«Таза Қазақстан» – ортақ іске айналған бастама

Қоршаған ортаның тазалығы – кез келген елді мекеннің көркі ғана емес, халықтың тұрмыс мәдениетінің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Осыны негізге алған «Таза Қазақстан» бастамасы бүгінде еліміздің барлық өңірінде нақты істермен жалғасын тауып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясының мәнін кеңінен түсіндіре отырып, оның жай ғана тазалық шарасы емес екенін атап көрсеткен. Президенттің айтуынша, «Таза Қазақстан» – «шынайы отаншылдықтың көрінісі».
Бұл ұстаным аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардан да көрініс табуда.
Аудан аумағында күзгі маусымдық тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар қолға алынуда. Көшелер мен қоғамдық орындар тазаланып, бей-берекет қоқыс орындары ретке келтірілуде. Ағаштар әктеліп, жасыл желектер күтіліп, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Әсіресе елді мекендердегі сенбіліктердің маңызы ерекше. Мұндай шаралар тек белгілі бір аумақты тазалаумен шектелмей, тұрғындарды ортақ іске жұмылдырады. Бірге еңбек ету арқылы адамдар өздері тұратын ауылдың немесе көшенің тазалығына бейжай қарамауды үйренеді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде тазалықтың адамның санасынан басталуы керектігіне ерекше мән берген.
Демек, ең маңызды нәтиже – жиналған қоқыстың көлемі ғана емес, тұрғындардың тазалыққа деген көзқарасының өзгеруі.
Бүгінде аудан тұрғындары арасында да туған жерді таза ұстауға деген жауапкершілік артып келеді. Мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, қоғамдық ұйымдар, жастар мен еріктілер бірлесе атсалысып, елді мекендерді абаттандыруға үлес қосуда.
Тазалықты сақтау – тек коммуналдық қызметтің немесе жергілікті атқарушы органдардың міндеті емес. Бұл – баршаға ортақ іс.
Әр тұрғын өз ауласына, әр ұжым өз аумағына жауапкершілікпен қараса, ауданның санитарлық жағдайы да, сыртқы келбеті де жақсара түседі. Сондықтан «Таза Қазақстан» – бүгінгі тазалық жұмысы ғана емес, келешек ұрпаққа қалдырар мәдениетіміз бен тәртібіміздің негізі.

Гүлім Жұмағалиқызы.

Мәліметпен бөлісу: