Талғардағы тойдың сарқыты

Биыл ауданымыздың аңыз адамына айналған, Ақсу, Талғар аудандарының және Алматы облысының «Құрметті азаматы», ең қиын кезеңде ауданымыздың тарап кетпеуінде септігін тигізген білікті басшы, жерлесіміз Қалимолда Байболов ағамыз 70 жасқа толады. «Қазақстан дәуірі» газетінің биылғы №1 санында жарияланған Нағашыбай Қабылбектің «Жыл айырығындағы талас — тартыс» айдарымен жарияланған мақаласында «Демократия дәуірінде кім не деймін десе де ерікті! Кімді мақтаймын, кімді даттаймын десе де құқылы.

Бірақ, тұлғалардың шыққан биігін емес, ұлтқа жасаған сыйы мен сыйлығын, беделі мен бергенін, қиындығы мен көргенін ар — сотына тартқан дұрыс — ау! Әйтпесе қарға боп қарқылдап та, қарақұстай жалпылдап та қыран қонар тұғырға көтерілгендер бұл қазақта аз емес…» депті. Иә беделі мен бергені, қиындығы мен көргені ел ауызында аңыз болған жерлесіміз Тоқан ағамызды қалай мақтасақ та жарасымды. Иә, Нұртілеу ағамыз айтпақшы «Талғардың Қалимолдасы, Ақсудың Тоқаны Алматыдағы ауыл шаруашылық институтының техника саласында оқыған студент кезінде де, одан кейін механик, инженер, директор, тіпті аудан әкімі болған жылдары да спорттан қол үзген емес. Талдықорған қаласының, кейін облыстың спорт құрама командасында ойыншы болды. Қазақстанның түкпір — түкпірінде өткен жарыстарға қатысып, баскетбол жарысында үнемі ерекше көріне білді. Облыстың үш дүркін, қаланың төрт дүркін чемпионы атанып, республикалық жарыстарда бірінші үштіктерде жүреді. Жақында Талғар қаласында дәстүрлі түрде Алматы облысының, Талғар, Ақсу аудандарының «Құрметті азаматы», Еңбек және спорт ардагері, Алматы облысының Ұлттық баскетбол федерациясының вице — президенті Қалимолда Байболовтың жүлдесіне арналған Баскетболдан жасөспірімдер мен қыздар арасындағы жарыстың шымылдығы 16 — рет ашылып, сол салтанатты шараға Ақсу ауданынан бір топ жерлестері арнайы барып, қатынасып қайттық.

Жарыстан бір күн бұрын Орал Сердалықызы, Айнакез Сатыбалдықызы және мен сияқты Тоқан ағамыздың жерлесі, Есеболатов ауылдық округінің әкімі Берік Нұрахметов төртеуміз Алматыдағы Еркенов Болат ағамыздың шаңырағында қонақта болып, дастарханынан дәм таттық. Алма жеңгеміз жылы жүзбен қарсы алып, сый — сияпатпен шығарып салды. Ертеңінде Болат ағаның көлік жүргізушісімен Талғарға тойға аттандық. Ашылу салтанатында алғашқы сөзді Талғар ауданының әкімі Жолан Ыбырайымақынұлына беріліп, көпшілікті, жарысқа қатысушыларды, қонақтарды және той иесін мерекемен құттықтады. Сонымен бірге, бұл жарыстың құрметті қонағы ретінде Қалимолда Байболұлын құттықтап, мемлекет және қоғам қайраткері Нүсіпжан Нұрманбетұлы, Алматы облысының «Құрметті азаматы», медицина саласының ардагері Мұхтар Алимұлы, Іле ауданының «Құрметті азаматы», Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев, Талғар политехникалық колледжінің директоры Райхан Нұрмұрзақызы, біздің ауданымыздан аудан әкімінің орынбасары Амандос Ақышұлы, Қалимолда ағамызбен қызметтес болған Ақсу – Сарқан аудандарының Құрметті азаматы Орал Сердалықызы, Сәбит Бейсебекұлы, жерлесі, Діңгек ауылының тумасы, белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлы және тағы басқа мемлекет және қоғам қайраткерлері, ауданымыздың белді азаматтары құттықтау сөз сөйледі. Мен арнау өлеңімді оқыдым. Шара барысында Тоқан ағамыздың өзіне сөз кезегі келіп, құрметтеп келген әріптестері, достарына алғысын білдіріп

бірқатар жора — жолдастарына шапан жапты. Талғар ауданының әкімі Жолан Ыбырайымақынұлына облыстық баскетбол федерациясының атынан ауыспалы кубок табыс етсе, дәл осы күні жарық дүние есігін ашқан туған күн иелері Ақсу ауданынан кезінде өзі тәрбиелеп әкім етіп, бүгінде зейнеткерлікке шығып отырған әріптесі Айнакез Сатыбалдықызы мен Талғар мәдениет үйінің басшысы Бөгенбаева Фарида Мамырбекқызын туған күндерімен құттықтауды да ұмытпады.  Аталмыш жарысқа облыс аудандарынан 9 команда (Қапшағай, Еңбекшіқазақ, Іле, Жамбыл аудандары, Талғар ауданынан — 4 команда және Алматы қаласы) командалары қатысып, 9 команда ұлдар, 7 команда қыздар додаға түсті. Орта есеппен 120 — ға жуық адам тартылыпты. Жарыстың ашылу салтанатынан кейін Тоқан ағамыз 10 минуттық стридбол ойынын ойнап, жарысқа қатысушы жасөспірімдерге үлгі көрсетті.

Сонымен командалар өзара жереби арқылы бөлініп, жарыс та басталып кетті. Ойын басталғаннан соң келген қонақтар Талғар қаласының орталығындағы «Бақыт сарайы» атты мейрамханада арнайы дайындалған той дастарханына бет бұрды. Дастархан басында да керемет тілектер айтылып, белгілі әншілер ән шырқап, тойдың сәнін кіргізді. Осы жерде ерекше атап өтетін тілек қара сөздің, сара сөздің майталманы, белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлының ықыласы болды десем артық емес – ау. Нұртілеу ағамыз алыстан орағытып әкеліп, руға бөліну, елге бөліну дұрыс емес, бәріміз бір қазақпыз дей келе Ұлы жүздің халқы Орта жүздің жігітін жылы жүзбен қарсы алып, төбелеріне көтеруі соның бір дәлелі деп қорытындылады. Бүгінгі күні Қалимолда Байболұлы Талғар қаласында тұрақтап аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Зейнеткерлікке шықса да спорт саласында баскетбол спорт түрінен шәкірттер жаттықтырудан қол үзбеген – Ардақты Ұстаз дейді талғарлықтар да. Сөйтіп, Жетісу өңірінде жарты ғасырға жуық ерен еңбегімен дараланып, 70 жастың шыңына шықсада еңбектен еңсесін әлі алшақтатпаған ардагер Қалимолда атамыздың мерейтойы осылайша тартысты додамен дүрілдеп өтті. Екі күнге созылған жарыс жоғарғы деңгейде өтіп, Марапаттау рәсімі 18 қаңтар күні өткізілді. Нәтижесінде ұлдар арасында І орынды Талғар ауданы, ІІ орынды Қапшағай қаласы, жүлделі ІІІ орынды Еңбекшіқазақ ауданының қол доп шеберлері иеленді. Қыздар арасында І орынды Алматы қаласының қыздары басымдықпен жеңіп алса, ІІ орынды алаң иелері талғарлықтар, ІІІ орынды Қапшағай қаласының қыздар командасы қанжығаларына байлады. Сонымен қатар «Үздік ойыншы» номинациясымен қапшағайлық Никита Каспирович пен алматылық ойыншы Кристина Ускова марапатталды. «Үздік шабуылшы» атағы Қапшағай қаласынан Владислав Исаенко мен талғарлық Н.Рахмановаға бұйырды. Осындай үздіктер қатарында Еңбекшіқазақтан Амир Багащаров, Алматыдан Айбиби Журсин, талғарлық Рауан Жолмырзаев пен Роман Нелюбин және Замира Зафарова, сондай – ақ, Қапшағай қаласынан Карина Керимовалар да бар. Осындай үлкен ағаларымыздың жасқа қарамай спортпен әлі де шұғылдануы бүгінгі жастарға үлкен үлгі — өнеге. Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты – сондықтан да, осындай денсаулығы мықты ағаларымыздың жолын бәрімізге берсін.

Ербол СЫМХАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: