ӘР КЕЗЕҢ – ЖАУАПКЕРШІЛІК БАСПАЛДАҒЫ

Қазақ халқы «Істің басы – ниет, соңы – береке» дейді. Расында да, кез келген маңызды істің нәтижесі оның қалай басталып, қалай ұйымдастырылғанына байланысты. Бұл қағида мемлекеттік маңызы бар саяси науқандарға да толық қатысты. Құрылтай депутаттарының сайлауы – бір күндік шара емес, ол бірнеше кезеңнен тұратын, заңмен реттелетін әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі процесс.
Көпшілік сайлау десе ең алдымен дауыс беру күнін елестетеді. Алайда сайлау процесі оған дейін басталып, дауыс беру аяқталғаннан кейін де заң талаптарына сәйкес өз жалғасын табады. Сондықтан сайлаудың әр кезеңі өзара тығыз байланысты және олардың әрқайсысы сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне қызмет етеді.
Алғашқы кезеңде ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі. Сайлау комиссиялары құрылып, сайлау учаскелерінің дайындық деңгейі тексеріледі. Қажетті құжаттар әзірленіп, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері шешіледі. Бұл – бүкіл сайлау науқанының берік іргетасын қалайтын кезең.
Келесі кезеңде кандидаттарды ұсыну және тіркеу рәсімдері жүзеге асырылады. Бұл жұмыстардың барлығы заңда белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі. Осылайша сайлау процесіне қатысушылар үшін тең құқықтық жағдай қалыптасады.
Бұдан кейін сайлауалды кезең басталады. Осы уақытта сайлаушылар қажетті ақпаратпен танысып, сайлау процесінің ерекшеліктері туралы мәлімет алады. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және сайлауға саналы қатысуына бағытталады.
Ең жауапты кезең – дауыс беру күні. Бұл күні әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, таңдауын еркін білдіреді. Дауыс беру аяқталғаннан кейін сайлау комиссиялары белгіленген тәртіппен бюллетеньдерді санап, нәтижелерді хаттамаларға енгізеді. Барлық рәсімдер заң талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Әр кезеңнің белгіленген тәртіппен орындалуы сайлау нәтижесінің заңдылығы мен қоғам сенімінің кепілі болып саналады. Сондықтан сайлау процесінің кезеңдері бір-бірінен бөлек емес, өзара сабақтас жүйе ретінде қарастырылады.
Халқымыздың «Тәртіп бар жерде – тірлік бар» деген даналық сөзі бар. Сайлау процесіндегі тәртіп пен заңдылықтың сақталуы – елдегі қоғамдық келісімнің, тұрақтылықтың және өзара сенімнің маңызды негіздерінің бірі.

Мәліметпен бөлісу: