«Ұстаз жүрегінен – ұрпақ жүрегіне»: Қаратал ауданында ұстаздар ұлықталды


Қаратал ауданында Мұғалімдер күніне орай «Ұстаз жүрегінен – ұрпақ жүрегіне» атты салтанатты мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік шараға ауданның білім беру саласында еңбек етіп жүрген педагогтер, сондай-ақ саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздар қатысты.
Іс-шара барысында Қаратал ауданының әкімі білім саласының үздік өкілдерін марапаттап, ұстаздардың жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі еңбегіне ризашылығын білдірді. Ұстаз – білім беріп қана қоймай, әр баланың бойындағы қабілетті ашып, оның тұлға ретінде қалыптасуына жол көрсететін маңызды мамандық иесі.
Салтанатты кеште ұстаздарға арналған мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылып, ән мен жыр арқылы білім саласы қызметкерлеріне жылы лебіздер мен ізгі тілектер арналды.
Мерекелік шара аясында ұстаздарға деген құрмет пен алғысты білдіруге бағытталған «Рақмет, саған, ұстазым!» атты сырттай байқау да ұйымдастырылды. Байқау барысында шәкірттер, әріптестер мен ата-аналар өз ұстаздарына жүрекжарды тілектерін хат арқылы жеткізді. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, арнайы марапаттарға ие болды.
Айта кетейік, ұстаз еңбегін ұлықтау – қоғамның білім мен тәрбиеге деген құрметінің көрінісі. Ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, ел болашағын қалыптастыруға үлес қосып жүрген педагогтердің еңбегі әрдайым жоғары бағалауға лайық

Мәліметпен бөлісу: