Басқасы басқа, дәл Абай Құнанбайұлы жайлы қалам тербеу қиынның қиыны. Кез – келген ақын немесе жазушы болсын Абай жайлы тереңнен толғауға шамалары келе бермейді. Себебі, Абай Құнанбайұлы шексіз тұңғиық әлем. Ашылмаған қырлары жетерлік. Жалпы Абай әлі талай зерттеу мен зерделеуді қажет ететін үлкен тақырып… Басынан бастар болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы ұлт үшін атойлап алда жүрген біраз зиялы қауымның қуанышына айналды. Әрине, руханияты сәл жүдеген ұлтымызға аталмыш тақырыпта жазылған мақала күш берері анық. Жалпы Абай адамдарды осы дүниеде игілікті еңбек етіп, өнер — ғылым тауып, өз тіршілігін оңалтып, рахат көруге насихаттайды. Халықты өнер-ғылым жолына жұмылдырады: «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба» Немесе, «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғылымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз» деп тоқтаса, енді бір өлеңінде: Дүние бір алып құрылыс, оған әрбір адам өз үлесін қосу керек деп тұжырамдайды. Мысалы: «Әсемпаз болма әр неге, Өнерпаз болсаң арқалан, Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан!» Қайрат пен ақыл жол табар Қашқанға да, қуғанға. Әділет, шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға. Бастапқы екеу соңғысыз Біте қалса қазаққа, Алдың — жалын, артың — мұз, Барар едің қай жаққа?-деп жырласа, жастарды өнер – білімге шақыру мақсатында: Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім. Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы, Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім? Адамның бір қызығы – бала деген, Баланы оқытуды жек көрмедім. Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім. Өзім де басқа шауып, төске өрледім, Қазақта қара сөзге дес бермедім. Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ, Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім.– деп жалынды жастық шақты босқа өткізбеуге шақырды. Абай өз өмірінде ақыл — парасатты дәріптеп, ғылым мен ағарту идеяларын насихаттады. Абайдың философиялық ой — пікірінің мәні осында жатыр… Мемлекет басшысының мақаласында Білім — ғылымға ұмтылу, керітартпалықтан арылу, еңбекке ұмтылу сияқты тақырыптар елге түсінікті тілде һәм жоғары деңгейде ашылған. Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басып, әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптай білуіміз қажет. Тұрақтылық пен дамуымыздың кепілі болған – татулық пен бірлікті бәрінен жоғары қойған абзал. Осындай саясат жүргізген кезде ғана барлық стратегиялық мақсаттарымызға қол жеткізіп, Қазақстанды озық дамыған мемлекеттердің қатарына қоса аламыз, – деп ойлаймыз. Негізі Абайды — ұлт ұстазы десек артық емес. Себебі, екі ғасырға жуық уақыт Абайдың ақылиялары әр адамға бағыт — бағдар бере білді. Ол жайында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мына бір өлеңін мысалға келтіруге болады. Қуат алып Абайдың тіл күшінен, Жыр жазамын Абайдың үлгісімен. Абай болып сүйсініп бір кісіге, Абай болып түңілем бір кісіден… деген бір — ақ шумақ өлеңінің өзінде – ақ атан түйеге салмақ болатын ой жатыр. Әуелі Абай туралы Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы ғалым ретінде сөз қозғаудың өзі ұзақ әңгіме. Ұлы ойшылдың шыққан тегі дәулетті отбасы болса да халқына жақын болды,
олардың дауын даулап, мұңын жоқтады. Мұны оның мына өлеңінен анық көруге болады: …Кедейдің өзі жүрер малды бағып, Отыруға отын жоқ үзбей жағып. Тоңған иін жылытып, тонын илеп, Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.
Қар жауса да тоңбайды бай баласы, Үй жылы, киіз тұтқан айналасы. Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты, Ағып жүріп ойнатар көздің жасы,– деп анық суреттеп берді. Ол Абайдың байлықтың құлы емес, адамдық пен адалдықтың тұлғасы екенінің дәлелі. Әр шығармасын оқыған сaйын, жaңa әсeр мeн ойлaр қaптaйды eріксіз тeбірeнeсің, толқисың. Aқын жүрeгін тeрбeгeн сeзімдeр, aрaғa ғaсырлaр сaлып сaғaн орaлғaндaй күй кeшeсің. Міне, бұл ақын шығармашылығының өміршеңдігінің дәлелі. Сонымен қоса Абайды суреткер ақын ретінде де айтуға әбден негіз бар. Оған «Желсіз түнде жарық ай» атты осы бір әнді мысалға келтіруге болады. Желсіз түнде жарық ай, Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың жаны — терең сай, Тасыған өзен гүрілдеп. Қалың ағаш жапырағы, Сыбырласып өзді — өзі. Көрінбей жердің топырағы, Құлпыраған жасыл жер жүзі. Тау жаңғырып, ән қосып Үрген ит пен айтаққа Келмеп пе едің жол тосып Жолығуға аулаққа? Таймаңдамай тымылжып, Бір суынып, бір ысып. Дем ала алмай дамыл қып, Елең қағып, бос шошып. Сөз айта алмай бөгеліп, Дүрсіл қағып жүрегі. Тұрмап па еді сүйеніп, Тамаққа кіріп иегі? – деп жырлаған өлеңіне қазақ даласындағы түнгі тіршіліктің суреті көз алдыңнан өткендей болатыны өтірік емес. Күз туралы өлеңі таза табиғат лирикасы десек қателеспесіміз анық. Ендеше күз туралы өлеңіне кезек берсек;
