САЙЛАУАЛДЫ
БАҒДАРЛАМА
2026–2031 жылдарға арналған
Ақсу аудандық мәслихаты депутаттығына № 4 бірмандатты сайлау округі бойынша кандидат
КҮДЕРБАЕВ
Мадіби Қыдыргелдіұлы
Құрметті сайлаушылар!

Мен 1998 жылы Алматы облысы Ақсу ауданының Қаракөз ауылында дүниеге келдім. Қазіргі уақытта Жетісу облысы Ақсу ауданының Қаракөз ауылында тұрамын.
2014–2017 жылдары Ақсу политехникалық колледжінде «Электргазбен дәнекерлеуші» мамандығы бойынша білім алдым. 2017–2018 жылдары осы колледжде «Фермерлік шаруашылық» бағыты бойынша оқуымды жалғастырдым.
2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Aqsy jastary» филиалында еңбек етіп, волонтерлер қатарында қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып келемін.
Қызметім барысында аудан жастарына, соның ішінде NEET санатындағы жастарға консультациялық және түсіндіру жұмыстарын жүргіземін. Жастардың жұмыспен қамтылуына, кәсіби бағдар алуына және мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларға қатысуына қолдау көрсетемін.
Жастардың әлеуетін дамытуға, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына ықпал етуді маңызды міндетім деп санаймын. Алдағы уақытта да туған өлкемнің дамуына және жастардың игілігі жолындағы қоғамдық жұмыстарға өз үлесімді қосуды мақсат етемін.
2026–2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Негізгі бағыт – №4 сайлау округіне қарасты ауылдардың инфрақұрылымдық, әлеуметтік және экологиялық мәселелерін назарда ұстап, оларды шешу жолдарын қарастыруға атсалысу.
1. Жол және көлік инфрақұрылымы. Ауыл ішіндегі көшелердің жағдайы, жол жамылғысының сапасы, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен көлік қатынасының қолайлылығы жөніндегі мәселелерді зерделеу.
2. Ауызсу және инженерлік желілер. Ауызсумен қамту, су құбыры желілерінің жай-күйі, электрмен жабдықтау, көшелерді жарықтандыру және басқа да инженерлік инфрақұрылым мәселелерін тиісті мекемелердің назарына ұсыну.
3. Абаттандыру және қоғамдық кеңістіктер. Аулалардың, көшелердің, балалар алаңдарының, демалыс орындарының және қоғамдық аумақтардың жағдайына назар аударып, оларды күтіп ұстау мен дамытуға бағытталған бастамаларды қолдау.
4. Әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі. Мектептер, медициналық ұйымдар, мәдениет үйлері, спорт нысандары мен басқа да әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйіне қатысты тұрғындардың қажеттіліктерін зерделеу.
5. Экология және санитарлық тазалық. Қоқысты жинау мен шығару, заңсыз қоқыс орындарының алдын алу, жасыл желектерді сақтау, көгалдандыру және ауыл аумағының санитарлық жағдайына қатысты мәселелерді көтеру.
6. Қоғамдық қауіпсіздік. Көшелердің жарықтандырылуы, жаяу жүргіншілер жолдарының қауіпсіздігі, балалардың мектепке қатынау жағдайы және қоғамдық орындардың қауіпсіздігі мәселелеріне назар аудару.
Ашық диалог, ортақ мүдде, халықпен бір бағытта!
ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Туған жер – әрқайсымыз үшін қымбат мекен. Оның тарихы, дәстүрі, табиғаты мен адамдары – ортақ байлығымыз.
Ауданымыздың бүгінгі тынысы мен болашағы әрбір тұрғынның өмірімен тығыз байланысты. Сондықтан елдің дамуы туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, халықтың пікірін, қоғамның сұранысын және азаматтардың мүддесін ескеру маңызды.
Мен үшін туған жерге деген сүйіспеншілік тек сөзбен емес, жауапты азаматтық ұстаныммен, елге құрметпен және ортақ іске бейжай қарамаумен өлшенеді.
Депутаттық қызметті халықпен арадағы байланысты нығайтуға, тұрғындардың пікірін білуге және аудан өміріне қатысты мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік беретін қоғамдық қызмет деп түсінемін.
МЕНІҢ ҚАҒИДАЛАРЫМ
Туған жерге құрмет. Халықпен бірлік. Әр тұрғынның пікіріне назар аудару. Қоғам алдындағы жауапкершілік. Ортақ мүддені бағалау.
Біздің күшіміз – бірлікте, ал қоғамның тірегі – өзара сенім мен құрметте. Әр азаматтың ойы мен ұсынысы ауданымыздың қоғамдық өмірінде маңызды орын алады.
Сіздермен ашық пікір алмасуға және ел мүддесіне қатысты мәселелерді бірге талқылауға дайынмын.
Сайлауға келіңіздер! Азаматтық таңдауларыңызды жасаңыздар!
