
Елімізде мектеп жасындағы балаларды оқумен толық қамту және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Шара 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында жалғасады.
Бүгінде өңірде қолдауға мұқтаж 16 750 баланың тізімі жасақталып, акцияны ұйымдастыру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы аталған бастама аясында 16 656 балаға жалпы сомасы 214 013 558 теңгеге материалдық көмек көрсетілген болатын.
Халықты ақпараттандыру мақсатында елді мекендерде арнайы билборд, баннерлер мен жарнамалық плакаттар орнатылып, барлық білім беру мекемелерінің әлеуметтік желілерінде белсенді насихат жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, аудандық және қалалық әкімдіктердің ұйытқы болуымен орталық сауда орындарында мектеп тауарларын төмендетілген бағамен ұсынатын қайырымдылық жәрмеңкелері өтуде. Ал сабақты дәлелсіз себептермен босататын, қараусыз қалған балаларды анықтау бағытында «Түнгі қаладағы балалар» және «Жасөспірім» сияқты арнайы рейдтер ұйымдастырылып жатыр.
h