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан. Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма, Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан. Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай, Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай. Қайыршы шал — кемпірдей түсі кетіп, Жапырағынан айрылған ағаш, қурай. Біреу малма сапсиды, салып иін, Салбыраңқы тартыпты жыртық киім. Енесіне иіртіп шуда жібін, Жас қатындар жыртылған жамайды үйін. Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен, Астында ақ шомшы жүр, ол бір керуен. Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы, Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен. Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең, Көңілсіз қара суық қырда жүрсең. Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң, Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең. Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы, Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы. От жақпаған үйінің сұры қашып, Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы,– дей келе таза табиғатпен қоса ұлттың тұрмыс – тіршілігін де айқын бейнелеген. Үстіміздегі жылы Абай Құнанбайұлының
175 жылдық мерейтойының аталып өтетіні жайында төңіріктің төрт бұрышына сауын айтылып жатыр. Әрине шырайлы шығыста дайындық жұмыстары да басталып кеткен көрінеді. Бір бас қосуда Абай өмірге келген өңірдің шайыр ақыны, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлы ақын жайлы былай деген екен: — Абайды таныту бір жылдың жұмысы емес, әрине. Біз Абайды толық танып та үлгерген жоқпыз әлі. Мәселен, Абайды қазір «хакім Абай» деп жүрміз. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер, Абайды алғаш рет «хакім» деп атаған Мағжан Жұмабаев болатын. Одан бері қарай Ғарифолла Есім ағамыз еңбектерінде қосып жүр. Бірақ ендігі мақсат Абайды тек қана хакім деп емес, хакімдіктен әрі қарай да жоғары кеткен адам екендігін, дана екендігін дәлелдеуге күш салынуы қажет. Ал ол үшін не керек? Абайтануға бағытталған зерттеулер жүйелі түрде жүргізілуі қажет деп айтар едім. Яғни, Абай егер хакімдіктен жоғары болатын болса, онда оны осы биігінен танытуымыз қажет. Ол ешқандай да асырып айтқандық емес. Мысалы, менің
өзім ширек ғасыр бойы Абаймен жүйелі түрде айналысып, зерттеп келе жатқан адаммын. Абай әлемі – тұңғиық әлем, тазалық әлемі. Сондықтан да осындай батыл ойға келдім. Біз бүгінде Абайды қалай зерттеп жүрміз? Абай феноменінің сырын Шығыс пен Батыс әдебиетінің ықпалынан, әсерінен іздейміз. Бірақ бұл – өте жалқы, таяз түсінік. Сонда қазақтың ықылым заманнан келе жатқан тегі қайда қалды? Ал сол ұлттық тектің тамырында сұрапыл дүниетаным жатыр емес пе? Осыны ұмытпауымыз керек. Міне, Абайды осы өлшемге сай танысақ, сонда адаспаймыз,-деп дөп басып айтқан. Менің қалам тербегенім ешқандайда ғылыми жұмыс емес жай ғана ой толғау. Әр пенденің көкірегіндегі сөнген жалынды тұтандыратын хам санасына салмақты ой салатын Абай жаққан жалғыз сәуле сөнбесе екен деген ғана ой. Иә, қазақтың ғұламасына айланған ақынды биыл тойланатын 175 жылдық мерейтойында ғана еске алмай, әр уақытта өнеге тұтуымыз керек деген тұжырым айтқым келеді. Ендеше, толық адам болу үшін Абай атамыздың «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінің өзі жеткілікті сияқтанады. Ендеше, сол өлеңмен менде айтар ойымды түйіндейін. Ғылым таппай мақтанба, Құмарланып шаттанба, Ойнап босқа күлуге. Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз. Тілеуің, өмірің алдыңда, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ — Бес дұшпаның, білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой Бес асыл іс, көнсеңіз. Жамандық көрсең нәфрәтлі, Суытып көңіл тыйсаңыз. Жақсылық көрсең ғибрәтлі, Оны ойға жисаңыз. Ғалым болмай немене, Балалықты қисаңыз? Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз, Сізге ғылым кім берер, Жанбай жатып сөнсеңіз? Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз. Білгендердің сөзіне Махаббатпен ерсеңіз. Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз. Ақсақал айтты, бай айтты, Кім болса, мейлі, сол айтты Ақылменен жеңсеңіз. Надандарға бой берме, Шын сөзбенен өлсеңіз. Аят, хадис емес қой, Күпір болдың демес қой, Қанша қарсы келсеңіз. Көп орында көріне айтпа, Біздің сөзге ерсеңіз. Мұны жазған кісінің Атын білме, сөзін біл! Осы жалған дүниеден Шешен де өткен не бұлбұл, Көсем де өткен не дүлдүл. Сөз мәнісін білсеңіз, Ақыл — мизан, өлшеу қыл. Егер қисық көрінсе, Мейлің таста, мейлің күл. Егер түзу көрінсе, Ойлап-ойлап, құлаққа іл. Ақымақ көп, ақылды аз, Деме көптің сөзі пұл. Жақынның сөзі тәтті деп, Жақыным айтты дей көрме. Надандықпен кім айтса, Ондай түпсіз сөзге.ерме. Сізге айтамын, хаупім — бұл. Өзің үшін үйренсең, Жамандықтан жиренсең, Ашыларсың жылма-жыл. Біреу үшін үйренсең, Біреу білмес, сен білсең, Білгеніңнің бәрі — тұл. Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма. Шын сөз қайсы біле алмай, Әр нәрседен құр қалма. Мұны жазған білген құл Ғұламаһи Дауани, Солай депті ол шыншыл. Сөзін оқы және ойла, Тез үйреніп, тез жойма, Жас уақытта көңіл — гүл.
Кенжебек ӘКІМБЕК.