
Жетісуда асыл тұқымды малдың үлесін арттырып, өңірдегі мал шаруашылығын жаңа деңгейге шығару көзделіп отыр. Бұл үшін шаруашылықтарға «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламалары бойынша жеңілдетілген қаржыландыру ұсынылады.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыстағы ауыл шаруашылығы жануарларының жалпы саны 7,9%-ға өсіп, 2,9 млн басқа жетті. Дегенмен, асыл тұқымды мал басының үлесі әлі де төмен қалып отыр: ірі қара мал арасында – 11,4%, ал ұсақ мал арасында – 10,7%.
Бұл мәселені шешу жолдарының бірі – шетелден асыл тұқымды мал сатып алу. Аграрлық несие корпорациясы, «Береке» банкі және «Даму» қорымен бірлесіп жүзеге асырылатын арнайы несиелік бағдарламаларға қатысуға өңірдегі 28 шаруашылық ниет білдіріп үлгерді.
Алғашқы ірі жобалар қазірдің өзінде қаралуда. Атап айтсақ, «Алтын Қаратал» ЖШС «Игілік» бағдарламасы аясында Ирландиядан 200 бас етті бағыттағы ірі қара малды сатып алу үшін 330 млн теңгеге өтінім берді. Тағы бір жоба – Дания мен Германиядан 300 бас сүтті бағыттағы мал сатып алу үшін 470 млн теңге тартуды жоспарлап отырған «Бай-Сам-Агро» ЖШС.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін жылдық 6%-бен несие алу мүмкіндігі бар. «Игілік» бағдарламасы 7 жылға дейінгі мерзімге шетелден 100-ден 500 басқа дейін асыл тұқымды ірі қара мал немесе 500-ден 1 000 басқа дейін ұсақ мал сатып алуды қаржыландыруды көздейді.
Ірі шаруашылықтар үшін 5 млрд теңгеге дейін қаржыландыру лимиті бар «Береке» бағдарламасы жұмыс істейді. Ал «Жайлау» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер ірі қара малды өсіруді дамытуға 350 млн теңгеге дейін және ұсақ мал үшін 200 млн теңгеге дейін несиені 10 жылға дейінгі мерзімге, 24 айға дейінгі жеңілдік кезеңімен ала алады.
h
