
Жетісу облысында жыл басынан бері 17,9 миллиард теңге бюджет қаражаты тексерілді.
Биылғы жылдың 9 айында өңірде 48 аудиторлық тексеру өтті. Елеулі жайт – бұл тексерулердің жартысынан астамы тұрғындар мен кәсіпкерлердің арыз-шағымдары негізінде ұйымдастырылған.
Жалпы сомасы 9,8 миллиард теңгенің заңбұзушылығы анықталды. Оның басым бөлігі – құжаттама мен рәсімдерді дұрыс сақтамау болса, қалғаны – қаржыны заңсыз жұмсау. Аудиторлардың араласуымен қазынадан негізсіз кеткен жүздеген миллион теңге бюджетке қайтарылып, бухгалтерлік есептер ретке келтірілді.
Сонымен бірге Департамент мемлекеттік сатып алу порталындағы мыңдаған лоттарды онлайн бақылап, заңсыз тендерлердің алдын алды. Ал азаматтардан түскен 500-ден астам өтініш сапалы әрі мерзімінде қаралды.
