«Жүз жауһар – жүз кітап»: кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды

20 тамыз күні Ақсу аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен Қапал ауылдық кітапханасында кітап оқуды насихаттауға бағытталған тағылымды шара өтті. Іс-шара «Ауыл кітапханаларына – 100 кітап» жобасы аясында және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқуға ұсынған кітаптарын көпшілікке таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.

Шара барысында оқырмандар назарына «Жүз жауһар – жүз кітап» атты кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеге қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы шығармалары, оқырманның таным көкжиегін кеңейтіп, рухани дамуына ықпал ететін құнды туындылар қойылды.

Кітап көрмесінің басты мақсаты – тұрғындар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, көркем әдебиетке деген қызығушылықты арттыру, ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқуға ұсынған жеті кітаптың мазмұны мен маңызын оқырмандарға кеңінен таныстыруға ерекше мән берілді.

Іс-шараға Қапал ауылдық кітапханасының тұрақты оқырмандары, жергілікті мекеме қызметкерлері және кітап сүйер қауым қатысты. Қатысушыларға көрмеге қойылған әдебиеттер таныстырылып, әр кітаптың мазмұны, тақырыбы мен оқырманға берер тағылымы жөнінде ақпарат берілді.

Шара барысында кітапхананың қоғамдағы рухани-ағартушылық рөліне де назар аударылды. Кітапхана – тек кітап сақталатын орын ғана емес, тұрғындардың білімін толықтырып, ой-өрісін кеңейтетін, мәдени орта қалыптастыратын маңызды қоғамдық кеңістік. Осы бағытта ұйымдастырылып отырған кітап көрмелері оқырмандарды жаңа шығармаларды оқуға ынталандырып, кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Қатысушылар өздерін қызықтырған кітаптармен танысып, алдағы уақытта оқуға қажетті әдебиеттерді таңдау мүмкіндігіне ие болды. Әсіресе, Мемлекет басшысы ұсынған кітаптарға деген қызығушылық жоғары болды.

Кітап оқу – адамның рухани әлемін байытып қана қоймай, оның ойлау қабілетін, дүниетанымын және білім көкжиегін кеңейтетін маңызды құрал. Сондықтан осындай мазмұнды шараларды тұрақты түрде өткізу – оқырман мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолдарының бірі.

«Жүз жауһар – жүз кітап» көрмесі де осы игі мақсатты көздеп, кітаптың қоғамдағы маңызын арттыруға, оқырманды сапалы әдебиетпен жақындастыруға бағытталды.

Мәліметпен бөлісу: