Ақсу аудандық мәслихатыдепутаттығына  № 9 бірмандатты сайлау округі бойынша кандидат Хайдаров Аслан Қайратұлы

САЙЛАУАЛДЫ
БАҒДАРЛАМА

Ақсу аудандық мәслихаты
депутаттығына  № 9 бірмандатты сайлау округі бойынша кандидат

Хайдаров Аслан

Қайратұлы

Құрметті сайлаушылар!

              Мен, Хайдаров Аслан Қайратұлы, 1990 жылғы 10 қаңтарда Алматы облысы Ақсу ауданының Жансүгіров ауылында дүниеге келдім. Қазіргі уақытта Жетісу облысы Ақсу ауданының Алтынарық ауылында тұрамын.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдадым.

Еңбек жолымды мемлекеттік қызметтен бастап, 2012–2026 жылдар аралығында Ақсу ауданының Жансүгіров ауылдық округі әкімінің аппаратында жетекші маман, бас маман қызметтерін атқардым.

Жергілікті атқарушы органдағы көп жылдық жұмысым барысында ауыл тұрғындарының түйткілді мәселелерін шешуге және округтің тыныс-тіршілігін үйлестіруге тікелей қатыстым.

Қазіргі уақытта «Болашақ» шаруа қожалығында еңбек етемін.

Ауыл шаруашылығы қызметін жүргізу, маусымдық дала жұмыстарын ұйымдастыру және ауыл шаруашылығы дақылдарын күтіп-баптау ісіне белсене атсалысамын.

Шаруашылықтың өндірістік үдерісін қамтамасыз ету және ағымдағы шаруашылық міндеттерді орындау бағытында нақты тәжірибе жинақтадым.

Жүктелген іске жоғары жауапкершілікпен қарап, еңбек тәртібі мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, ауылдың дамуына өз үлесімді қосып келемін.

Еңбек адамының мүддесін қорғауды басты міндетім деп санаймын.

Құрметпен, Хайдаров Аслан Қайратұлы

2026–2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР

1. АГРАРЛЫҚ САЛА МЕН АУЫЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ

— Шаруа қожалықтарының мемлекеттік субсидияларға, жеңілдетілген несиелерге және арзандатылған жанар-жағармайға қолжетімділігін арттыруға ықпал ету.

— Егістік алқаптарын суаруға арналған каналдар мен арық жүйелерін тазалау, жөндеу және ағын су тапшылығын болдырмау мәселелерін назарда ұстау.

— Ауыл тұрғындары үшін жайылымдық және шабындық жерлердің жеткілікті болуын, жер ресурстарының әділ әрі тиімді пайдаланылуын тиісті органдар алдында көтеру.

— Алтынарық және округке қарасты елді мекендерді сапалы орталықтандырылған ауызсумен тұрақты қамтамасыз ету жұмыстарына қолдау көрсету.

— Ауылішілік және елді мекендер арасындағы жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру жобаларының сапалы орындалуына ықпал ету.

— Ауыл жастарын агробизнеске тарту, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту және ауылдық жерде тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге қолдау көрсету.

 

2. «АУЫЛ АМАНАТЫ – ЕҢБЕК АДАМЫНА ҚОЛДАУ!»

1. Жергілікті шаруалар: егін және мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беруді күшейту.

2. Өнімді өткізу: шаруалар өндірген өнімді делдалсыз өткізуге және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыруға ықпал ету.

3. Техника паркі: шағын шаруашылықтардың лизинг арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуына қолдау көрсету.

4. Абаттандыру: ауыл көшелерін көгалдандыру, тазалықты сақтау және балалар ойын алаңдарын ретке келтіруге жәрдемдесу.

5. Ашық диалог: ауыл тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізіп, көтерілген мәселелерді мәслихат деңгейінде шешуге атсалысу.

ҰСТАНЫМЫМ: АУЫЛ ЕҢБЕККЕРІ ҚОЛДАУ ТАПСА, ЕЛДІҢ БЕРЕКЕСІ АРТАДЫ.

Әрбір бастама – туған жердің өркендеуі үшін!

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!

Ауылдың күретамыры – тынымсыз еңбек пен берекелі ауыл шаруашылығы. Егін егіп, мал өсіріп отырған шаруалардың жағдайы түзелсе, бүкіл ауылдың тұрмысы жақсарып, жастар туған жерінде тұрақтайды.

Сондықтан ауылдық округтегі басқару ісі мен шаруа қожалығындағы тәжірибемді ұштастыра отырып, ауыл еңбеккерлерінің мәселелерін көтеруге, суару жүйелері мен ауыл инфрақұрылымын жаңартуға ықпал етуге дайынмын. Әрбір ауыл тұрғынының өтініші ескерусіз қалмауы тиіс.

Мен үшін ауылды көркейту мен шаруаға қолдау білдіру – туған жер алдындағы перзенттік парыз.

Ортақ мақсатымыз – инфрақұрылымы жаңарған, шаруашылығы өркендеген Ақсу ауданын бірге дамыту.

Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!

Мәліметпен бөлісу: