АНА БАҚЫТЫ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Конституция – мемлекеттің құқықтық тірегі ғана емес, әрбір отбасының тыныштығы мен әрбір азаматтың ертеңіне жауап беретін басты құндылық

Әр адамның өмірінде қастерлейтін, қадір тұтатын қасиетті ұғымдары болады. Біреу үшін ол – туған жер, енді біреу үшін – ата-ана, отбасы, бала-шаға. Ал осы құндылықтардың бәрін біріктіріп, қоғамның берік негізіне айналдыратын ортақ ұғым бар. Ол – заң үстемдігі, адам құқығы мен бостандығын қорғайтын Ата Заңымыз – Конституция.

Конституция туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, оның әрбір азаматтың өміріндегі орнын ой елегінен өткіземін. Себебі заңның құдіреті оның қағазға түскен баптарымен ғана емес, адам өміріне әкелген игілігімен, қоғамға орнатқан әділдігімен өлшенеді. Әрбір баланың алаңсыз білім алуы, әрбір ананың ұрпағының болашағына сеніммен қарауы, әр отбасының бейбіт өмір сүруі – құқықтық мемлекеттің басты мұраты деп білемін.

Мен үшін Конституцияның маңызы, әсіресе, ана жүрегімен таразыланғанда тереңдей түседі. Алты баланың анасы ретінде әр перзентімнің амандығы мен келешегі – өмірімнің ең басты тілегі. Баланың құқығы қорғалған, сапалы білім алуға мүмкіндігі бар, өз қабілетін танытып, еркін дамуына жағдай жасалған қоғамда ғана ұрпақтың болашағы баянды болмақ. Сондықтан Ата Заңымызда бекітілген отбасы, ана мен баланы қорғау, білім алу, еңбек ету және адам қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттары әрбір қазақстандық үшін ерекше мәнге ие.

Ана үшін баласының қауіпсіз ортада өскенінен, ертеңіне сеніммен қарағанынан асқан бақыт жоқ. Ал сол сенімнің берік болуы тек бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігіне байланысты. Отбасы – мемлекеттің ең алғашқы тәрбие мектебі болса, сол отбасында алған тәлім мен өнеге елдің ертеңгі азаматтарының болмысын қалыптастырады. Демек, заңды құрметтеу, өзгенің құқығына қол сұқпау, әділдік пен жауапкершілікті ту етіп ұстау ең әуелі әр шаңырақтың тәрбиесінен басталуы керек.

Ата Заңымыз әр азаматтың құқығын айқындап қана қоймай, қоғам алдындағы міндетін де жүктейді. Құқық пен жауапкершілік – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Өз құқығын білетін адам өзгенің де құқығын құрметтеуі тиіс. Заңға бағыну – мәжбүрлі міндет емес, өркениетті қоғамда өмір сүрудің мәдениеті. Әділеттілік те, адамгершілік те, қоғамдық келісім де осындай ортақ жауапкершіліктен бастау алады.

Газет саласында еңбек ете жүріп, сөздің салмағын, әрбір сөйлемнің жауапкершілігін жақсы түсінемін. Корректорлық жұмыс көзге бірден көріне бермегенімен, баспасөздегі әріптің қатесіз, ойдың анық, мәтіннің сауатты болуына қызмет етеді. Кейде бір ғана тыныс белгісі сөйлемнің мағынасын өзгертетіні сияқты, қоғам өмірінде де әрбір құқықтық норманың өзіндік орны бар. Заңды білу, оны дұрыс түсіну және талаптарын сақтау – азаматтық сауаттылықтың белгісі.

Біз балаларымызға адал болуды, үлкенді сыйлауды, кішіні құрметтеуді, еңбекті бағалауды үйретеміз. Бірақ осы ізгі қасиеттердің барлығы қоғамда да салтанат құруы үшін заң мен тәртіпке құрмет қажет. Өйткені тәртіп бар жерде тұрақтылық, әділдік бар жерде сенім, ал өзара сыйластық бар жерде бірлік нығаяды.

Меніңше, Конституцияның ең үлкен құндылығы – адамды, оның өмірін, ар-намысы мен қадір-қасиетін бәрінен биік қоюында. Әрбір азамат өз елінде құқығы қорғалатынын сезінсе, әрбір ана баласының ертеңіне алаңдамай қараса, әрбір жас өз мүмкіндігін жүзеге асыруға жол ашық екенін білсе, бұл – мемлекеттің басты жетістігі.

Ана ретінде де, қоғамның бір мүшесі ретінде де айтарым: елдің ертеңі тек бүгінгі қабылданған шешімдерге емес, сол шешімдердің негізінде өсіп келе жатқан ұрпақтың тәрбиесі мен танымына байланысты. Біз балаларымызға тек жақсы өмір қалдыруды емес, жақсы қоғам қалыптастыруды да мұрат етуіміз керек. Ол үшін Ата Заңды құрметтеу, заң талаптарын сақтау, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді бағалау – бәрімізге ортақ міндет.

Өйткені берік отбасы – берекелі қоғамның, ал берекелі қоғам – қуатты мемлекеттің негізі. Ананың ақ тілегі мен баланың жарқын болашағы тоғысқан жерде елдің де еңсесі биік болады. Сондықтан Конституцияны құрметтеу – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келер ұрпақ алдындағы да азаматтық парызымыз.

Гүлім ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

газет редакциясының корректоры, алты баланың анасы, «Күміс алқа» иегері.

Мәліметпен бөлісу: