ҚҰҚЫҚ ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Қазақ халқы ертеден-ақ ел басқару ісіне, әділдікке және ортақ жауапкершілікке ерекше мән берген. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген даналық сөздің астарында заңның үстемдігі мен әділдіктің бәрінен биік тұратыны жатыр. Бүгінгі Құрылтай депутаттарының сайлауы да осы ұстанымдарға негізделеді.
Әрбір азаматтың сайлауға қатысуы – оның заңмен кепілдік берілген конституциялық құқығы. Бұл құқық адамның қоғам өміріне араласуына, елдің қоғамдық-саяси дамуына өз көзқарасын білдіруіне мүмкіндік береді. Сайлауға қатысу – тек мүмкіндік емес, ел тағдырына деген жанашырлықтың да белгісі.
Алайда кез келген құқық белгілі бір жауапкершілікпен қатар жүреді. Сондықтан сайлаушы өз құқығын пайдалана отырып, заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпті құрметтеуге және сайлау процесінің қалыпты өтуіне ықпал етуге міндетті. Бұл – құқықтық мәдениеттің ажырамас бөлігі.
Сайлау кезінде әр азамат өз таңдауын ешкімнің ықпалынсыз еркін жасайды. Дауыс беру құпиясы заңмен қорғалады. Ешбір адам басқа азаматтың таңдауына қысым көрсетуге немесе оның еркін шектеуге құқылы емес. Осы қағидалардың сақталуы әділ сайлаудың берік негізін қалыптастырады.
Сонымен бірге әрбір азамат сайлауға қатысты ресми ақпараттарды басшылыққа алып, тек заң талаптарына сәйкес әрекет еткені жөн. Ақпараттық мәдениет пен құқықтық сауаттылық қазіргі қоғамда ерекше маңызға ие. Себебі дұрыс ақпарат – дұрыс шешімнің бастауы.
Қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сенім әр азаматтың заңға деген құрметінен басталады. Сайлауға белсенді әрі жауапкершілікпен қатысу – тек бүгінгі күннің емес, келер ұрпақтың да болашағына қосылған үлес.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы: «Халыққа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген еді. Бұл ой бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Азаматтық ұстаным, жауапкершілік және заңға құрмет – қоғамның кемелдігін айқындайтын қасиеттер.
Сондықтан Құрылтай депутаттарының сайлауы кезінде әрбір азамат өз құқығын толық пайдаланып қана қоймай, өз міндеттерін де адал орындауға ұмтылғаны жөн. Өйткені құқық пен жауапкершілік қатар жүрген жерде ғана әділдік салтанат құрады, ал әділдік бар жерде қоғамның болашағы берік болады.

Мәліметпен бөлісу: