Жолдау – ауыл дамуының, ел болашағының басты бағдары

Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын зор ықыласпен тыңдап, айтылған бастамаларға ерекше назар аудардым. Себебі бұл құжатта еліміздің алдағы даму бағытымен қатар, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, экономиканы нығайтуға және ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге қатысты маңызды міндеттер айқындалған.

Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамытуға, шаруаларды қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаржыландыруға қатысты айтылған мәселелер көңілге сенім ұялатады. Өйткені ауылдың өркендеуі – ел экономикасының дамуының маңызды кепілі. Ауыл шаруашылығы тек азық-түлік өндіретін сала ғана емес, мыңдаған отбасының күнкөріс көзі, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудың негізгі тетігі.

Бұл тұрғыда Ақсу ауданының әлеуеті зор деп есептеймін. Ауданымыздың экономикасында ауыл шаруашылығының орны ерекше. Жерді тиімді пайдалану, мал және егін шаруашылығын дамыту, шаруалардың өндірістік мүмкіндіктерін арттыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысының шаруаларды ұзақ мерзімді инвестициялық қаржыландырумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы ауданымыздағы аграрлық сала өкілдеріне де үлкен мүмкіндік береді деп сенемін.

Бүгінде ауыл еңбеккерлеріне тек қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, заманауи технологияларды енгізуге, техникалық базаны жаңартуға, өнімді өңдеу мен өткізу жүйесін жетілдіруге де жағдай жасау қажет. Осындай нақты қолдау болған жағдайда ғана ауыл шаруашылығы тұрақты дамып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы арта түседі.

Меніңше, Жолдауда көтерілген міндеттер – қағаз жүзіндегі тапсырмалар ғана емес, елдің ертеңіне бағытталған маңызды қадамдар. Әрбір азамат өз саласында жауапкершілікпен еңбек етіп, ортақ іске үлес қосқанда ғана көздеген мақсаттарға қол жеткіземіз. Ақсу ауданының да ауыл шаруашылығы өркендеп, экономикасы нығайып, тұрғындарының әл-ауқаты арта беретініне сенім мол.

Ең бастысы, ауылды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау жалғасын тауып, ауыл еңбеккерлерінің еңбегі лайықты бағаланса екен деймін. Өйткені ауылдың дамуы – тұтас Қазақстанның дамуы.

Дәулет Биәділов,
«Көшербай» шаруа қожалығының төрағасы.

Мәліметпен бөлісу: