Акцияға қатысушылар университеттің бас ғимаратынан Бейбітшілік және келісім сарайы бағытына қарай созылған жол бойына ағаш көшеттерін отырғызды. Іс-шараның ерекшелігі – әр ағашқа белгілі бір оқиғаға, тарихқа немесе жақын жанға арнап атау беру. Таңдалған аумаққа шырша көшеттері егілді.

Экологиялық бастамаға осы күні некесін қиған жас отбасылар да қосылды. Осылайша, ағаш отырғызу қаланы көгалдандыруға қосылған үлес қана емес, шаңырақ көтерудің, жаңа өмір бастаудың және келер ұрпаққа қамқорлық танытудың символына айналды.
5 мың ағаш отырғызу бастамасы аясында қосымша 500 түп атаулы ағаш егілді. «500 ағаш – 500 ерекше тарих» бастамасы әр ағашқа оның түрі, отырғызылған күні, орналасқан жері мен учаскесі туралы мәліметтер қамтылған цифрлық паспорт әзірлеуді көздейді. Арнайы платформа арқылы тұрғындар ағаштардың тарихымен, жай-күйі және күтімі туралы ақпаратпен таныса алады. Алдағы уақытта олардың жағдайын тұрақты бақылау мен күтіп-баптау жұмыстары бір реттік акцияны қоршаған ортаға ұдайы қамқорлық жасау мәдениетіне айналдыруға мүмкіндік береді.
Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраевтың айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыруда жастардың белсенділігі маңызды рөл атқарады.

«Бүгінгі акцияға елорданың жетекші жоғары оқу орындарының студенттері, экоактивистер мен волонтерлер қатысты. Қаладағы колледждер мен университеттерде 120 мыңға жуық студент білім алады. Жастар түрлі экологиялық іс-шараларға қатысу арқылы «Таза Қазақстан» бастамасын белсенді қолдап келеді. Бұл тек ағаш отырғызу немесе аумақты тазалау ғана емес, сонымен қатар экологиялық тәрбие беру, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды қалыптастыру екенін түсіну маңызды», – деп атап өтті ол.
Спикердің сөзінше, отырғызылған әр ағашқа жастардың арасынан жауапты адамдар бекітіліп, олар көшеттерді одан әрі күтіп-баптауға атсалысады. Сонымен қатар елорданың жасыл желектерін күтіп ұстау жұмыстарын тиісті қалалық қызметтер де жүргізеді.
Осындай экологиялық іс-шаралар Астананың өзге де аумақтарында ұйымдастырылып келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалардың басты мақсаты – жасыл желек көлемін арттырумен қатар, қала тұрғындарын қоршаған ортаға іс жүзінде қамқорлық жасауға тарту. Себебі, елорданың экологиялық әл-ауқатын сақтау әрбір тұрғынның жеке жауапкершілігінен басталады.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan
