
Отбасы күніне орай Н.Есеболатов ауылдық мәдениет үйінде «Бесік – отбасы берекесінің бастауы» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, отбасы тәрбиесінің маңызын насихаттаған тағылымды шараны мәдениет үйінің қызметкерлері «Ақ әжелер» тобы және үйірме қатысушыларымен бірлесіп ұйымдастырды.
Қазақ халқы үшін бесік – ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауы, отбасы жылуы мен ұлттық тәрбиенің бастауын білдіретін қасиетті мұра. Бесіктегі сәбидің алғашқы үні ана әлдиімен тербеліп, әже батасы мен ата өнегесіне ұласады. Сондықтан бесік – бір ғана отбасының емес, тұтас ұлттың тәрбиелік құндылығын бойына жинаған қастерлі ұғым.
Әдеби-сазды кеш барысында отбасының берекесі мен бірлігі, ата-анаға құрмет, бала тәрбиесі, үлкен мен кіші арасындағы ізгі қарым-қатынас және ұрпақтар сабақтастығы туралы тағылымды ойлар ортаға салынды.
Шара барысында «Ақ әжелер» тобы мен өнерпаздар ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін ән-жырлар орындап, көркем көріністер ұсынды. Әсіресе бесіктің қасиетін, ана мейірімі мен әже тәрбиесін арқау еткен өнер туындылары көрермен көңілінен шықты.
Кештің негізгі өзегі – берекелі отбасы қалыптастырудың негізі ұлттық тәрбие мен өзара сыйластықтан басталатынын көрсету болды.
Отбасы – қоғамның берік тірегі. Ал бесік – сол шаңырақтағы тәрбиенің алғашқы баспалдағы. Бесігі тербелген әр шаңырақтың ырысы артып, ұрпағы өнегелі болсын!
