
Қазіргі таңда халықты жұмыспен қамту, жұмыссыз азаматтарға қолдау көрсету және олардың тұрақты табыс табуына жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта елімізде жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтуға және еңбек нарығындағы белсенділігін арттыруға бағытталған түрлі мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Соның бірі – субсидияланатын жұмыс орындары.
Субсидияланатын жұмыс орындары жұмыссыз азаматтарға еңбек тәжірибесін жинақтауға, кәсіби дағдыларын дамытуға және болашақта тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Бұл шаралар жұмыс берушілерге де қолдау көрсетіп, азаматтарды жұмыспен қамтуға ықпал етеді.
Субсидияланатын жұмыс орындарының негізгі түрлері
Жұмыспен қамту шаралары аясында азаматтарға бірнеше бағыт бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылады. Олардың қатарында әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, «Күміс жас» жобасы және өзге де қолдау шаралары бар.
Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыз азаматтардың уақытша жұмыспен қамтылуына және еңбек дағдыларын қалыптастыруына жағдай жасайды. Бұл бағытта жұмыс берушінің шығындарының бір бөлігі белгіленген тәртіппен субсидияланады.
Қоғамдық жұмыстар жұмыссыз азаматтарды уақытша жұмыспен қамтуға, қоғамдық маңызы бар жұмыстарды орындауға және табыс табуға мүмкіндік береді.
«Күміс жас» жобасы аға буын өкілдерінің еңбек нарығындағы белсенділігін сақтауға, олардың тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін пайдалануға бағытталған.
Жастар практикасы оқу орындарының түлектеріне алған мамандығы бойынша алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға көмектеседі.
Алдағы қаржы жылына субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға жұмыс берушілерден өтінімдерді қабылдау жыл сайын 20 желтоқсаннан бастап 31 желтоқсанға дейінгі аралықта жүзеге асырылады. Ағымдағы қаржы жылына субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға жұмыс берушілерден өтінімдерді қабылдау 1 ақпаннан бастап 30 қыркүйекке дейінгі аралықта жүзеге асырылады.
Басты мақсат – тұрақты жұмыспен қамту
Субсидияланатын жұмыс орындарының негізгі мақсаты тек уақытша жұмыспен қамту емес, азаматтардың еңбек нарығында өз орнын табуына көмектесу болып табылады. Уақытша жұмысқа орналасқан азаматтар өз қабілеттерін көрсетіп, тәжірибе жинақтау арқылы тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыра алады.
Осы орайда Мансап орталығы жұмыс іздеуші азаматтарға мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат беріп, олардың өтініштеріне сәйкес жұмысқа орналасу бағытында көмек көрсетеді. Сонымен қатар жұмыс берушілермен бірлесе отырып, бос жұмыс орындарын ұсыну және азаматтарды еңбекке тарту бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Жұмыс іздеп жүрген азаматтар аудандық мансап орталығына жүгініп, өздеріне қолайлы жұмыспен қамту шаралары туралы толық ақпарат ала алады.
Ақсу ауданы мансап орталығы филиалының директоры Б.Курмангалиева
