2026–2031 жылдарға арналған Ақсу аудандық мәслихаты депутаттығына  №5 бірмандатты сайлау округі бойынша кандидат Қасымбеков Нұрбол Нұрбекұлы

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

2026–2031 жылдарға арналған Ақсу аудандық мәслихаты депутаттығына  №5 бірмандатты сайлау округі бойынша кандидат

Қасымбеков Нұрбол Нұрбекұлы

Құрметті сайлаушылар!

          Мен, Қасымбеков Нұрбол Нұрбекұлы, 1963 жылы 10 наурызда Алматы облысы, Ақсу ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келдім. Қазіргі уақытта Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылында тұрамын.

1985 жылы Алматы шет тілдері педагогикалық институтын «Ағылшын және неміс тілдері» мамандығы, 2001 жылы Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірдім.

Еңбек жолымды 1985 жылы Ақсу ауданының Жансүгіров ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепте неміс тілі пәні  мұғалімі  болып бастап, 1993–2025 жылдар аралығында Ақсу ауданы әкімдігінде әлеуметтік бөлімнің бас маманы, ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы, әскери дайындық, төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс мәселелері жөніндегі бас маманы, аудан әкімі аппаратының бас инспекторы, ұйымдастыру, мемлекеттік-құқықтық және кадр жұмысы бөлімінің бас инспекторы  болып жұмыс істедім.

2008–2025 жылдары аралығында Ақсу аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы,  аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы  болып қызмет атқардым.

2025 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Жанұя» отбасын қолдау орталығы директорының орынбасары  қызметін атқарып келемін.

Әлеуметтік қорғау және отбасы институтын нығайту саласында мол тәжірибе жинақтадым. Ұйымдастырушылық қабілетім мен жауапкершілігімді қызмет барысында ұштастырып, ұжым жұмысын үйлестіруге және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді әлеуметтік-психологиялық, құқықтық көмек көрсету ісіне үлес қосып келемін.

Мен үшін басты мақсат – Қаракөз, Кеңғарын, Жаңалық, Ойтоған, Үлгілі ауылдарын таза, қауіпсіз, көркейген және тұрғындарға қолайлы ауылға айналдыруға үлес қосу.

                                                                             Құрметпен, Нұрбол Нұрбекұлы

АҚСУ АУДАНЫНЫҢ ДАМУЫНА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМА

2026–2031 жылдарға арналған ұсынылатын сайлауалды бағдарлама жобасы

1. АУЫЛДАРДЫ АБАТТАНДЫРУ – ӨМІР САПАСЫН АРТТЫРУ

— Ақсу ауданының Қаракөз, Кеңғарын, Жаңалық, Ойтоған, Үлгілі елді мекендеріндегі көшелерді жөндеу, жол бойындағы жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіру және жарықтандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуге ықпал ету.

— Ауыл ішіндегі қоғамдық орындарды, саябақтар мен демалыс аймақтарын абаттандыруға, балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарын көбейтуге қолдау көрсету.

— Көшелерді көгалдандыру, ағаш отырғызу және жасыл аймақтарды күтіп ұстау жұмыстарын жандандыруға ықпал ету.

— Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын ескере отырып, абаттандыру жобаларының басым бағыттарын айқындауға жәрдемдесу.

2. САПАЛЫ АУЫЗСУ – ӘРБІР АУЫЛҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

— Ақсу ауданының Қаракөз, Кеңғарын, Жаңалық, Ойтоған, Үлгілі елді мекенінде орталықтандырылған ауызсумен тұрақты қамтамасыз ету мәселесін басты назарда ұстау, туындаған мәселелердің шешілуіне атсалысу.

— Тозығы жеткен су құбырларын жөндеу мен жаңарту жобаларын іске асыруға, су жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуіне ықпал ету.

— Ауызсудың сапасын тұрақты бақылау және сумен жабдықтауда туындаған мәселелерді жедел шешу жөніндегі жұмысты күшейту.

— Су тапшылығы сезілетін ауылдарда сумен жабдықтау инфрақұрылымын дамыту мәселесін көтеру.

— Су ресурстарын үнемді пайдалануға және су жүйелеріне жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға қолдау көрсету.

3. БІЛІМ САПАСЫ ЖӘНЕ ЖАСТАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ

— Шалғай ауылдардағы балалардың сапалы білімге тең қол жеткізуі, мектептердің қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі мәселелерін назарда ұстау.

— Жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық және кәсіптік мамандықтарға даярлауға, өндірістік тәжірибе мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге қолдау көрсету.

— Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын, инновациялық жобаларын және еріктілік қызметін дамытуға ықпал ету.

— Дарынды оқушылардың білім, ғылым, спорт және өнер салаларындағы жетістіктерін қолдау тетіктерін кеңейтуге жәрдемдесу.

— Ауыл жастарының туған жерінде тұрақтап, еңбек етуіне және кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік беретін жағдайларды жақсартуға күш салу.

4. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ӘРБІР АЗАМАТҚА ТЕҢ МҮМКІНДІК

— Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты ата-аналарға, мүгедектігі бар азаматтарға және көмекке мұқтаж тұрғындарға арналған қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға ықпал ету.

— Мүгедектігі бар азаматтар үшін қоғамдық нысандардың, әлеуметтік мекемелердің және көшелердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселесін назарда ұстау.

— Жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқытуға, қайта даярлауға және тұрақты жұмысқа орналасуға бағытталған бағдарламаларды дамытуға ықпал ету.

— Әлеуметтік көмек көрсету барысында ашықтықты, әділдікті және азаматтардың өтініштеріне уақтылы жауап берілуін қолдау.

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!

Ауданның дамуы – тек инфрақұрылымның жаңаруымен өлшенбейді. Ол – тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуы, жастардың туған жерінде болашақ құруы, шаруалардың еңбегінің ақталуы, отбасылардың баспаналы болуы және әрбір азаматтың сапалы білім мен медициналық көмекке қол жеткізуі. Сондықтан алдағы бес жылға арналған негізгі мақсат – Ақсу ауданын өмір сүруге қолайлы, кәсіпкерлікке тиімді, жастарға мүмкіндігі мол, ауылдары ажарланған өңірге айналдыруға ықпал етемін.

Бірге ауданымызды өмір сүруге, еңбек етуге және бала тәрбиелеуге қолайлы мекенге айналдыра аламыз!

МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ

Әр тұрғынға және әр ауылға әділ көзқарас. Еңбекті құрметтеу, сөз бен іске жауапкершілік. Ашықтық және халық мүддесін қорғауға дайын болу.

Сіздердің өтініштеріңізге, ұсыныстарыңыз бен ескертулеріңізге әрдайым ашықпын. Әр адамды тыңдап, толғандырған мәселелерін зерделеуге және шешілуіне қол жеткізуге дайынмын.

Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!

Мәліметпен бөлісу: