Тазалық – елдік мәдениеттің өлшемі


Туған жердің тазалығы мен көркеюі – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының негізгі мақсаты да – қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, тазалық пен тәртіпті күнделікті өмір салтына айналдыру.
Президент: «Таза Қазақстан» – бұл жай ғана бір реттік науқан немесе ұран емес, бұл халқымыздың саналы таңдауы және ұлт болмысына озық өзгерістер әкелетін бірегей жоба. Өркениеттілік пен ілгерілеудің ластыққа немесе селқостыққа ешқандай қатысы жоқ,– деп атап өткен болатын. Бұл сөздің астарында үлкен мән бар. Себебі тазалықты тек сенбілікпен немесе белгілі бір науқанмен шектеуге болмайды. Ол әр адамның өз ауласынан, өз көшесінен, өз елді мекеніне деген жауапкершілігінен басталады.
Осы бағытта ауданда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Елді мекендердің көшелері мен қоғамдық орындары тазартылып, арық — атыздар ретке келтіріліп, аулалар мен әлеуметтік нысандардың айналасы абаттандырылуда. Қоқыстар шығарылып, жасыл желектерге күтім жасалып, санитарлық тазалықты сақтау бойынша жұмыстар тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Аудан тұрғындарының да бұл бастамаға деген белсенділігі артып келеді. Сенбіліктерге мекеме қызметкерлері ғана емес, жастар, ардагерлер, еріктілер мен ауыл тұрғындары қатысып, туған жердің тазалығына өз үлестерін қосуда.
Мемлекет басшысы «Тазалық әр үйден басталуы керек. Сонда ғана «Таза Қазақстан» боламыз» деген еді. Бұл – баршаға ортақ қарапайым, бірақ аса маңызды қағида.
Шын мәнінде, тазалық – тек сыртқы көрініс емес. Ол адамның мәдениетін, елге деген құрметін көрсетеді. Таза көше, жинақы аула, көрікті ауыл – тұрғындардың өмір сүру сапасына да оң әсер етеді.
Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау – бір күндік міндет емес, тұрақты әдетке айналуы тиіс. Ауданның ажары артып, елді мекендеріміз көркейе түсуі үшін әр азамат өз үлесін қосқанда ғана ортақ нәтижеге қол жеткіземіз.
Туған жерді таза ұстау – туған елді құрметтеудің бір көрінісі.

Ләззат ҚАСЫМБЕКОВА,
«Ақсу өңірі» ЖШС – нің директор – бас редакторы.

Мәліметпен бөлісу: