АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: ЕНДІГІ МІНДЕТ – ӨНІМ ӨНДІРУ ҒАНА ЕМЕС, ОДАН МОЛ ТАБЫС ТАБУ

Президент Жолдауындағы аграрлық саясаттың басымдықтары ауыл экономикасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды саласы ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің де негізгі тіректерінің бірі. Өйткені азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл халқының тұрмыс деңгейі, өңірлердің экономикалық тұрақтылығы осы саланың дамуымен тікелей байланысты. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне айрықша назар аударылуы заңды.

Мемлекет басшысы келтірген деректерге сүйенсек, өткен жылы ауыл шаруашылығы шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жеткен. Бұл – саланың әлеуеті жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Алайда өндіріс көлемінің өсуі аграрлық саланың барлық мәселесі шешілді дегенді білдірмейді.

Меніңше, бүгінгі басты міндет – ауыл шаруашылығын сандық өсімнен сапалық дамуға көшіру. Яғни қанша өнім өндіргенімізбен қатар, сол өнімнің қаншасы терең өңделіп, қаншасы дайын тауар ретінде нарыққа шығарылып жатқанын бағалауымыз керек.

Жолдауда фермерлерді ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету мәселесінің көтерілуі өте орынды. Өйткені ауыл шаруашылығында бір маусымдық несие арқылы үлкен нәтижеге жету қиын. Шаруаға техника сатып алу, мал басын көбейту, суару жүйесін жаңарту, өндіріс орнын салу үшін бірнеше жылға жоспарланған қаржы қажет. Ал қысқа мерзімді қарыз көбіне күнделікті шығынды жабудан әрі аспайды.

Сондықтан жеңілдетілген қаржыландырудың тиімділігі оның көлемімен ғана емес, шаруаның өндірістік қуатын қаншалықты арттырғанымен өлшенуге тиіс. Мемлекеттік қолдау нақты өнім беретін, жаңа жұмыс орындарын ашатын, өңдеу ісін дамытатын жобаларға бағытталғаны жөн.

Екінші маңызды мәселе – технологиялық жаңғыру. Президент отандық тракторлар мен комбайндардың сапасын арттыру, ауыл шаруашылығына жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу міндетін қойды. Бұл бастамалар уақыт талабынан туған шешімдер. Қазір әлемдік аграрлық өндірісте цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып келеді. Жердің құнарын анықтау, егістіктің жағдайын бақылау, суару мөлшерін есептеу, өнімділікті болжау сияқты жұмыстарды заманауи құралдар арқылы тиімді ұйымдастыруға болады.

Әсіресе су мәселесі ауыл шаруашылығының болашағын айқындайтын факторға айналды. Қазақстан үшін суармалы егіншілікті дамыту үлкен мүмкіндік болғанымен, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастырмай, жаңа алқаптарды игеру күткен нәтижені бермеуі мүмкін. Тамшылатып суару, жаңбырлатып суару, цифрлық есеп жүйелері әрбір шаруашылықтың күнделікті тәжірибесіне енуі қажет.

Президенттің су ресурстарын есепке алатын ұлттық ақпараттық жүйені жедел құру жөніндегі тапсырмасы да осы тұрғыдан маңызды. Су – тек ауыл шаруашылығының емес, бүкіл елдің стратегиялық ресурсы.

Аграрлық саланың тағы бір әлсіз тұсы – өнімді терең өңдеу мен сақтау жүйесінің жеткіліксіздігі. Шаруаның өсірген өнімі шикізат күйінде сатылса, қосылған құнның едәуір бөлігі басқа буындарда қалып қояды. Сондықтан сүт, ет, астық, көкөніс өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды көбейту, қойма мен тоңазытқыш инфрақұрылымын дамыту қажет. Ауылдағы шағын шаруашылықтар да ірі агрологистикалық орталықтардың қызметін пайдалана алуы керек.

Бұл жерде ауылдың әлеуетін тек егіншілікпен немесе мал шаруашылығымен шектеуге болмайды. Ауыл экономикасы өндіріс, өңдеу, тасымалдау, сауда және қызмет көрсету салалары бір-бірімен байланысқан жағдайда ғана тұрақты дамиды.

Менің ойымша, аграрлық саясаттың түпкі нәтижесі ауылда тұратын адамның өмірінен көрінуі керек. Шаруа өндірісін кеңейтіп, тұрақты табыс тапса, ауылда жұмыс орындары ашылса, жастар туған жерінде еңбек етуге мүмкіндік алса – міне, саланың шынайы жетістігі осы.

Жолдауда белгіленген міндеттерді орындау үшін мемлекет пен шаруаның жауапкершілігі қатар жүруі қажет. Мемлекет қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылымды дамытса, аграрлық кәсіп иелері еңбек өнімділігін арттырып, жаңа технологияларды игеруге ұмтылуы тиіс.

Ауыл шаруашылығының болашағы – мол өнімде ғана емес, сол өнімді тиімді өңдеп, ішкі нарықты қамтамасыз етіп, сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті тауарға айналдыра білуде. Осы мақсатқа жеткенде ғана ауыл экономикасы ел дамуының қуатты қозғаушы күшіне айналады.

Ерлан ОСМАНБЕКОВ,

«Ақсу ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы.

Мәліметпен бөлісу: